Таным • 10 Мамыр, 2021

Ескерусіз кеткен есіл ер

970 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Алыстан келген хат

Ұлы Жеңістің 22 жылдығын тойлауға қызу дайындалып жатқанбыз. Осы мерекеге «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеті бүкіл нөмірді арнамақ. 

Ескерусіз кеткен есіл ер

 

– Газетімізде бір-екі ай бұрын жария­ланған армениялық подполковниктің іздеу салған хатында айтылған жауын­герді «Ол жауынгер – менің жерлесім, оны өзім арнайы жазамын» деп едің ғой, – редакторымыз Шерхан Мұртаза мере­келік нөмірдің жоспарын жасаған кезде маған сұраулы жүзбен қараған.

Армениялық Вартанян жолдастың іздеу салған мақаласын газетке жария­лап, жауынгер Кәкетай Қымызбаев туралы майдандастары мен оны жақсы білетін кісілердің редакцияға хабарласуларын сұраған едік. Бірлі-жарым ауылдастарымның өзім де білетін деректерді айтқан хаттары болмаса, батырдың ерліктерін дәйектеп айтар мәліметтер болмады. Ол туралы біраз зерттеп, асықпай жазсам деймін.

– Дұрыс, асықпай зерттегін, – деп редакторым келісімін берді. «Асықпай» дегенім бір жылға созылыпты.

Ағайын-туыстары болмаса, елі де оны алақандай бір ауылдан майданға аттанған 144 азаматтың туған жерлеріне оралмаған 69 шаһиттің бірі ретінде Кәкетайды да ұмыта бастаған. Тіпті туған анасы Бүбіхан да қу жалғызының өлі-тірісінен хабарсыз, жолын тосумен жүріп өмірден өткен. Жалғыз інісі Қымызбайдың көзі ашық, көңілі ояу азамат болып өскені үшін ғана жазықсыз жапа шеккен 1937 жылғы құрбандардың қатарында айдалып, оның оралмас жолға біржола аттанғанын жесір қалған жеңгесі Бүбіхан мен жетім қалған Кәкетай екеуін өз қамқорлығына алған екінші әкесі Уызбай да ұлым деп маңдайынан шертпей жеткізген Кәкетайын қанша сағынғанмен, оның оралмасына көзі біржола жеткен соң «рухым табысар» деп ол да бақиға сапар шеккен. Уақыт – емші. Оның артында қалған қос қарындасы Сара мен Бибінұр бәріне де көніп, тіршілік жолдарын өз отбасыларында жалғастырған. Кәкетайдың жиендеріне оның майданнан жазған үшбұрышты хаттары мен «Ерлікпен қаза тапты» деген жаттанды «қара қағазды» көрсеткендері болмаса, қатыгез уақыт бәрін де ұмыттыруға тырысқан.

Подполковник В.Вартанянның «Лениншіл жас» газетінде жарияланған материалында майдандас досы, гвардия аға лейтенанты Кәкетай Қымызбаевтың талай ерлігіне өзінің куә болғанын, оның сенімді тұлпары Рулетімен ойда-жоқта жұлдыздай ағып келіп талай фашисті қылышпен жайратып тастап, аттың бір жақ бүйіріне жабысып алып, қас пен көздің арасында жоқ болып кететінін, атының «иесіз» шауып бара жатқанын көрген жаулары оны өлдіге санап қала беретінін жаза келіп, ол нағыз қорқу-үрку дегенді білмейтін қазақтың қас батыры болғанын жазады. Хатының соңында: «Содан бері ширек ғасыр (1967 жылы жазылғандықтан, оны 1942 жылдан кейін көрмегені ғой) уақыт өтіпті. Мен Кәкетайдың одан арғы тағдырын білгім келеді. Ол туған Жарсуына оралды ма? Әлде...» деп хатын аяқтайды. (Батырдың 1944 жылы Гродно қаласы маңында қаза тапқаны, тіршілігінде бес бірдей жауынгерлік орденмен және көптеген медальмен марапатталғаны, ол жөнінде деректерді редакцияның із­дестіріп жатқаны туралы В.Вартанянға сол 1967 жылдың жазында хат жазылды).

Газетте жарияланған подполковник­тің хатынан кейін редакторыма берген уәдем бойынша ол туралы мәліметтер жинай бастағанмын. «Кәкетай біздің ауылдың азаматы еді. Жастайынан елгезек, өнерлі, алған бетінен қайтпайтын батыл бала болып өскен еді» дейтін, ондай жігіттің бұл елде болғанын, алайда оның да қазіргі кезде ұмытылып бара жатқанын естеріне түсірген хаттар келе бастады. Қарт зейнеткер Бөленхан Жа­ғыпаров, Кәкетайдың сыныптас до­сы Мұқабек Ысқақов сынды азамат­тар оның бала кезіндегі кейбір іс-әре­кет­те­ріне тоқталыпты.

Белоруссияда әскери борышын өтеп жүрген Тоқтасын Дүйсекеновтен редак­цияға келген хат біздің ізденісімізді жеңіл­детіп, бағыт-бағдарымызды айқын­дай түскендей. Ол Белоруссияның Гродно облыстық «Гродненская правда» газетінің 1967 жылғы 22 қыркүйектегі санында М.А. Дубровиннің «Отважный сын казахского народа» атты көлемді мақаласының қиындысын салып жіберіпті. Онда автор Кәкетайдың көптеген ерліктеріне тоқтала келіп, Котовский атындағы 5 гвардиялық атты әскер дивизиясының бұрынғы командирі, запастағы генерал-майор Николай Степанович Чепуркинмен де тілдесіп, К.Қымызбаев туралы оның пікірін сұраған екен. Дивизия командирі талай ерліктің үлгісін көрсеткен қазақтың қаһарман азаматын әлі ұмытпағанын айта келіп, оны ең жоғары «Батыр» атағына ұсынған да едік, алайда белгісіз себептермен ол атақ берілмей қалды депті.

К.Қымызбаев туралы деректер жи­нау­ға сол кездегі Кәкетай оқыған «Правда газеті» атындағы Жарсу 8 жыл­­дық мектебі оқу ісінің меңгерушісі, жан-жақты білімді, өте зиялы, марқұм Ескендір Құранбаев қызу кірісіп кеткен болатын. (Бұл мақаладағы біраз деректер сол кісіден алынды). Ескендір аға мен жіберген газет қиындыларын алысымен генерал-майор Н.С.Чепуркинге хат жазған екен. Ол былай деп жауап қайтарыпты: «Ағалардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі болуы қажет. Сендердің ағаларың Қымызбаев барша жастарға үлгі болардай нағыз батыр еді. 1943 жылдың көктемінде Қымызбаевтың есебінде шабылған және өлтірілген жаудың 201 солдаты мен офицері болды. Оның ерлігін сіздермен бірге мен де мақтан етемін. Міне, осылар, Кәкетай сияқты ер жігіттер жеңіске қол жеткізді. Өз халқын мәңгілік даңққа бөледі».

Ең қызығы, біз деректерді шартараптан іздеп жүргенде, өзіміз редакция­да қатар қызмет істеп жүргендіктен жиі көретін белгілі журналист, жазу­шы, марқұм Жекен Жұмаханов біз із­деп жүрген кісі туралы жақсы біледі екен. Ол туралы әскери тілші ретінде май­дандық «Суворовшы» газетінде «Қыр қыраны» деген көлемді очерк жазыпты. Ол очеркті «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеті 1944 жылдың маусымындағы санында көшіріп жариялапты.

Жекен ақсақал өзінің әдемі бір жымиясына салып отырып, былай деп еді:

– Сендердің ағаларың Кәкетай марқұм нағыз шоқ болып туып, от-жалынға оранып өткен қаһарман еді. Қос жанары да от болып жанып тұратын. Менің бір таңғалғаным, жылқы баласымен соншалықты ортақ «тіл» табысып кеткен адамды көрмеген екенмін. Рулет дейтін қарагер сәйгүлігі бар болатын. Құдай-ау, иесінің бұйрығын қалт жібермей орындайтынына таңғалдым. Маған келіп атынан түскен соң, оның ауыздығын алып: «Ұзамай жайыла бер!» деп еді, аты жанымыздан желе жортып ұзай берді. «Апыр-ай, мына жануар сөйлей алмағаны болмаса, тілді түсінуге қалай үйретіп қойғансыз?!» десем, «Бұл жануар екеуіміздің жанымыз да ортақ, жау көзіне түспес үшін бұта-бүргеннің түбіне жата қалатын кезіміз де жиі болады» деп еді. Очеркімді «Аттың тілін білетін қазақ» деп атасам ба деп ойлап едім, алайда ол жігіттің ерлігін айтуға жеткіліксіз болып көрінді. Ал енді Кәкетайдың ерліктеріне көз жеткізгің келсе, кітапханалардың бірінен «Социалистік Қазақстанның» сол нөмірін тауып оқырсың, – деп тағы да әдемі жымиысына салып, қолын ұсынды.

– Аға, Кәкетай сізбен қоштасқан соң жайылуға кеткен атына өзі барды ма? – де­ген орашолақтау сауалыма:

– Е, жоқ, «Рулет келе ғой» деп дауыс­тап еді, жануар қос үзеңгісін шылдырлатып, жанымызға жетіп келді.

Ж.Жұмақанов ағамыз ауылдағы Ескен­дір Құранбаевтың жазған хатына: «Ол нағыз батыр жігіт еді. Кезінде оның ерлік істері бүкіл ІІ Балтық бойы май­данына кең тарады. Ержүрек жігітке тән мінез, қызуқандылық, алмастай өткір тілділік, жеңіл оралымдылық, алыпұшпалық та Кәкетайға тән қасиет болатын. Менің көз алдыма қазір де сол мінезімен елестей береді» деп жауап жазыпты.

Жарсудың зиялы қариясы Баттал Құранбаев ақсақал бір жолыққанда мынадай әңгіме айтып еді: «1943 жылы Кәкітай бір суретті жіберіп, сыртына «Нағашым Шағиев Жұмағалиға. Алматы, кинохроника» деп жазыпты. Жанындағы суреттегі кісілерді та­ны­мадық. Басында елтірі папақасы бар, кеудесі орден, медальдарға толы жас офицер өзіміздің Кәкетай екенін бір­ден таныдық. Жұмағалидың зайыбы Қамар кейуананың жарты ғасырдан бері сақтап келген сурет сыртындағы «Алматы, кинохроника» дегеніне қарап, оның сол жылы Алматыда болғанына күмәнданбаймыз». Осы суреттегі «кинохроника» деген сөзді дәлелдей тү­сейін дегендей Баттал ақсақал: «Сол соғыс жылдары ауылға біреулердің келіп, Кәкетай туралы киножурнал көр­сеткенін» айтып еді.

Әрине, ол киножурналды архивтен іздетуге сұрау салғанымызбен, еш нәтиже шықпады. Алайда батырдың кезекті бір ерлігінен кейін еліне барып қайтуға демалыс берген екен, бірақ ол «Достарым жаумен кескілескен ұрыс жүргізіп жатқанда шалғайдағы Зайсанға бармай-ақ Алматыны көргеніме риза болып, қайтадан майданға аттанайын» деп, астанада 3-4 күн ғана болып, аттанып кеткені белгілі болды.

Мен, әрине кейіпкерімнің ерлік істеріне куә болмағаным және онымен тілдесудің де мүмкін еместігі түсінікті. Сондықтан ол туралы бұрын-соңды жазылған материалдарды көктей шолып, К.Қымызбаевтың бір-екі ерлігі туралы және оның қалай қаза болғаны туралы деректі айта кетейін...

 

Қауіпті айдың қатерлі күні

1941 жылдың 20 шілдесі күні. Львов облысының шекараға жақын бір қаласына Г.И.Котовский атындағы атты әскер құрамындағы пол­к орналасқан болатын. Арындары басылып, аптықтары мұқала қоймаған жау әскері соғыс басталғалы кеңес жауынгерлерін күн са­нап тықсырумен келе жатқан. Жауын­гер­лер бірте-бірте шегінсе де, әр сала, әр қала үшін жан беріп, жан алып дегендей шайқасып еді. Қарыс жер үшін болған арпалыстарда күші басым жау талай боздақтың басын ұрыс даласында қалдырып жатқан. Н. селосының негізгі орталық көшелерін жау қолында қалдырып, кеңес әскерлері ең шеткі көше үшін шайқас үстінде еді. Қазір жау басып алған көшеден біздің сарбаздар атыса шегініп бара жатқан он бес-жиырма минуттай бұрын бір иығына тиген оқтан Кәкетай аттан ұшып түскен. Мына жауып тұрған оқтан құтылып, атына қайтадан міне алмайтынын білген ол: «Рулет, біздің әскердің соңынан кет!» деп бұйырған. Иесінің айтқанын бұлжытпай орындап үйренген жануар біздің кавалеристердің соңынан шаба жөнелген. Кәкетай болса, өлген адам сияқты тыпыр етпей жатқан. Қырындап жатқан күйі дәл алдындағы таяқ тастам жердегі өртеніп жатқан үйге көзі түскен. Отқа орана бастаған үйдің есігі де ашық тұр екен. Ол бар қайратын бойына жинап, орнынан тұра сала өртеніп жатқан үйге қарай тұра жүгірген. Оны көріп қалған жау пулеметі бұған қарата оғын бүрке бастағанда бұл да үй ішіне кіріп үлгерген. Тек оң жақ балтырының солқ етіп ауырғанын сезген. Үйдің тақтаймен шегеленген дәлізінің отқа оранып, кір­піштен қаланған бөлмелері көк тү­тінге көмілгені болмаса, өрттен аман сияқты. Ол ойланбастан бұрышта тұрған орыс пешінің ішіне кіріп кетіп, көйлегін жыртып, жарасын таңды. Сол кезде үйдің төбесі де гүрс етіп құлап түсті. Мұржадан келіп тұрған ауамен тыныстап, ащы тү­тіннен қос жанары ашығанымен, ол әзір өле қоймайтынын білді. Кеш батып, қараңғылық түсе бастағанда әлі бықсып жанып жатқан ағаштардың арасынан еңбектеп сыртқа шыққан. Дәл жанында тұрған үйдің терезесінен сақылдап тұрған жау пулеметі 150 қадамдай жерде бекініп жатқан біздің жауынгерлерге бас көтертер емес. Ол ойланып тұрмай, еңбектеп барып, қосақталған гранатаны пулеметі сақылдап тұрған терезеге лақтырған. Алапат жарылыстан кейін пулеметтің үні өшті. Ол ақсаңдай басып барып, терезеден ішке түскенде жайрап жатқан қос фрицтің өліктерін итеріп тастап, пулеметті фрицтер бекініп жатқан окопқа қарай бұрып, «сөйлете» бастаған. Ол жандәрмен: «Жауынгерлер, Отан үшін алға!» деп бар даусымен айғайлаған. Уралап ұмтылған жауынгерлер сол күні жауларын селодан қуып шықты.

Рулеті иесіз келген соң оны өлдіге санаған майдандастары қаны көп кетіп, шала жансар күйінде оғы таусылған пулеметті құшақтап жатқан жігітті тауып алып, санитарлық бөлімге жіберген. Ол екі-үш апта емделген соң қайтадан қатарға қосылып, Рулетімен табысқан. Оның осы ерлігі алғашқы «Қызыл Жұлдыз» орденімен бағаланып еді.

Белоруссияның Гродно қаласының батыс жағындағы Августов орманында немістермен қиян-кескі шайқас жүріп жатқан. Жаудың алғаш шекарадан өт­кен кездегі алкеуде арыны да жоқ, «суға кеткен тал қармайдының» керімен шегінсе де, өлермендігінен танбаған. Бұл күні жау Сопоцкино маңына барып бекінген. Түс ауа дивизия командирі
К.Қымызбаевты өзі басқаратын атты әс­кер бөлімшесімен жау бекініп жат­қан жерді барлап, мүмкіндігі болса «тіл» алып келуді бұйырған. Әскери түсі­ніктегі сөздің «бұйрық» деп аталатыны болмаса, дивизия командирінің үнінде өтінішке ұқсас реңк бар еді.

– Мен саған сенемін, аға лейтанант Қымызбаев, аман барып, сау қайт! – деп ағалық тілегін айтқан. Алайда...

Жігіттер қалың орманның ішімен біраз жерге дейін атпен, әрі қарай жаяу­лап барып, тапсырманы мүлтіксіз орындаған. Күзетте тұрған қос бірдей немістің үндерін шығармай, тұтқынға алып, қарсы жақтың бекінісін, адамдары мен қару-жарақтарының мөлшерін біліп, қалқада қалдырылған аттарына мініп, қайтар жолға түскен. Бұлардың келгендерін алдын ала сезді ме, әлде кездейсоқтық па, әйтеуір, барлаушылар алдарынан шыққан үлкен тосқауылға киліккен. Ойланып тұрар уақыт жоқ, бұлтара қашар басқа жол да жоқ. Кәкетай: «Жігіттер, қоршауды бұзып өтеміз, алға!» деп, Рулетті жұлдыздай ағызып келе жатып, бүгінгі күннің де 1944 жылдың 20 шілдесі екені есіне түсті. Алғашқы жараланған, алғашқы орден алған күн. Ол бұл күнді жамандыққа жорымайыншы деп ойлаған.

Мынандай көзсіз ерлікті күтпей, жаңа ғана: «Орыстар, беріліңдер!» деп айқай-сүрең салып тұрған немістер автоматтарын кезеніп үлгергенше жігіттердің біразы қоршауды бұзып өтіп, біразы ат үстінен аунап түсіп жатты. Қымызбаевтың жарқылдаған алмас қылышы екі фрицтің басын домалатты. «Сонымен, жиыны 205 болды» деген бір қуанышты ойдың келгені сол еді, соңынан қуа атылған мергеннің оғы дәл жүректен қадалған еді. Құлап қалған иесін құтқармақ болып, қайыра шауып келген Рулет те оған жете бере құлады. Талай сын сағатта бір-біріне адал серік болған Кәкетай мен Рулеттің қандары қосыла ағып жатты. Иә, бұл 1944 жылдың 20 шілдесі болатын...

Мен редакторымызға берген уәдемде тұрып, «Лениншіл жастың» (1968 жыл, 9 мамыр) келер жылғы мерекелік санында «Ол Жарсудан еді» деген очеркімді жарияладым.

 

Батыр есімін есте қалдырсақ...

Ресми түрде батыр атағын тағы бір қазақ­қа бере салуды артық көрсе де, үш жылдан аса уақыт ішінде бес бірдей – Бірінші және Екінші дәрежелі, қос бірдей «Отан соғысы», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және «Қызыл ту» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған Кәкетай Қымызбаевты жерлес жұрты ғана емес, майдандастары, оның өмірін зерттеген қаламгерлер нағыз Батыр деп біледі. Тек қана соңында ізін суытпай іздеушісі жоқ адамның ерлік еңбегін уақыт тозаңы басып, ұмыттыратыны өкінішті.

Сонау 1969-1970 жылдары ауыл мек­тебінің директоры Рияхан Әшімханов, оқу ісінің меңгерушісі Ескендір Құран­баевтар «Қызыл ізшілдер» деп аталатын бір топ оқушыны Гродно маңындағы Со­ничи селосына аттандырған. Олар Кәкітайдың ерлікпен соңғы тынысы үзіліп, жерленген қабірін тауып, басына туған жерінің бір уыс топырағы мен бір жіліншік жусанын қойып қайтты. Сол 1969 жылы Жарсу ауылының тұр­ғындары ол оқыған мектепке батыр­дың атын беру жөнінде аудандық атқару комитетіне ашық хат жолдапты. Жарсудағы ұжымшар және мектеп «Правда газеті» атында болатын. Орталық партия комитетінің органының атын өзгерту ауданды қойып, одан жоғарғылардың да жүректері дауаламайтын іс болатын.

Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Ұжым­шар келмеске кетті. Мектеп одан б­ері қарай ауылдың атымен аталып­ты. Осыдан алты-жеті жыл бұрын ауыл қариялары  Жарсу мектебіне Қы­мызбаевтың есімін беру жөніндегі әң­гімені қайта қозғаған екен, әлдебір керауыздар: «Оның 205 фашисті өлтіргенін кім санап тұрыпты. Қойсақ лайықты біреудің есімін берейік», деп әңгімені жол ортада қалдырыпты. Мен жерлес батырымыздың өмір жолын біраз білетін адам ретінде және К.Қымызбаев туралы көп деректер жинап, есімі ел есінде қалуы тиіс оның ауыл мектебіне есімін беру жөнінде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы басшыларына ұсыныс айтқым келеді.

Ұлы қаһармандарын ұмытпай, олар­дың ерлік істерін ұрпаққа өнеге ету – бәріміздің кісілік, азаматтық парызымыз екенін ұмытпайық.

 

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,

жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері