Облыста Жеңіс мерекесі қарсаңында 100 майдангер жаңа пәтер алады
Бүгінгі жастар 1941-1945 жылдары соғыс болғанын, аталарының майданда ерлік көрсеткендерін естіп, тағзым етіп өсті. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездескен Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің студенттері облыс орталығының бір көшесін батыр Бауыржан аталарының есімімен аталғанын қалайтындарын жеткізді. Бұдан бұрындары да елі мен жерін қорғаған баһадүр батырлар өтті. Бұл күндері жас ұрпақтың санасына рух сіңдіріп, патриоттық дем беретін өткеннің осы бір жолы алыстан елес беріп жаңғырғандай. Ал, биыл 65 жыл толғалы отырған Ұлы Жеңіс мерекесін атап өтуге әзірлік жасауда.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Айзада Құрманованың айутынша, алдағы 9 мамырда Жеңіс мерекесін атап өтуге дайындық қызу жүргізілуде. Яғни, әлеуметтік қорғау бойынша шаралар, оларды жеңілдіктермен қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайларын жақсарту, ақпараттық-насихаттық, әскери-патриоттық және мерекелік шаралар өткізуге қатысты кезеңдерден тұрады. Бұл күндері облыста “Қайырымдылық” айлығы жүріп жатыр. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап облыс аумағында соғыс ардагерлері үшін коммуналдық төлемдер облыс бюджетінен төленуде. Тағы бір жағымды жаңалық, ол-мереке қарсаңында ардагерлерге жаңа пәтерлер беріледі. Ал, Мәскеуде өтетін мерекелік шеруге облыстан екі ардагер қатысатын болса, Астанаға 10 ардагер жол жүреді. Ардагерлерге арнайы киім үлгілері де әзірленуде. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен ардагерлерге арналған “Замандастар” клубы, арнайы басқосу, әңгімелесу үйі ашылды.
Жалпы алғанда, Жеңіс мерекесін лайықты түрде атап өтуге республикалық және жергілікті бюджеттерді қосқанда барлығы 889 миллион теңге жұмсалмақшы. Мысалы, Баянауыл ауданында бұл бағытқа арналып, 10,3 миллион теңге бөлінді. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Бақыт Тоқжігітованың айтуынша, соғыс ардагерлеріне деп емделуі бар, жол жүру шығындары, үйлерін жөндеу сияқты әлеуметтік көмектің 20-ға жуық түрі қарастырылған көрінеді. Әр ардагерге 20 мың теңгеден ақшалай сыйлық беріледі. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы Асайын Алдажаровтың айтуынша, әскери техникалардың қатысумен болатын облыс орталығында өтетін биылғы мерекелік шеру де ерекше болмақшы. Мұрағат және құжатнама басқармасының бастығы Халел Әкімханов басқаратын мұрағатшылар да бұл күндері тынымсыз еңбек етуде. Басқарма өкілдері Ресей жағындағы архивтерде болып, соғыста қаза тапқан павлодарлықтар туралы мәліметтер тауыпты. Бұған дейін облыста “Боздақтар” атты кітап шықты. Қазір осы кітаптың заңды жалғасындай майдангерлер мен тың еңбеккерлерінің соғыстан кейінгі өмірлерін жазатын жаңа кітаптың да жарық көруі мүмкін. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте көршілес Омбыдан келген ғалымдардың және жергілікті тарихшылардың қатысуымен “Фашизмді жеңудің тарихи маңызы: павлодарлықтардың жеңіске қосқан үлесі” атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өткізілді. Ал, өткен аптада Ресей елшілігі тарапынан “Славян” мәдени орталығында соғыс ардагерлеріне, Ленинградты қорғаушыларға ресейлік мерекелік медальдар тапсырылды. Облыс орталығындағы Даңқ ескерткішінің жанынан “Зерде” атты еске алу қарауылын ашу салтанаты болды. Мектеп оқушылары 9 мамыр күніне дейін мәңгілік алау жағылған осы ескерткіш басында қаза тапқан майдангерлерді еске алып, құрметті қарауыл кезегіне тұрады. Осы алаңда тұрған атақты Т-34 маркалы танк қасына да қарауыл қойылды. Бұл күні ескерткіш қасына жиналған соғыс ардагерлерінің құрметіне қаладағы кадет корпусының тәрбиеленушілері арнайы сап түзеп шерумен өтті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар