Аймақтар • 08 Мамыр, 2021

Қазалыда балық шаруашылығын дамыту қолға алынды

791 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысындағы Арал ауданында жақсы дамыған кәсіптің бір түрі балық шаруашылығы. Бұл кәсіппен ертеден айналысатын ағайындар балықты аулап қана қоймай, оларды көбейтуді де жолға қойған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазалыда балық шаруашылығын дамыту қолға алынды

Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев көршілес Арал ауданында арнайы іссапармен барып, балық шабақтарын өсіру шаруашылығымен айналысатын мекемелер жұмысымен танысты.

Аудан басшысы алдымен Қосжар ауылындағы «Қамыстыбас балық питомнигіне» барды. Ол жерде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев әріптесіне көршілес аудандағы балық шаруашылығы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ал, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директорының орынбасары Айдос Есепбаев 1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекемеде балықтың 3 түрі өсірілетін жеткізді.

Қазір мұнда ақ амур, дөңмаңдай және сазан балықтарының 15 млнға жуық шабағы өсірілуде. Питомник Қызылорда облысы аймағындағы мемлекеттік тапсырыспен Арал өңірінің, Сырдарияның төменгі құйылысындағы балық аулау кәсіпшілігіне ыңғайлы табиғи су қоймалары мен көлдерді балықтандыру мәселесімен айналысып келе жатқан мекеме.

Аудан басшысы Ақшатау ауылындағы балық өсіретін инкубациялық цехта да болды. Өткен жылы пайдалануға берілген цехты қазалылық кәсіпкер Төребек Игіліков аралдық серіктестерімен бірігіп ашқан.

Төребек Игіліковтың айтуынша, жалпы құны 40 млн теңге болатын цех ғаламдық экологиялық қордың қаржылай қолдауымен салынған. Жобаны жүзеге асыру үшін 11 млн қайтарымсыз грантқа да қол жеткізген.

Бүгінде балық өсіретін инкубациялық цехта көксерке, сазан, дөңмаңдай және ақ амур шабақтары өсіріліп жатыр. Заманауи құрал-жабдықтар Ресейден сатып алынған. Балық уылдырығынан алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарына жіберілетін болады.