Қоғам • 25 Сәуір, 2021

Денсаулыққа қауіпті демпинг

360 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Демпинг – экономика тілінде нарықта бәсекелестен басым түсу үшін тауарды немесе қызметтерді қасақана төмен бағамен сату дегенді білдіреді.

Денсаулыққа қауіпті демпинг
 

Мұны мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу барысында осы қитұрқы амалдың құрбаны болған қостанайлық кәсіпкерлер арқылы білдік.

Биыл Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік сатып алу кезінде демпингке дәнігіп алған бір күндік фирмаларға ұтылып қалған кәсіпорындар жиі шағым түсіре бастаған. Бизнес өкілдерінің сөзінше, көбіне өздері ұтылған фирмалардың мемлекет тапсырысын орындайтын не құралы, не жұмысшысы, не тәжірибесі жоқ болып шығады екен.

Мысалы, таяуда ғана Лисаков қаласындағы тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру үшін жарияланған конкурсты қиянда жатқан Алматы облысының кәсіпкері ұтып алған. Өз қызметін арзан бағаға пұлдаған бұл кәсіпкер осы салаға талай жылдан бері төселген жергілікті кәсіпорынның алдын орап кеткен. Алайда тапсырысты ұтып алған соң, «жеңімпаз» өз мойнына жүктелген міндетті орындауды өз бәсекелесіне ұсынады. Бәсекелесі құны арзан қызметтен бас тартқан. Соның салдарынан әлгі жеке кәсіпкер мемлекет сеніп тапсырған жұмысты атқаруға қабілетсіз деп танылып, келісімшарт талаптарын орындай алмағаны үшін тапсырыстан шеттетілді. Кәсіпкерлер палатасындағы мамандардың айтуынша, қайта бұл – дер кезінде анықталған келеңсіздік. Бұғандейін өзі ұтып алған мемлекеттік сатып алу тапсырыстарын орындау үшін біліксіз жұмысшыларды жалдаған немесе сапасыз тауарлар сатып алған кәсіпкерлер де кездескен.

Мемлекеттік сатып алу барысында демпингтің кесірінен бәсекелесіне есе жіберген ірі кәсіпорынның бірі – Рудный қаласындағы «МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлестігі. Ірікәсіпорын бес жылдан бері халықаралық стандарттарға сай сапалы дезинфекция және антисептик құралдарын өндіріп келеді. Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қазақстанның үздік тауары» байқауында топ жарып, «Өндірістік мақсаттағыең үздік тауар өндіруші» деген құрметті атаққа ие болған кәсіпорын пандемия басталғалы еліміздегі көптеген емдеу мекемесін микроб жойғыш сабындармен, сондай-ақ теріні және медициналық құрал-жабдықтарды зарарсыздандыратын химиялық өнімдермен қамтамасыз ете бастаған.

Кәсіпорын басшыларының айтуынша, мемлекеттік сатып алу кезіндегі демпинг тапсырыстың орындалу сапасына тікелей әсеретеді. Мысалы, «МедиДез» серіктестігі конкурстан ұтылып қалған соң, Алматы қаласындағы кардиология орталығына 450 литр заңсыз өнім келіп түскен. Жалған антисептиктің адам денсаулығына қауіпті екені анықталып, оның құрамынан метанол табылған. Ең масқарасы, сарапшылар қауіпті антисептиктің құрамынан бір тамшы спирт таба алмай, мұның зарарсыздандырғыш күші жоқ деген қорытынды шығарған.

Бұл мәселе таяуда ғана облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесінде талқыланды. «МедиДез» ҒӨБ» серіктестігінің басшысы Әлия Қайрақбаеваның айтуынша, дәрігерлер қырағылық танытпағанда, Алматыдағы жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға әкеліп соғуы әбден мүмкін екен.

Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші, жүрекке ота жасалып жатыр делік.

Хирург құрамында метанол бар сұйықтықпен қолын тазалайды. Бұлнағыз у ғой және олешбір бактерияны өлтірмейді. Жаман айтпай, жақсы жоқ, дәл осындай келеңсіздік орын алса, пациенттің жағдайы не болмақ? Хирургтің тағдыры ше? Мұны ойлаудың өзі қорқынышты. Абырой болғанда, заңсыз антисептиктен күмәнданған аурухана басшылығы қауіптің бетін дер кезінде қайтарып, бізге хабарласты. Осының бәрі конкурсқа қатысқан бәзбір кәсіпкердің сатып алу бағасын түсіріп жібергенінің кесірінен болып отыр. Ол кәсіпкер антисептикті бізден сатып алмақ болған. Алайда біз ұсынған бағаны қымбатсынып, сатып алудан бас тартқан. Ақыры күмәнді антисептикті сатып алып, жағдайдан шығудың жолын тапқан, деді «МедиДез» серіктестігінің директоры.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбеновтің пікірінше, алдағы уақытта адам денсаулығына қатысты мемлекеттік сатып алу конкурстары барысында қатысушыларға қосымша талаптар енгізілуі керек. Қазіргі жағдайда мұндай конкурстарды кез келген кәсіпкер ұтып ала алатынына көз жетіп отыр. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Денсаулыққа қатысты сатып алу кезінде тапсырыстан үміткер кәсіпорынның тауар өндірушінің ресми дилері екенін растайтын арнайы құжаты болуы керек. Бұл талап міндетті түрде, мүмкіндігінше, таяу арада енгізілуі тиіс.  

Жиынға қатысушылар қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесі сапаға емес, баға қағидатына орайластырылғандықтан, әділетсіз бәсекеге жолашатын мүмкіндіктер жиі туындап отыр деген ортақ ұйғарымға келді.

Еуро одақ құрамындағы барлық елде мемлекет қатысатын келісімшарттардың дені қызметтің, иә тауардың бағасына қарай емес, МЕАТ – Most Economic Advantageous Tenderer қағидаты бойынша жасалады. Яғни мұнда мейлінше экономикалық тиімді кәсіпорынға басымдық беріледі. Мұндай жағдайда конкурсты арзан баға ұсынған кәсіпкер емес, өз қызметінің немесе тауарының бағасы мен соған лайық сапалық қабілетін дәлелдеп, жоғары ұпай жинаған кәсіпорынның ұтып алуына мүмкіндік мол, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ренат Давлетпаев.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік сатып алу саласындағы тағы бір күрмеулі мәселе сөз болды. Нақты айтқанда, тапсырыс берушілер кәсіпкерлердің үстінен негізсіз талап арыз жазып, ешбір себепсіз сотқа жиі шағымданады. Мысалы, статистикалық мәлімет бойынша, 2021 жылдың бірінші тоқсанында ғана сот мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді ықтиярсыз деп танып, тапсырысты орындау құқығынан айыру туралы талап арыздарының 52%-ын заңсыз деп таныған. Көп жағдайда шенеуніктер өздеріне сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылмау үшін осындай сот шешімдерін кепілдік тұтады екен.

Қостанай облысы кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Владимир Шакун: «Мұндай тығырықтан шығу үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссия құруды ойластыру керек. Бұл комиссияның шешімі кәсіпорынды негізсіз сотқа сүйреу фактілерін азайтады» деді.

Соңғы жаңалықтар