Соғыс салған тағдыр тауқыметімен он төрт жыл бойы туған жерден жырақта от кешіп, қиындық пен қорлықтың қасіретті қамытын арқалап, ажал апанынан қайтқан Айтжан ағамның айтары көп-ақ еді. Өкінішке қарай, асыл аға, ардақты әке ұзақ ғұмырының соңғы күндеріне дейін не бізге, не балаларына жас ғұмырын жалмаған соғыс туралы шешіліп сөйлемей кетті. Оның себебі, өз азаматтарын өзі жау санап, ақиқаттан қорыққан кеңестік жүйенің кесапаты екенін кеш түсіндік.
1418 күн мен түнге созылған соғыстың аман қалған солдаттары елге оралды. Ал соғыс басталмай тұрып-ақ, 1939 жылы әскер қатарына шақырылған Айтжан Ахмадиұлы туралы Жеңіс күнінен кейін де ешбір хабар келген жоқ. «Гвардия қатардағы жауынгер Айтжан Ахмадиев 1942 жылы 21 қыркүйекте Смоленск облысының Кармановский ауданындағы Тетерлева деревнясының түбіндегі шайқастан кейін хабарсыз кетті...» деп соғыс аяқталар жылдың алдында келген тілдей қағазға қарап, жас зайыбы Рәш пен әкесі әскерге алынғанда қырқынан да шықпай қалған жалғыз қызы Қатира екі көздері төрт болып, ұзақ жылдарды өткізді. Ақыры артта қалған ағайын ес жиып, туған жерден топырақ бұйырмаған мыңдаған боздақтардың бірі ретінде Айтжан ағамның артынан дұға бағыштап, шейіттердің қатарына қосты.
Ал бұл кезеңде «кебін киген келмейді, кебенек киген келедінің» керімен Айтжан ағам біресе Ржев даласындағы қырғын қасапта қан кешіп, біресе неміс фашистерінің концлагерьлерінде азап шегіп, біресе қызыл империяның құлдық лагерьлерінде қорлық көріп, өмір сүру құқы үшін күресіп жүр еді. Ардагер ағаның үлкен ұлы Бектұрсынның әскери архивтерден тірнектеп жинаған мардымсыз деректері мен кенже ұлы Алпыстың әкесінің аузынан естіген болымсыз естеліктерін құрастырып, сол бір зұлмат жылдардың шерлі шежіресін түзген болдық...
Айтжан Ахмадиұлы 1913 жылы наурыз айында Семей облысы, Абралы ауданындағы Былқылдақ деген жерде дүниеге келген. Ата-анасынан жастай айырылған ол Семей қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1939 жылы әскер қатарына алынып, бірден жапон милитаристеріне қарсы жүргізілген шайқастарға қатысады.
Әскери архив дерегі бойынша, Айтжан Ахмадиев жауынгерлік міндетін атқарған 3-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының №5 атқыштар полкі 1942 жылдың басында Ржев-Вяземский қанды қасабына салынған екен. Бүгінгі әскери ғылымның нақты зерттеулері бойынша, 1942 жылдың 5 қаңтарында басталып, 1943 жылдың 21 наурызына дейін жалғасқан Ржев шайқасы стратегиялық жағынан өте сауатсыз, майдан даласында тарихта болып көрмеген адам шығынына ұшыратқан ұрыс деп бағаланып отыр. Ржев майданында болған 4 ірі шайқасқа басшылық жасаған маршалдар Г.Жуков пен И.Коневтің дарынсыз қолбасшылығының салдарынан 14 айға созылған шайқаста неміс генералдары Г. фон Клюге мен В. Модель басқарған фашистердің «Орталық» армиялар тобын Ржев плацдармынан тықсырып шығара алмапты. Ржев маңындағы майдан даласында Қызыл Армия қаза тапқаны бар, хабарсыз кеткені бар 2 миллионға жуық жауынгерінен айырылды.
1942 жылдың 21 қыркүйегіндегі кезекті ауыр шайқастан кейін снаряд түскен окопта тірідей көміліп қалған бірнеше қызыл әскерді фашистер қолға түсіріп, тұтқынға алады. Соғыстың алғашқы кезеңіндегідей емес, бұл кезде кеңес жауынгерлерінің өлермендік ерлігіне өшіккен фашистер қолға түскен жауынгерлерге ерекше қатыгездік көрсетті. Ржев майданында қолға түскен тұтқындарды Польша жеріндегі ажал апандарына айналған концлагерьлерге жөнелтті.
«Екі жыл неміс концлагерінде болғанда, көрмеген қорлық қалмады. Аштықтан, ауыр жұмыстан әбден титықтаған кезімізде, 1944 жылдың қатал қысы келіп, құр сүлдерлерін сүйретіп жүрген әскери тұтқындар аштық пен суыққа шыдамай ондап, жүздеп қырыла бастады. Марқұмдардың өлі денесін шеткері тұрған сарайға апарып, текшелеп қалап тастайды. Қыршын кеткен боздақтарға бір уыс топырақ та бұйырмай, тас сарайда тау-тау болып жатады.
Қатал қыстың соңғы айында екі өкпем қабынып, мен де мұрттай ұштым. Суық барактағы сабан төселген тақтай төсектен тұра алмай сандырақтап жаттым. Аюдай ақырған қарауылдар әлсін-әлсін келіп, таяқтап, тепкілеп тұрғызбақ болады. Денемнің ащы таяққа селт етіп, қимылдайтын да қауқары қалмапты. Жарық дүниемен қоштасып, ештеңені сезбей сұлық қалдым.
Естен айырылып қанша жатқаным белгісіз, тас сарайдағы қараңғы қапаста өзіме-өзім келгендей болдым. Сұп-суық өлі денелердің үстінде жатырмын. Қимылдауға шамам жоқ. Тағы да өлі мен тірінің арасында қанша жатқаным белгісіз, тас сарайдың есігі тарсылдай ашылып, әлдекімдер ішке кірді. Бар күшімді жинап, ыңырси белгі бергендей болдым...
– А, этот, вроде живой?!.
Алыстан тұншыға шыққан әйел дауысын естідім.
– Брось! Всеравно, не жилец!
Күңгірлеген еркек дауысы бұйыра сөйледі. Жылт еткен болымсыз үміт сәулесі кілт сөнді. Күдерім үзіліп, көңілім суып, тағы да тылсым тұңғиыққа батып жүре бердім...
Осыдан тағы бір жұма өткеннен кейін Мария есімді поляк әйелінің жылы жертөлесінде есімді жидым. Оқиға былай болыпты: Жақын елді мекендердің бірінде тұратын Мария тұтқындар лагеріндегі санитарлық бөлімге медбике болып тіркелген екен. Лагерьдегі санитарлық бөлімнің міндеті, негізінен тұтқындарды емдеу емес, өлім-жітімін тіркеу, есебін жүргізу болып табылады. Тас сарайға кезекті өліктерді алып келген Мария мен көмекші санитар көп мәйіттің ортасында тіршілік белгісін танытып, талықсып жатқан мені тауып алады. Көмекші санитардың қарсылығына қарамастан, құдайға қараған Мария мені қоларбаға салып, лагерьден жасырын алып шығады. Тірілердің тізімінен сызылып тасталған тірі аруақты үйінің астындағы жертөлеге тығып, екі ай бойы бағады.
Бір күні Мария жертөлеге үрейлене кіріп, сыбырлай сөйлей отырып, сыр суыртпақтады: «Қызыл Армия Польша жерінде ауыр шайқастар жүргізіп жатқан көрінеді. Жеңіліс табатындарын жете түсінген фашистер «жаралы жыртқыштай» жанталасуда. Ертең маңайдағы деревнялардың барлығында тінту жүргізіп, күдіктілерді ұстамақ. Енді мұнда қалу өте қауіпті. Бүгін түннен қалмай қашу керек. Түн жамылып, жедел жүріп кетсең, таң ата Қызыл Армияның алдыңғы шептеріне ілігіп қалуға болады...».
Мен қараңғы жертөледе қарманып, Марияның қолдарын қыстым. Бар алғысымды жалғыз ауыз сөзге сыйғызып, «мен саған мәңгі қарыздармын, Мария!» дедім өксік буып, тұншыға сыбырлап. Екеуміз осылай қоштастық. Басын қатерге тігіп, фашистердің ажал апанынан аман алып шыққан қарапайым поляк әйеліне дәл қазір басқа айтарым да жоқ еді... Мария жиыстырып берген жұпыны киімдерді киіп, екі ай жатқан жертөлемнен қашып шықтым. Таң ата мен Қызыл Армияның шолғыншы бөлімдерінің біріне тап болдым. Олар мені әскери барлау басқармасының айрықша бөліміне тапсырды. Капитан шеніндегі тергеуші маған көп уақыт кетірген жоқ. Жау тұтқынында болған сенімсіз адам ретінде «кінәсін қанымен жууы керек» деген үкім шығарып, айып батальонына айдады да жіберді...», деп әңгімелеген екен ол кенже ұлына.
Айтжан Ахмадиұлы төрт ай бойы айып батальонының құрамында жан алып, жан беріскен қанкешу майдан жолынан өтеді. Төрт айдан кейін кезекті бір ауыр шайқаста ағам жамбасынан қатты жарақат алып, госпитальға түседі. Госпитальда жатқанда, оған «кінәсін» қанмен жуған жауынгер ретінде құжаттары қайтарылып, Қызыл Армияның қатардағы жауынгері ретінде толық ақталып шығады. Жарақатынан айығып, госпитальдан әскери бөлімге келген қатардағы жауынгер А.Ахмадиевті барлау басқармасының айрықша бөлімі қайтадан тұтқынға алып, жау қолында болған сатқын ретінде жауапқа тартады. Шұғыл өткен әскери трибуналдың үкімімен он жылға бас бостандығынан айырып, Кузбасс шахталарының жерасты жұмыстарына айдалады. Сөйтіп алты жыл бойы азапты майдан жолынан өтіп, фашист концлагерінде болып, айып батальонында соғысып, ауыр жарақат алған жазықсыз жауынгер «сатқын» деген жалған жаламен сегіз жыл бойы жерасты шахтасындағы каторгалық жұмыста болады. Тек 1953 жылы Сталин өлгеннен кейін ғана мыңдаған саяси тұтқындармен бірге ақталып, бостандыққа шығады.
Майдангер Айтжан Ахмадиұлының туған жерге оралғаннан кейінгі қарапайы өмір жолы да ұлағатқа толы еді. Қаншама қиянат көріп, жазықсыз жапа шексе де ол өмірге өкпелеп, өзгеге өшіккен жоқ. Азаматтық атына кір шалдырмай, адамгершілік қасиетін жоғары ұстап, адамдарға деген бауырмалдылығына барынша басымдық беріп өтті. Бұл кезде бойжетіп қалған жалғыз қызына кесірін тигізбеуді ойлап, Айтжан ағам өмірді жаңа қырынан бастауды ұйғарды. Алыс ауданның шалғайдағы бір шаруашылығына барып, бір отар мал алды. Тапсырылған жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтын тиянақты азаматқа колхоз басшыларының да көзқарасы түзу болды. Аз уақытта ол шаруашылықтың озат шопандарының біріне айналды. 1955 жылы Қайнар атты ауылда әке-шешелерінен ерте айырылып, төрт бірдей шиттей бауырларын бағып қалған Бишан Зікірияқызымен дәм жарастырды. Оны Рақилаш, Нұрқилаш, Сағынтай және Бітімғали деген бұғанасы бекімеген төрт бауырымен бірге Егіндібұлақ ауданы Абай кеңшарының Тоқай бөлімшесіне көшіріп әкелді. Бишан жеңгей екеуі төрт балаға жетімдік қасіретін көрсетпей, бағып-қағып өсірді. Айтжан ағам төрт балдызын түгел оқытып, жеке үй қылып шығарды.
Айтжан және Бишан Ахмадиевтер тату-тәтті ұзақ ғұмыр кешіп, Қатира, Бақыт, Айман, Дәмет атты төрт қыз, Тілеген, Бектұрсын, Бекболат, Тасболат, Мейрамбек және Алпыс атты алты ұл сүйіп, тәрбиелеп өсірді. Ұзақ уақыт Абай атындағы кеңшардың мал шаруашылығын өркендету жолында аянбай еңбек етіп, зор абыроймен құрметті еңбек демалысына шыққан ерлі-зайыпты шопандардың мемлекет тарапынан алған марапаттары да бір төбе. Әсіресе олардың қиналғанға қолұшын созып, жетімдерге жебеу болған жоғары адами қасиеттерін бүкіл ауыл-аймақ жұртшылығы үлгі тұтады. Мәселен, сонау бір алпысыншы жылдары Айтжан ағам Қытай елінен қоныс аударып келген бір ауыл қандастарымызды қасына қондырып, бастарына баспана, алдарына мал салып берген екен. Қытайдан келген ағайындардың өсіп-өнген ұрпақтары күні бүгінге дейін асыл азаматтың адамгершілік қамқорлығын ауыздарынан тастамайды.
Иә, жиырмасыншы ғасырда халқымыздың басына түскен орасан нәубеттерді қайыспай көтеріп, жазықсыз жапа шексе де жүрек жылуын өшірмей, азаматтық болмысын асқақтатып өткен қарапайым қатардағы жауынгер Айтжан Ахмадиұлының биік рухы ұрпақтар жадында жаңғыра бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі