Медицина • 27 Сәуір, 2021

Отандық QazVac вакцинасын егу басталды

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 26 сәуірден бастап ресми түрде отандық QazCovid-in (QazVac) вакцинасын халыққа егу басталды. Осылайша, Қазақстан әлемде Сovid-19 індетіне қарсы өз вакцинасын әзірлеп, өндіріске шығарған саусақпен санарлық елдердің санатына қосылды.

Отандық QazVac вакцинасын егу басталды

Коллаждарды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емханада алғашқылардың бірі болып QazVac вакцинасын салдырды. Ол қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында 50 мың доза көлемінде өндірілгенін және өңірлер бойынша таратылып жатқанын хабарлады.

«Біз әлемде вакцина өндірісін іске қосқан он елдің және вакцинаны шығарудың толық циклін – әзірлеуден бастап қолдануға дейін игерген бес елдің қатарына кіреміз. Бұл – үлкен жетістік. Қарағандылық фармацевтика зауыты вакциналардың негізгі партияларын қосымша өндіреді, нарықты толтырады, бұл азаматтардың заманауи препараттарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді», деді А.Цой.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес QazCovid-in вакцинасын Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Qaz-Covid-In – өлі вирустан жасалған вакцина. Бұл бұлшықет ішіне 0,5 мл/дозасы енгізіледі. Құрамында SARS-CoV-2 тазартылған инактивирленген тұтас вирионды штамы бар. QazCovid-іn «Қазақстан, ковид, инактивацияланған» дегенді білдіреді. Бұл химиялық реагентпен «өлтірілген» 2019-Ncov вирусына негізделіп жасалған. Вакцинадан кейінгі асқынулар жеңіл өтеді әрі дене қызуы жоғарыламайды. Сондай-ақ Спутник V вакцинасы сияқты екі компонентті және 21 күндік интервалмен салынады. Отандық вакцинаның бір артықшылығы – сақтау шарттары. Егер Спутник V вакцинасы тоңазытқышта 18 градус температурада сақталса, QazVac вакцинасы 2-8 градус температурада сақталады. Бұл препаратты өндірушіден тұтынушыларға жеткізу логистикасын жеңілдетеді.

Клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңіне 18-65 жас аралығындағы 44 ерікті, екінші кезеңге 200 адам, үшінші кезеңге 3 мың адам қатысты. Қазақстан дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реестріне өзінің ковидке қарсы вакцинасын тіркеді.

QazVac вакцинасын клиникалық зерттеудің I-II фазасының нәтижелері бойынша есептер және III фазасының аралық есебі оның қауіпсіздігін растайды. Ұсынылған есептер негізінде, Үкіметтің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 850 қаулысымен бекітілген COVID-19-ға қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес вакцина медициналық қолдануға жіберіледі. QazVac уақытша тіркеу куәлігі 2020 жылдың 31 желтоқсанында берілген. Қазақстандық вакцинаны сынаудың үшінші кезеңі Хаттамада көзделген зерттеу субъектілерінің 50% белгісінен өтті және оны осы жылдың 25 маусымында аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін QAZVAC тиімділігін толық бағалау жүргізіледі.

Вакциналардың клиникалық зерт­теу­лері, соның ішінде III фазада, бүкіл әлемде жалғасуда. Сонымен Ресей Спутник V зерттеулерін 2021 жыл­дың мамыр айының басында аяқтау­ды жоспарлап отыр, ал әлемдегі көпте­ген фармацевтикалық компания өз зерт­теулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды.

Қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды медициналық қолдануға жедел жіберу туралы шешімдер әлемнің көптеген реттеуші органдарында қабылданады. Бұл ретте вакциналарды қолдануға рұқсат етудің қысқа мерзіміне қарамастан, олардың сапасы мен қауіпсіздігін тексеру мұқият және барлық талапты сақтай отырып жүргізіледі.

Бүгінде QazVac вакцинасының 50 мың дозасы өңірлерге таратылды: 6 мың дозадан Нұр-Сұлтан мен Алматы, 4 мың дозадан Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыс­тары, 2 мың дозадан қалған өңірлер алды. Мамыр айында тағы 50 мың доза шығарылады деп күтілуде. Болашақта препарат өндірісі кезең-кезеңмен айына 500 мың дозаға дейін артады.