Пікір • 28 Сәуір, 2021

Қазақ детективін қашан оқимыз?

1365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Детектив деп аталатын, шым-шыты­рық оқиғалар желісіне құрылған әдебиет­тің ерекше жанрының дүниеге келуі Эдгар Аллан По есімімен тікелей байланыс­ты екені көпшілікке мәлім. Осыдан 160 жыл бұрын әйгілі қаламгердің «Морг көше­сіндегі өлім» шығармасы детективтің ба­ғын ашып, уақыт өте келе Артур Конан Дойль, Агата Кристи, Джеймс Хедли Чейз, Уил­ки Коллинз, Чарльз Диккенс секілді талант­ты жазушылар оны одан әрі дамыта түсті.

Қазақ детективін қашан оқимыз?

Детектив жазу тәсілі Эдгар По заманынан бері аса қатты өзгеріске ұшырай да қойған жоқ. Бас кейіпкері де ағаштың қисық біткен бұтағындай қоғамнан оқшауланып, оқиғаға қатысты адамдарды сыртынан бақылап, іс-әрекеттерін ой елегінен өткізіп, қылмыскерді жаңылмай тауып, құрықтап жатады. Бір қызығы сюжеттері ұқсас болып келетініне қарамастан, детективке деген оқырман сұранысы бір сәтке де толастамапты. Эдгар Поның Огюст Дюпенінен бас­талып, Шерлок Холмс пен Доктор Ватсон, Эркюль Пуаро, Мисс Марпл, Комиссар Мегрэ, Ниро Вульфтармен жалғасқан із кесушілердің образдары миллиондаған оқырманның жүрегін жаулап алып, детектив әлемдегі ең көп пайда әкелетін бизнеске айналды. Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл детектив жазудан жүйкесі тозып, оқырмандардың сүйікті кейіпкеріне айналған Шерлок Холмсты ақыры өлтіріп тынғанда халық наразы болып көшеге шықты. Амалы құрыған қаламгердің Холмсты қайта тірілтіп алудан басқа амалы қалмады.

Әлемнің ең ұлы суреткерлері Сервантес, Бальзак, Моппасан, Флобер мен Толстой романдары да дәл детектив туындыларындай сұранысқа ие болған емес. Агата Кристи тек қана Эркюль Пуароның бағын ашқан 33 романнан бөлек, 55 әңгіме жазды. Дедуктивті әдістің негізін қалаған Артур Конан-Дойлды басқа жанрға жолатқызбай қойған Шерлок Холмс туралы хикаяларда есеп жоқ. Тұмсығын тықпайтын жері қалмаған мисс Марпл 12 роман мен 20 әңгіменің кейіпкері болса, Жорж Сименон комиссарға арналған 76 роман мен отызға тарта әңгіме жазды. Мегрэ осылайша жазушы ғұмырының 41 жылын бір өзі еркін жайлап төстеген екен.

Жалпы, детективті бір ұлттың қанжыға­сына байлап қою орынсыз болғанымен, қазақ детективіне келгенде не айтарымызды білмей дағдарып қалатынымыз жасырын емес. Неге біздің әдебиетімізде осы жанрдың бесаспап мамандары тумай жатыр? Әлде, детектив біздің ұлттық табиғатымызбен үйлес­пейтін жанр ма?

Осыған орай, жалғыз түйесін жоғалтқан кедейдің алдынан жолыққан жолаушылармен болған әңгімесі есіме түсіп отыр. Көзімен көріп, қолымен ұстамаса да жо­ғалған түйенің бір көзі соқыр, аяғы ақ­сақ, құйрығы шолағын жазбай тану нағыз детективке тән тәсіл емес пе? Немесе, тіпті, Ер­төстіктің елге қайтып келе жатып, Сор­құ­дықтың басына сорға бола қонуынан келген қиындықтар баяндалып, қиялға ерік беретін ертегідегі баяндалатын әңгімелерде детектив жанрының желісі жатқан жоқ па? Ықылым заманның қоржынында қалып қойған ертегі-аңыздарымызды түрлендіріп, өзгеше дем беріп, жаңа қырымен жарқ еткізіп шығаруға неге болмасқа? Жазушылар Одағының жыл сайын өтетін жиындарында неге қазақ детек­тиві туралы бір ауыз сөз айтылмайды?

Детектив дегенде Қалмұқан Исабаевтың «Ажал құрсауында», «Коменданттың жазбалары», Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» хикаяттары сияқты санаулы туындылар ғана жадымызға оралады.

Өкінішке қарай, бұл жанрды классикалық дәрежеге жеткізген талантты жазушы Кемел Тоқаевтан кейін, оны дамытуға әдебиетіміз құлықсыз болып қалып, тәуелсіздік жылдарында халық біржола шетел детективін оқуға құныға кірісіп кетті. Бір кездері Ке­мел ағамыздың «Сарғабанда болған оқиға» кітабындағы шығармалардың өз заманы­ның бестселлері болғанын, жұртты қызық­қа батырған кітапты кезекке тұрып оқығаны­мызға қазір ешкімді сендіре алмайсың.

Былтыр Ресей мемлекеті «Орыс детек­тиві» деген байқау жариялады, мақсаты – әдебиет және кино қызметкерлерін детектив жанрын дамытуға итермелеу, әдеби қауым­дастық арасындағы оның мәртебесін арттыру, оған оқырмандар мен қоғам назарын аудару. Ал Қазақстанда мұндай бастамалар қашан қолға алынады? Әлде, біздің елімізде детектив жанры әдебиет есігінен сығалай алмай, әлі де талай жыл далада тұра бере ме?

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ