Бақтияр Мәкен атап өткендей, бүгінгі таңда қалада күн сайын орта есеппен 300-600 КВИ жағдайы тіркеледі. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың шілдесінде бұл цифр 180-200 болатын. Эпидемиялық жағдайды бағалау бойынша Нұр-Сұлтан бір айдан астам уақыт «қызыл аймақта» тұр.
«Вакциналау – індеттің алдын алудың басты шарасы. Сол себепті оны қолданудың пайдасы ықтимал қауіптерден едәуір асып түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде КВИ-мен күрестегі жалғыз сенімді шешім вакцина екенін айтты. Бұл локдаундардан шығу стратегиясын алдын ала ойластырған елдердің мысалымен дәлелденді. Қазір олардың экономикасы мен азаматтардың күнделікті өмірі пандемиялық қиындықтарды сезінбейді. Қазіргі уақытта халықты вакциналау коронавирус инфекциясымен күрестегі маңызды кезең болып саналады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін біз 650 мыңнан астам адамды немесе қала халқының 60%-ын вакциналауымыз керек. Бүгінде елордада 100 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін, ал 16 мыңнан астамы вакцинаның екі компонентін алды», деп атап өтті әкім орынбасары.
Сонымен қатар Б.Мәкен медицина қызметкерлерінің коронавируспен күресте өз денсаулығын қатерге тігіп, науқастарды емдеп шығару жолында атқарып жатқан еңбегін айрықша атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Көпбейінді медициналық орталық» ШЖҚ МКК директорының орынбасары Сәуле Атығаева 15 ай бойы коронавирус госпиталінде жұмыс істеп келеді.
«Біз бірнеше мың науқасты емдедік, өкінішке қарай қайтыс болғандар қатары да аз емес. Сол сияқты әріптестерімізден де, туыстарымыздан да, таныстарымыздан да айырылдық. Сәуір айында індеттің айтарлықтай өскенін байқап отырмыз. Осы жылдың қаңтар айымен салыстырсақ, коронавирус үш-төрт есе, өлім-жітім бес есе өсті. Қаңтар айында 22 адам қайтыс болса, сәуірде 104 адамға жетті. Қайтыс болған туыстарының мәйітін алуға келген кісілердің қайғысын көру – біз үшін өте ауыр. «Вакцина неге ертерек пайда болған жоқ», «ата-анамызға неге вакцина салдырмадық, қазір оларды жерлеудің орнына бір дастарқан басында отырар едік» деген сөздерді жиі естиміз», деді С.Атығаева.
Індеттің алдын алудың жалғыз, жеңіл, қолжетімді жолы – вакциналау. Вакцина бөліп шығаратын антиденелер қауіпті вируспен бетпе-бет кездескенде аурудың жеңіл өтуіне ықпал етеді.
«Ең дұрысы вакцина қабылдап, иммунитетті арттыру. Бұл сөзімді 30 жылға жуық тәжірибесі бар жұқпалы аурулар дәрігері ретінде айтып отырмын. Мен дифтерияның өршуін 1994-1995 жылдары көрдім, ол кезде қайтыс болған туыстарымызды жерледік. Ол кезеңді де вакцина арқылы жеңіп шықтық. Біз қызылшаның өршігенін де көрдік, әсіресе балаларға вакцина болмаған жылдары үлкен қиындыққа тап болдық. Сол себепті жағдайды толықтай салыстыра аламын», деді медициналық орталық директорының орынбасары.
Әріптесінің айтқанын қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепке де қолдады. Аталған орталық 2020 жылы КВИ пациенттерін қабылдаған алғашқы клиника болды.
«Індеттің басында ең бірінші болып науқастарды қабылдадық. Науқастарды емдейтін жалғыз мекеме боламыз деп ойлаған едік. Бірақ өткен жылы жағдай мүлдем басқа бағытта өрбіді. Ауруханадағы орын қорына үлкен жүктеме түсті, ауыр жағдайдағы науқастар да өте көп. Өткен жылдың жазы медицина қызметкерлері үшін, жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін ең қиын кезең болды. Бүгінгі таңда ауру одан да көп. Бірақ инфекцияға қарсы вакцинаның шығуы үлкен көмегін тигізбек. Вакциналау бізге тығырықтан шығатын үміт сыйлады. Түптеп келгенде бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, адам өмірін сақтап қалатынына сенімдімін», деп атап өтті А.Цепке.
Қоғам қайраткері, дәрігер Надежда Петухова елдегі эпидемиялық жағдайдың ушыққанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір елде коронавирус ауруы 2020 жылдың шілдесіне қарағанда үш есе көп.
«Бүгінде жансақтау бөлімдерінде ауыр жағдайдағы науқастар көп. Біз бұл індеттің бұрын зерттелмеген, белгісіз және жаңа түрі екенін білеміз. Қазақстанның өз халқын вакциналауға мүмкіндігі бар екені қуантады. Кейбір елдерде адамдар митингілерге шығып, наразылық білдіруде, өйткені олардың вакцина алуға мүмкіндігі жоқ. Вакцина коронавирустан қорғанудың жалғыз сенімді, қауіпсіз және тиімді әдісі екенін естен шығармайық», деді Н.Петухова.
Өз кезегінде «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин қазақстандықтар қабылдайтын вакциналардың қауіпсіздігі мен жоғары тиімділігін алға тартты.
«Біз Мәскеудегі профессор Гинцбург басқаратын Н.Ф.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығына бардық. Екі күн ішінде бізге Спутник V вакцинасының бүкіл тізбегі мен даму механизмі көрсетілді. Бұл вакцина сонау кеңес дәуірінен жасалған ең сәтті әзірлемелердің бірі екеніне көз жеткіздік. Біз коронавирустың қандай қауіпті ауру екенін жақсы білеміз. Бүгінде вакцинаның баламасы жоқ», деп атап өтті А.Байгенжин.