Жалпы, экспорт 9 пайызға, ақшаға шаққанда 892,6 млн долларға өссе, импорт 1,7 пайызға – 2,1 млрд долларға қысқарған. Одақ елдерінің ішінде Ресеймен арадағы тауар айналымы ең жоғары көрсеткішке ие: 2,7 млрд доллар. Одан кейінгі орында 112,4 млн доллар тауар айналымы көрсеткішімен Беларусь тұр. Қазақстанның Беларусь елімен сауда-саттығы былтырмен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Тиісінше, Қырғызстанмен арадағы тауар айналымы 109,8 млн, Армениямен тауар айналымы 2,3 млн долларды құрайды.
Экспорттың да басым бөлігі Ресейге жөнелтіледі: 795,9 млн доллар. 2020 жылмен салыстырғанда 10,7 пайыз өсім байқалады. Ал импорт 1,9 млрд долларды құрайды. Бұл ретте 2020 жылдың қаңтар-ақпанымен салыстырғанда импорт көлемі 2,3 пайызға азайған. Беларусьқа экспорт 15,1 млн долларды құраса, Қырғызстанға жіберілген өнім көлемі 80,3 млн доллар мөлшерінде. Қазақстаннан Арменияға 1,3 млн доллардың өнімі жеткізілген.
Қазақстан Одақ елдеріне негізінен темір рудасы мен прокатты экспорттаса, бұл елдерден автокөлік, табиғи газ, темір және болат шыбықтары импортталған. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Ресейде ашылған Қазақстанның сауда өкілдігі бизнес-келісімшарттарды жолға қойып, отандық өнімді тасымалдауға, сатуға көмектеседі.
– Өткен жылы тауар айналымының жалпы құлдырауына қарамастан, Ресейге агроөнеркәсіп өнімдерінің үлкен желісінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік туды. Негізгі өсім қазақстандық жеткізушілер мен ресейлік сауда желілерінің «тоғысуына» байланысты. Ресейдің ірі желілеріне тек 85 265 тонна көкөніс пен жеміс жеткізілді. Дәл осы агроөнеркәсіптік кешен өнімі сауда желілерінің сұранысындағы импортталатын өнімнің барлық көлемінің 70 пайызын құрайтынын нақтылаймын. Мен өз тауарларын Ресейге экспорттауға мүдделі барлық қазақстандық тауар өндірушілерді біздің Мәскеу немесе Қазан қалаларындағы сауда өкілдігі бөлімшесімен байланысуға шақырамын, – дейді министр.
Соңғы уақытта ЕАЭО аясындағы Қазақстанның рөлі туралы жиі сөз болып жүр. Халқының көптігі және экономикалық әлеуетінің беріктігіне байланысты Одақтағы Ресейдің үлес салмағы бәрінен жоғары болып тұрғаны белгілі. Бұған орай Б.Сұлтанов өз пікірін айтады.
– Заманауи халықаралық экономикада жекелеген елдердің нарығы үшін емес, жекелеген өңірлік сауда бірлестіктерінің нарығы үшін белсенді күрес жүріп жатыр. Мен осы салада әлеуетті инвесторлармен жиі кездесемін. Олардың көбі өз бизнесінің табыстылығын Қазақстан нарығына байланыстырып емес, Ресейге тауар экспорттау тұрғысынан қарастырып бағалайды. Кез келген интеграциялық бірлестікте экономикалық лидердің болатыны сөзсіз. Экономикалық қуаты төмен ел өз әлеуетін өзінен де мықты серіктестер есебінен көтеруге мүмкіндік алады. Мәселен, Еуропалық Одақта 27 мемлекет бар. Әрқайсысының экономикалық деңгейі әртүрлі. Өзара сауданың басым бөлігі ЕО лидері – Германияға тиесілі. Бүкіл Шығыс Еуропа соған ұмтылады. Бірлескен жобалар, кооперация, білім деңгейін арттыру, адамдар мен капиталдың еркін айналымы арқылы тәжірибе жинап, деңгей арттыруға талпынады, – деп түсіндірді министр.