Таным • 05 Мамыр, 2021

Ауыл молдасы. Ол кім?

1430 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлт тарихында өз орны бар тұлғалардың өмірбаяндық түзілімінде көбіміз байқай бермейтін аңдаусыз, қызық дерек бар. Яғни атам заманда қазақтың қамын жеген ел басы, топ басылардан (Абай) бастап, ақ патшаның тұсында өмір сүрген қазақ ағартушылары, одан қалды кешегі ХХ ғасыр басында «қазақ үшін шам қылған жүрек майын» (Сұлтанмахмұт) Алаш арыстарының өмір-тарихын оқысаңыз, барлығында бірдей «алғаш ауыл молдасынан сауат ашқан» дейтін елеусіз ғана тіркес тұрады. Осы орайда, күллі қазақтың көзін ашқан, арыстарды оқытқан «Ауыл молдасы кім?» деген сұрақ туады.

Ауыл молдасы. Ол кім?

Қазақ қоғамының институциясы

Қандай да бір қоғамдық жүйені әлеуметтік тұрғыдан шайқалтпай ұстап тұратын, жүздеген ғасыр бойы шың­­дал­ған мызғымас рухани-мәдени ұстыны болады. Бұны ғылыми тілде «инс­титу­ционализм» деп атайды. Яғни бұл дегеніміз – көптеген ғасыр бойы эво­люциялық жолмен дамып, ұзақ сұрып­талу арқылы то­лық мойындалған, сөйтіп әр кез қоғам­дық қатынасты рет­теуші нормалар мен әлеуметтік топтар ара­сын­дағы құқықтық мәртебені сақ­тауға бағытталған аса қуатты құрылым.

Байырғы қазақ қоғамы жоғарыдағы айтылған жүйе арқылы дамыған. Атап айтқанда, «билер институты», «байлар институты», «бәйбішелер институты», «жезде-жеңгелер институты», «ақын-жыршылар институты», «батырлар инс­титуты», т.с.с. болып кете береді.

Бұл институттар қоғамды тұтас­тан­дырып, шайқалтпай ұстап тұрды. ХVІІ ғасырдан бастап қазақ даласын отарлау­шылар ең әуелі осы құрылымды бұзса, этнос бірлігі ыдырайтынын жақсы білді. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресей барлаушысы П.И.Рычков 1887 жылы Орынборда жарық көрген «История оренбургская» атты еңбегінде: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адамдарын құрметтейді. Қайсыбір іске ру басылары мақұлдаған кезде ғана жұмылады...» десе, дана Абай өзінің 39-шы қарасөзінде: «Әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болған. Олар қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен...» деп қоғамның нақты бірлік-ұстынын сипаттайды.

 

Құнды тәрбие мектебі

Жоғарыдағы құрылымдық институт­тардың бірі – «Ауыл молдасы». Бұл әлі күнге дейін зерттелмеген, онымен қоймай зерттеуге тыйым салынған тақы­рып. Өйткені кеңестік идеология «байлар мен молданы қойдай қу қамшымен» дейтін ұран тастап, ұлттық қоғамның негізгі ұстыны «молдалар мектебін» ескінің қалдығы ретінде есептен шығарып тас­тады.

Айталық, үлкен ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, соның арқасында 1850 жылы Орынбордағы қазақ-орыс мектебіне оқуға түседі. Ұлы Абай ше, ол да ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқы­ғаны айтылады. Ұлт ұстазы саналып жүрген Ахмет Байтұрсыновтың да өмір­баянында «1882-1884 жылдары ауыл мол­дасынан оқыған» дейтін жоғарыда­ғы елеусіз тіркес тұр.

Сол сияқты ұлт қайраткері Әли­хан Бөкейхановты әкесі тоғыз жасын­да Қарқаралыға апарып, жер­гі­лікті мол­даның оқуына берсе, Мағ­жан Жұма­баев ауыл молдасы­нан сауа­тын ашып, одан кейін бес жыл Қызыл­жар­дағы Беги­шев медресе­сінде білімін жалғас­тыр­ған. Міржақып Дулатов та осы жолмен жүр­ген. Жақаңның өмір-тарихын зерттеуші заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков, бала Мір­жақып ауыл молдасынан хат танып, екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады дейді. Жетісудың дүлдүл жыршысы Ілияс Жансүгіров те әуелі молданың алдын көргеннен кейін Алма­тыдағы мұғалімдер даярлайтын курсқа аттанған.

Күнбатыс Алаш қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедов те ағасы Дәулет­үм­беттің ықпалымен ауыл молдасынан хат таныса, екінші алашшыл тұлға Жанша Досмұхамедов болыстық орыс-қазақ мек­тебіне бармай тұрып, ауыл молдасынан сабақ алған екен.

Ал баянауылдық мықтылардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыровты алға­шында Мұқан дейтін ауыл молдасы оқыт­са, танымал ғалым Қаныш Сәтбаев та осы жолдан өткен. Атақты Жүсіпбек Аймауытов да Бармұхамед деген ауыл молдасынан үш жыл оқыған.

Мұндай дерек Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов­тің де өмірбаяндарында жазулы тұр. Екін­ші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Бауыржан Момышұлы да алғашында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таныпты.

Бір таңданарлығы, «Ауыл молдасы» күллі қазақ даласының қай бұрышында да болған. Бұлар шәкірттеріне еуро­па­лық білім бере алмауы мүмкін, бірақ халқымыздың байырғы ғасырлар бойы шыңдалған дәстүр мен тәрбиесін оқытып, қазақы танымның терең қайнарынан сусындатып, соңында иманның шарттарын танытқан. Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі, Батыс пен Шығыс­ты қатар мойындатқан Әбу Насыр әл-Фара­би атамыздың трактаттарында айтыл­ған­дай ауыл молдалары шәкірттері­не әуелі білім емес, адами құнды тәрбие берген сыңайлы. Демек ауыл молдасы халқымыздың санғасырлық асыл тәр­биесін бойына сіңірген – құнды тәрбие мек­тебі екені даусыз. Соның арқасында ауыл молдасынан оқығандар дүние алыс-күлеске айналған өткен ғасырдың басында түгелдей дерлік табандары таймай, туған халқының жарқын болашағы үшін күресті емес пе?!.

 

Ауыл молдасымен күрес қалай жүргізілді?

Қазақ даласын патшалық отарлау, одан кейінгі кеңестік колонизация ауыл молдасы – далалық тәрбиенің өзе­гін жалғастырушы күш екенін жақ­сы білді. Сөйтіп, олар күресті осы ауыл молдаларының ісін шектеу­ден бастады. Мысалы, 1883 жылы 7 жел­тоқсан күні қабылданған Сібір өңірі әскери губернаторының нұсқауында: «Үкімет қырғыздар (қазақтар) арасында ислам дінінің дамуына шектеу қою мақсатында, ел ішіндегі діндарлар (ауыл молдасы) ісін шектеу қажет», деп шешіп, бұл нұсқауды іске асыру үшін арнайы тексерулер жүргізіліп, 1891 жылы жазалау Заңдар кодексінің 1073-бабы бойынша жоғарыдағы заңды бұзған адамдарды (ауыл молдасын) қудалау жайлы қарар қабылданды.

Сөйтіп, жоғарыдағы құжат негізінде патшалық билік ауыл молдаларының ісін шектеу мақсатында: «...қырғыздардың (қазақтардың) арасына дін уағыздаушы жергілікті адамдарға тыйым салынып, олардың міндетін Қазан татарларынан іріктеп алынған, патшаға шын беріл­ген, сенімді молдаларды жолдау қажет. Олар қазақтарды патшаға берілген рухта тәрбие жүргізсін! Бұл молдалардың шығынын үкімет мойнына алып, үздік міндет атқарғандарға сый-сияпат беріп тұрсын», делінген.

Бұл саясаттың арғы жағында қазақ арасында дін жаю емес, дінді пайда­ланып, қазақтарды патшаға мойын­сал ету үрдісі жатты. Сондай-ақ пат­ша жоғарыдағы тағайындалған молда­ларға бала оқытуға ұлықсат берді. Олар қазақ балаларын орыс рухында оқы­туға міндетті болды. Осы татар мол­да­лардың берген білімі жайлы қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Бұлардың үйреткені өлі схоластика және бірден-бір нақты ой-санаға құралмаған», деп сынайды.

Бұндағы оқу жай ғана кезекті жоспарсыз оқу түрі емес, әбден жүйеленген, Шоқан айтқандай, өлі схоластикалық бағытты үйретуді терең меңгерген тың­шы-ұстаздар арқылы жүргізілген кешенді оқу. Соның нәтижесінде, ха­лық арасында Ислам дінін аңыз, миф-әпса­наға айналдырып түсіндіріп, діннің шы­найы шариғи маңызын оқытпай, айналып өту жүзеге асты.

Осындағы қазақтар арасына жібе­-
­ріл­ген татар молдаларын оқулық құрал­дармен толықтау үшін патшалық үкімет Петербордағы «Шығыс» баспасын Қазан қаласына көшірді. Сонымен қатар аталмыш қызметті жанданды­ра түсу үшін мұсылман дін істері Орын­бор мүфтиінің қарауынан алынып, қару-жарағы сай күштік құрылым Ресей азаматтық ішкі істер мекемесіне бағын­дырылды.

 

* * *

Кеңес өкіметі орнағаннан ауыл мол­даларымен күрес аяусыз жүргі­зіл­ді. Заңгер, зиялы азамат Алмас Жұма­­ғалидің сараптауына жүгінсек, Кеңес көсем­дері империяның қанаты астын­дағы сан мың ұлтты (1917 жылы Ресейде 200-ден астам ұлт болған, 1991 жылы Кеңес Одағы құлағанда осының 97-сі жер бетінен мәңгілікке жойылып кеткен) біріктіріп ұстау үшін «ғылыми атеизмді» өз идеологиясының негізгі қаруы ретінде пайдаланды. Олар 15 мемлекеттің құрамындағы сан мың халықтың әртүрлі діннен екенін білді және әртүрлі діндегілер бәрібір бір халыққа, яғни Кеңес халқына (түбінде бәрі орыс болу керек) ұйыспайтын еді. Егер де Кеңес елі Ресейдің кезіндегідей діні мен конфессиясы көп мемлекеттен құралса, әртүрлі этнос әрқилы дінін ұстанса, сыртқы жаулар халықты бір-біріне оп-оңай айдап салуға, әлсіретуге, ақыры диверсия жасауға мүмкіндік бар еді. Оны «күн көсемдер» өте жақсы білді де, барлық халықты орысқа айналдыру үшін, алдымен негізгі кедергі дінді, одан кейін әрбір халықтың ұлтшыл азаматтарын (бас көтерерлерді) жойып жіберді дейді.

Сол себепті коммунистер барлық дін атаулыға қарсы күресті. Оның бәрі «Дін – халықтың санасын улайтын апиын», «Дінге қарсы күрес – социализм үшін күрес» деген ұран астында жүргізілді. Тек 1918 жылы 3000 ауыл молдасы атылды. 1923 жылы 19 наурызда В.И.Ленин Саяси бюроға жолдаған хатында: «Дінге қарсы күрес сөзге келмес батылдықпен және қысқа мерзім ішінде жүргізілуі тиіс. Мінәжатханалардың мүлкі аяусыз тартып алынсын... Реакцияшыл діндарлар өкілін неғұрлым көбірек атсақ, соғұрлым жақсы болмақ», дейді. Осыдан кейін шіркеу мен мешіттерді аяусыз тонау басталды. Кемітіп айтқанда, 2,5 млрд алтын рубльге татитын мүлік тартып алынды.

Дінге қарсы күресті жүйелі жүргізу үшін 1919 жылы «Революция и церковь» журналы мен 1922 жылдан «Безбожник» газеті жарық көрді. Осы газет қоғамдық тілшілердің сиезін өткізіп, 1929 жылы «Жауынгер құдай­сыздар одағын» құрды. Аталған одақ­ты ұлты еврей Е.М.Ярославский басқарды. Бұндай құрылым Қазақстанда да пайда болды. 1940 жылы елімізде құдайсыздар одағының 148170 мүшесі бар, 4657 бастауыш ұйымы жұмыс істеп тұрды («Жұлдыз» журналы. № 9. 2010 ж. Амантай Кәкен. Ұлттық сана мінездемесі. 151-б).

1921 жылы наурызда өткен Қазақ­стан компартиясының съезі жаппай дін­ге қарсы тұру қозғалысын өмір­ге әкелді. Жауынгер құдайсыздар ұйы­мына мүше болу жағынан қазақтар Одақ көлемінде украиндардан кейінгі екінші орынға ие болды. Нәтижесінде, қазақ қоғамында ауыл молдасының мектебі жойылды. Кеңес билігі орнаған жылдары республика бойынша 465 діни ұйым мен мешіт жабылса, 1920 жылы Орталық Азияда қызмет еткен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мыңы ғана қалған екен. Барлық медреселер жойылып, 47 мың діни тұлғалардан 2 мыңнан азы тірі қалды.