Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте кезекті селекторлық кеңес болып өтті. Онда “бір терезе” қағидаты бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмысы және 2010 жылғы “Жол картасын” іс жүзіне асыру мәселелері қаралды.
“Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық қызмет көрсету комитетінің халыққа қызмет көрсету орталықтары мемлекеттік мекемелерін жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беру туралы” 2010 жылғы 15 қаңтардағы Үкімет қаулысынан кейін елімізде жұмыс істеп тұрған барлық ХҚКО-лар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілген болатын. Селекторлық кеңесте баяндама жасаған Әділет министрі Рашид Түсіпбеков қазір ХҚКО-ларға қызмет көрсету мәселелері бойынша әдістемелік және құқықтық көмек көрсету шаралары ғана министрлікке жүктелгенін атап көрсетті.
Өңірлердегі ХҚКО-лардың жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заңға сәйкес ағымдағы жылы облыстық бюджеттерге жалпы көлемі 7 миллиард теңгеден астам мақсатты трансферттер бөлінген. Кеңес барысында облыс әкімдіктерінің ХҚКО-лардың санын көбейту бағытында атқарып жатқан оң істері атап көрсетілді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген кезде олардың саны 316 болса, бүгінде олардың саны 335-ке жеткен. Селекторлық кеңесте ХҚКО-лардың жұмысындағы жергілікті жерлерде тұрғындарға жедел де сапалы қызмет көрсетуде орын алған проблемалар жан-жақты тілге тиек етілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарыс жылдарында өзінің тиімділігін көрсеткен “Жол картасы” бағдарламасының шараларын 2010 жылы да жалғастыру туралы шешім қабылданған болатын. Осыған байланысты 2010 жылғы “Жол картасына” республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге қаржы бөлінді. Жергілікті бюджеттер қосымша 43,4 млрд. теңге қаржы бөлу мәселесін қарастырып отыр. Маңғыстау облысы жергілікті бюджеттен тағы да 1 млрд. теңге қарастыру мүмкіндігін тапты. 2010 жылғы “Жол картасы” бағыттары бойынша барлығы 3224 жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобалар ауқымында атқарылатын жөндеу жұмыстарына 127,6 мың адам жұмысқа тартылмақ.
Өткен жылдың соңында еліміздегі жұмыссыздар саны 532 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құраса, осы жылдың бірінші тоқсанының соңында жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызға дейін төмендеген. 2010 жылғы әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі бағдарламалары шеңберінде шамамен 53 мың уақытша жұмыс орнын ашуға 6,3 млрд. теңге қаржы көзделген. Бұл бағыттағы кешенді шаралар өңірлерде биылғы жылдың басында-ақ қолға алынған. 6512 жұмыс берушімен 20424 жұмыс орындарын ашу туралы келісім-шарт жасалды. Қазірдің өзінде әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі бағдарламалары бойынша халықтың нысаналы топтары қатарынан 17,7 мың адам жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 4,5 мың адам халықтың аз қамтамасыз етілген топтарының арасынан құралды.
Селекторлық кеңесті Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша орын алған проблемаларды шешуге тиісті органдарға бір ай мерзім беретінін ескертті. Маусым айының басында бүгінгі күн тәртібінде қаралған мәселелерді қайтадан Үкімет отырысында талқылау туралы тапсырма берді. Елбасының тікелей тапсырмасымен биыл біз “Жол картасы” бағдарламасын одан әрі жалғастырудамыз, бұл – халқымыздың жағдайын жақсартудан туындаған игі шешім. Сондықтан осы мақсатқа бөлінген бюджет қаржысының барынша тиімді жұмсалуын қадағалауды тапсырамын, – деді Премьер-Министр.
Сонымен бірге К.Мәсімов көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысына көмек көрсету мақсатында әрбір облыс 50 миллион теңге қаржы аударуы қажеттігін атап көрсетті. Өткен аптада, деді одан әрі Үкімет басшысы, Қырғыз Республикасы уақытша үкіметінің өкілдері гуманитарлық көмек сұрап келгенін білесіздер. Елбасының тапсырмасымен бауырлас Қырғыз еліне гуманитарлық көмек ретінде 3 мың тонна жанар-жағармай беру ұйғарылды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.