Руханият • 28 Сәуір, 2021

Ескерткіш – елдіктің белгісі

728 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Өткенсіз бүгін жоқ, бүгін­сіз болашақ жоқ» деген ұла­ғатты сөзді ұран еткен жетісулық ағайын тарихта ізі қалған тұлғаларға тағзым етуді қасиетті парыз санайды. Әсіресе, жау­гершілік заманда елге пана болып, жер қорғаған батыр бабалардың атын дәріптеп, ерлігін ұрпаққа үлгі ету жолында бірқатар іс атқарылуда.

Ескерткіш – елдіктің белгісі

Фото авторы: Максим Золотухин

Мысалға, былтыр Ақсу ауданында Бөрібай батырдың ес­керткіші ашылған болатын. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тарихқа тағзым мен рухани сананы жаң­ғырту жолындағы іске ақсулық ағайын жұмыла кірісіп, елге қорған болған батырдың 5 метр­ден асатын мүсінін қоладан құй­ғызып тұрғызған еді.

Ел ішінде бастау алған бұл игілікті шара биыл Сарқан ауданында жалғасын таппақ. Алдағы күндері аудан орталығында қа­зақ даласын жаудан азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен Ал­дияр батырдың ескерткіші бой көтермек. Бүгінде ескерткіштің эскиздік нұсқасы облыстық мә­дениет басқармасының көр­кем­­дік кеңесінде мақұлданып, қоладан құюға тапсырыс берілді. Жалпы, Алдияр батыр туралы жазба деректер тарихшы ғалым Мұхаметжан Тынышбаевтың еңбектерінде аталады. Алдияр Елкеұлы шамамен 1641-1712 жылдары өмір сүрген. Батыр жас кезінде қырғыз еліне барып қырғыз манабы Саруд­тың қарамағында қызмет ат­қарып, бас батыр атағына ие болған. Қоқандықтармен, шүр­шіттермен, жоңғарлармен бол­ған талай шайқастарды басынан өткізіп, қырғыз әскерінің бас батыры атанады. Батырдың атағы ел-елге тарап, даңқы арт­қан. Қазақ ханы Салқам Жәң­гір Бұқар жырауды қырғыз еліне жіберіп Алдияр батырды елге шақыртып алғандығы жөнінде деректер бар екен.

– Ол кезде Қазақ жеріне ентелеп тұрған жаулар көп еді. Жәңгір хан қайтыс болып, орнына таққа отырған Тәуке хан елге оралған Алдиярды бас батыр сайлайды. ХVII ғасырдың екінші жартысында, XVIII ғасырдың басында қазақ еліне салмақ түскен ең ауыр кезеңде Алдияр батыр қазақ-қалмақ, қазақ-қоқан, қазақ-шүршіт шайқастарының бел ортасында жүрді. Батырдың 10 ұлы да осы соғысқа қатысып ерлігімен көзге түскен. Ал­дияр батыр Шыршық өзені жа­ғасында жоңғармен соғыста ерлікпен қаза тауып, қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы қасиетті Төлегетай баба, Қылыш­ты қожа қорымына жерленген. Жалпы, ел ұранына айналған баһадүрге Сарқан қаласында ес­керт­кіш тұрғызу, есімін ұрпақтар жадында қал­дыру мақсатында қоғамдық қор құрылып, алыс-жақындағы ұрпақтары жұ­ды­рықтай жұ­мылуда. Бұл өт­кенге құрмет қана емес, келешек үшін тағзым етер тарихи тәбәрік болмақ, – дейді ақын, Қазақстанның Құрметті жур­налисі Жомарт Игіман.

Айтпақшы, биыл Алматы облысында 5 тарихи маңызы бар ескерткіш жаңадан ашыл­мақ. Олардың қатарында Сар­қан ауданында бой кө­те­ретін Алдияр батырдың тас­тұғырдағы мүсіні де бар. Жал­пы, жыл басынан бері тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық ко­­­миссиясының қарауына 12 жұмыс тапсырылған екен. Оның ішінен 5 ұсыныс мақұлданып, республикалық комиссия отырысына жіберілген.