Пандемия ауыртпалығының біршама жұмсаруы және вакциналаудың қарқынды жүруі экономиканың дамуына серпін бермек. «Азияның даму болжамы» (OPA) 2021» жыл сайынғы экономикалық жарияланымда 2021 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,2 пайыз деңгейінде болады делінеді. ІЖӨ-нің мұндай деңгейде болуына көптеген қызметтің қайтадан жұмысын бастауы және шикізат тауарлар өндірісі мен бағасының қайта қалпына келуі әсер етпек. Банк 2022 жылы көмірсутек өндірісі мен инвестиция көлемінің артуы экономиканың 3,5 пайыз деңгейінде өсуіне ықпал етеді деп болжайды.
– Ғылыми-зерттеулер мен өнертабыстарға инвестицияны көбейту, қаржы жүйесін, әсіресе капитал нарығын нығайту, сондай-ақ білім саласына мемлекеттік шығындарды ұлғайту инновацияның алға жылжуына түрткі болмақ. Бұл өз кезегінде мықты экономикалық өсімді қолдауға септігін тигізеді, – дейді АДБ Қазақстандағы өкілдігінің директоры Нариман Манапбеков.
«Елде инновациялық қызметтердің шектеулі болуы және шикізаттық тауарлар экспортына деген тәуелділік экономиканы осал етті. Бұл дағдарыс Қазақстанға инновацияны мейлінше ынталандырып, сол арқылы экономикалық беріктілігін мығым ете түсуге, COVID-19-дан соң қалпына келтіруге болатынын көрсетті. 2008-2009 жылдардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысынан соң және 2015 жылы мұнай бағасының күрт құлдырауынан кейін Қазақстан экономикасы қайта қалпына келді, бірақ өсім процесі баяу жүрді.
2021 жылы өңдеуші секторға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өнеркәсіп көлемі 2 пайызға өсім көрсетеді. Сонымен қатар шикізаттық тауарларға деген қайта қалпына келе бастаған әлемдік сұранысты қамтамасыз ету үшін пайдалы қазбалар өндіру көрсеткішінің жоғарылауы 2,8 пайызға өспек. Карантин шектеулерінің әлсіреуі транспорт, сауда және қоғамдық тамақтану секторларының қайтадан қалпына келуіне әсер етеді. 2021 жылы қызмет көрсету секторы 3,8, ал 2022 жылы 3,4 пайызға өсім көрсетеді» делінген банк зерттеуінде.
Зерттеудегі болжамға сүйенсек, биыл құрылыс секторы 9,4 пайызға өсім көрсетіп, мемлекеттік тұрғын үй және инфрақұрылымдық даму қолдау бағдарламалары арқылы 2022 жылы 6 пайызға дейін өседі. Ал инфляция өсімі биыл 6,5 пайызға дейін баяулайды. Егер келер жылы валюта тұрақтылық танытса 6,2 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Негізгі тауарлар бағасының бақылауға алынуы және Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге белсене араласуы тамақ өнімдері бағасының өсуін тежеп, бағаны тұрақтандыруға көмегін тигізеді деп жазылады банк болжамында.