Тарих • 06 Мамыр, 2021

Батыр атағына ұсынылған ұшқыш

736 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысының қаһарманы, аты аңызға айналған ұшқыш Байтұрсын Есіркеповті былайғы ел біле бермейді. Қолдағы құжаттарға сүйенсек, ержүрек жауынгер, гвардия капитаны 1917 жылы Алматы облысы Талдықорған ауданының Талдыарық ауылында туған екен. Майдан кезінде ол бүйірінде «Советтік Қазақстан үшін» деген жазуы бар ПЕ-2 бомбылаушы ұшағын басқарса, оның штурманы Кадес Имашев, атқыш-радисті Төлебай Тажиев деген азаматтар болыпты.

Батыр атағына ұсынылған ұшқыш

Б.Есіркепов Суворов полкінің 127-ші гвардиялық бомбалаушы авиациясының Борисов ор­денді эскадриля командирінің орынбасары міндетін атқарып жүрген тұста, яғни ол 1945 жылы 7 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Рес­ми құ­жатта: гвардия капитаны Есір­кепов 1941 жылдың шіл­де айы­мен 1945 жылдың ма­мыр айы аралығында 174 дүр­кін жау ше­біне ұшып шығып, жауын­гер­лік міндетін ойдағыдай ат­қар­са, тапсырманың 25 ұшу мін­детін «СБ» ұшағымен, 149 ұшуды «ПЕ-2» ұшағымен жүзеге асы­р­ғаны туралы мәлімет бар. Осын­дағы ұшу міндетінің 76-сын ұшу тобының жетекшісі ретінде атқарса, 52 дүркін то­ғыздық құ­рамында, 46 дүркін өз экипажы­мен тек жау әскерін барлау мақсатында ұшып шық­қан екен.

Осы орайда, Есіркепов бір­неше рет өз экипажымен өлім қаупіне тап болса да, алған беті­нен қайтпай, жауынгерлік мінде­тін орындап шықты. Ол өзінің өжет­тігі мен тапқырлығының ар­қасында әрдайым жеңіске жетіп, бөлімшеге қайта оралып, жа­уынгерлік жұмысын жал­ғас­тырды. Ержүрек ұшқыш жау ты­лын барлау кезінде әскери құн­­ды мәліметтер алып келді. Оған қақаған аяз бен аптап ыс­тық Отан алдындағы борышын атқаруға бөгет бола алған жоқ.

Даңқты ұшқыш 1941-1942 жыл­дары Минск, Гомель, Брянск үшін болған әуе шайқастарында күніне 5-6 дүркін жауынгерлік міндет жүктеп, оның бәрін тың­ғы­лықты атқарып шықты. 1943 жылы Сталинград түбінде неміс әскер­лерін талқандау ке­зінде және Кубаньда, Мценск, Спас-Деменск, Ельню, Смо­ленск қалалары үшін болған шай­қас­­тарда гвардия капитаны айрық­ша ерлік пен батылдық танытты.

1944-1945 жылдары Орша, Витевск түбегінде неміс әскер­­­лерін талқандау кезінде және Борис, Шауляй, Митава, Мемель, Кенигсберг, Земланд түбегінде болған шайқастарда Б.Есіркепов алдына қойылған жауынгерлік міндеттерді жоғары деңгейде орын­дап, шынайы ба­тылдық танытты.

Әсіресе Орша қаласын азат ету кезінде ПЕ-2 ұшақтары ко­­лон­насының құрамындағы же­­текші буын болып, 1944 жыл­дың 25 маусымында неміс жаяу әскер дивизиясының штабын, жанар-жағармай қоймасын ­жой­ды, темір жолды істен шы­ғарды. 1944 жылдың 26 шіл­десінде ПЕ-2 ұшақтары то­ғыз­дығы құрамын­да бөлім же­тек­шісі міндетін ат­қарып, Елея пунк­тінде темір жол және тас жол қиы­лысын бомбылады. 1944 жылдың 15 қыркүйегінде ПЕ-2 ұшақтарының тоғыздық құрамында Иецава темір жол стансасында орналасқан жаудың танктерін 1300 метр биіктіктен бомбылап, оқ-дәрі базасын жарды. 1944 жылы 16 қыркүйекте Есір­кепов басқарған ұшу экипажы Тукумс темір жол станса­сын бомбылады. Нәтижесін­де, бұл станса ұзақ уақыт бойы то­лы­ғымен істен шығарылып, темір жол қатынасы тоқтатылды. 1945 жылдың 6-8 сәуірі күндері Кенигс­берг қаласында ПЕ-2 ұшақ­­тарының тоғыздығына же­текшісі болып 4 рет табысты ұшу­­лар жасаса, 1945 жылғы 13 сәуірде Земланд түбегіндегі Ва­шинен тірек пунктін шабуыл­дады. 1945 жылдың 15 сәуі­рін­де неміс дивизиясының штаб-пә­тері орналасқан фольва­рох Брух­­ты бомбылауға қатысты. 1945 жылы 24 сәуірде Пиллау қала­сының шет жағында орна­ласқан жаудың тірек нүктесін шабуылдады. 1945 жылы 8 мамырда Курланд түбегіндегі Илмая темір жол стансасына ша­буыл жасады.

Сөйтіп, Дон, 3-ші Беларусь, 1-ші Балтық жағалауы және Ле­нинград майдандарында көр­сеткен ерлігі үшін гвардия ка­питаны Есіркеповке Кеңес Ода­ғының Маршалы, Жоғарғы Бас қолбасшысы жолдас Ста­лин­­нің бұйрықтарында 12 рет және майдан мен армия бұйрық­тарында 4 рет алғыс жариялан­ды. Отан соғысында неміс басқын­шыларымен шайқастағы тапсыр­маларды үлгілі орындап, ерлі­гімен көзге түскен Есіркепов ең жоғары мемлекеттік марапат Кеңес Одағының Батыры атағына лайық делінгенімен, бұл атақ бұйырмай «Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

 

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,

тарихшы, Парламент Мәжілісінің депутаты