497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанса, олардың 97-сі қазақ ұлтынан», деп жазды. Соғыстан кейін мұндай атаққа 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы Сабыр Рахимов, 1990 жылы Бауыржан Момышұлы ие болды. Бірақ майдан барысында Батыр атағына ұсынылып, онысы бұйырмаған майдангерлер қаншама. Соңғы жылдары осындай майдангерлер есімдерін анықтау мақсатында құрылған «Ұмытылған батырлар» жобасының мәліметіне сүйенсек, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ оны алмаған 133 қазақстандық жауынгердің есімі анықталыпты. Атап айтқанда:
Рота командирі Құсайынов
25-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 81-ші атқыштар полкінің рота командирі, кіші лейтенант Төлеу Құсайынов (1916 ж.т.) 1939 жылы Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан әскерге шақырылған. Оның полкі жауды қуа отырып Буг өзені бойына келді, оларға өзеннен өту міндеті жүктелді. Құсайынов өзінің ротасының аз ғана жауынгерлерімен шапшаң, әрі батыл қимылдап, оң жағалауға жүзіп өтіп, жауды биік маңайдан қуып шықты.
Сол сияқты 1944 жылы 28 наурызда Шляхово ауылы үшін шайқаста Құсайынов ротасы елді мекенге бірінші болып кіріп, шебер басқарудың арқасында жаудың 4 бронетранспортері мен 2 автомашинасын, 100-ден астам жауынгері мен офицерінің көзін жойса, Болта қаласы үшін соғыста жаудың «Тигр» және үш «Пантера» танкін қолға түсірді. Одан кейін Котовск қаласын азат ету шайқасында кіші лейтенант Құсайынов сарбаздары үзіліссіз төрт сағат соғысып, жаудың 70-ке жуық жауынгері мен офицерін жойды.
Осы ұрыста жеке өзі 60-тан астам фашисті жойған рота командирі ауыр жараланып, ұрыс алаңында ерлікпен қаза тапты. Кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Капитан Құдагелдинов
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданынан майданға шақырылған капитан Қотырбай Құдагелдинов (1909 ж.т.) Сталин атындағы 301-ші атқыштар дивизиясының 1050-атқыштар полкі 8-ші атқыштар ротасының командирі ретінде небір ерліктер көрсетті.
Капитан Құдагелдиевті марапаттау туралы парақта: «1945 жылы 2 ақпанда Одер өзенінен өту кезіндегі шайқаста, жаудың күшті соққысына қарамастан, жолдас Құдагелдиновтің басшылығымен рота батыл әрекетпен өзеннен өтіп, маңызды бекіністі қолға түсірді. Жау жоғалтқан шебін қайтарып алу үшін 12 танкінің күшімен бірнеше рет күшті шабуылға шықты. Кұдагелдинов 20 адамнан тұратын топпен өз шептерін асқан ерлікпен қорғап, 70-ке жуық немісті жойды. 1945 жылы 4 ақпанда рота екі жаяу батальон және сол қапталдан 34 танктің, оң қапталдан 20 танктің қолдауымен шабуылға шықты. Таңғаларлық факт: 17 жауынгер шебер командирдің басшылығымен екі күн бойы қарсыластың 12 шабуылын қайтарды. Бірінші күні капитан Кұдагелдинов бекінген үйдің жанында жаудың 156 адамы өліп және 3 танкі қиратылды. Екі танкті ротаның командирі өзі атып қиратты. Келесі күні таңертең фашистер қару-жарақ пен 12 танкті пайдаланып, тікелей шабуылдап, үйді қиратып, сосын өртеп жіберді. Өртенген үйдің шатыры мен төбесі сарбаздардың үстіне құлады, бірақ олар орындарынан қозғалмады және жаудың жойқын шабуылына тойтарыс беруді жалғастыра берді. Ержүрек капитан Кұдагелдинов қираған үйге кірген фашистерді қақ маңдайынан атып тастап отырған», делінген. Ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Гвардия лейтенанты Көктаев
Гвардия лейтенанты Қабыш Көктаев (1922 ж.т.) Павлодар облысы Ертіс ауданынан әскерге шақырылып, Қызыл Ту орденді Коростеньдік Суворов дивизиясының 1033-ші атқыштар полкінің 5-ші атқыштар ротасының командирі міндетін атқарған екен. Ол 1944 жылы 9 тамызда Висла өзенінен өту кезінде өз ротасын бастап, жағаға бірінші болып жетіп, қалған жауынгерлердің батыс жағалаудағы плацдармға сәтті орналасуын қамтамасыз етеді. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ «Ленин» орденімен марапатталған.
Лейтенант Көктаевтың марапаттау парағында: «Жолдас Көктаев басқарған рота 1945 жылдың 27 қаңтарынан 28 қаңтарына қараған түнінде жаудың екі ату нүктесін және ротаға жуық жауынгерлерін жартылай жойды. 28 қаңтарда оның ротасы плацдармды жаудың ішкі жағына қарай 4 шақырымға, майдан бойымен 2 шақырымға кеңейтті. Басып алынған трофейлер: 3 жеңіл автокөлік, 5 жүк көлігі және 10 неміс жауынгері», делінген. Гвардия аға лейтенанты Көктаев осы ерлігі үшін екінші дүркін Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайықты көрілген. Бірақ оған бұйырғаны Қызыл Ту ордені ғана. Батыр ағамыз 1945 жылдың 20 сәуірінде Польшаны азат ету кезінде қаза тапқан.
Лейтенант Ахметов
Лейтенант Әбен Ахметов (1916 ж.т.) майданға Алматы қаласы Ленин аудандық комиссариатынан шақырылған. Суворов атындағы Қызыл тулы 383-ші Феодосия атқыштар дивизиясының өздігінен жүретін 28-ші артиллерия дивизионында бөлімше командирі болып майданға қатысқан. Оның 1945 жылы 16 наурызда жазылған марапаттау парақшасында: «1945 жылы 2 наурызда Фогельзанг селосы үшін шайқаста Ахметов жаудың күшті артиллериялық-минометтік отшашқышына өзінің СУ-76 зеңбірегімен аласапыран атыс жүргізді. Қысқа уақытта жаяу әскердің жолын тазартып, 8 пулемет және 80 фашистің көзін жойды. Сөйтіп жаяу әскердің алға жылжып, Фогельзанг селосын алуына мүмкіндік жасады. Одан кейін 1945 жылы 5 наурызда жау артиллериялық-минометтік отшашқышты пайдаланып, қарсы шабуылға ұмтылды. Ахметов жолдас қоршауда бола тұра, батылдықпен үсті-үстіне қарсы шабуылға шығып тойтарыс беріп, жаудың өздігімен жүретін қарулы экипажының күл-талқанын шығарды. Бір күнгі ұрыста жаудың 12 қарсы шабуылын тойтарып, сонымен бірге 19 пулеметін жойып, 280 фашисті жайратты», делінген. Осы ерлігі үшін лейтенант Ахметов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Кіші лейтенант Құскенов
Майданға 1942 жылы Ақмола облысы Макинск әскери комиссариатынан шақырылған. 1923 жылы туған кіші лейтенант Қабдулла Құскенов 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының 756-ші атқыштар полкі взводның командирі міндетін атқарып жүріп, 1945 жылы 26 сәуірде Берлиннің жанындағы Бланкенбург қаласының маңындағы шайқаста, еңбектеп барып неміс танкісінің көзін жойып, батальон комсоргымен бірге жаудың траншеясына басып кіріп, немістің 7 жауынгерін өлтіріп, 9 жауынгерін және офицерін тұтқынға алды. Құскенов өзінің қарамағындағы 76 мм қос зеңбіректі шебер қолданып, жаудың 26 далалық және 3 зенит пушкасының көзін құртып, онымен қоймай, неміс амбразурасына граната лақтырып ДЗОТ-ын жояды.
1945 жылы 27 сәуірде болған Берлин көшесіндегі ұрыста жертөлелерді шебер пайдаланып, немістердің тылына өтіп 200-ден астам жау әскерін тұтқынға түсіреді. 1945 жылы 30 сәуірде Батыр атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Жауынгер Данкин
1941 жылы 22 қарашада Гимом қаласы маңында болған шайқаста 87- атқыштар дивизиясы 283-атқыштар полкінің минометшісі, 1918 жылы туған қазақ жауынгері Есентай Данкин ерлігімен ерекшеленді. Ол батальон штабына маңызды хабарламамен келе жатып, командалық пунктті қоршауға алған жаудың 8 адамнан тұратын тобын байқап қалады. Жалғыз өзі шабуылға шыққан қазақ азаматы бірден алға ұмтылып, жаудың үш адамын атып түсіріп, қалған үш немісті штыкпен түйреп өлтіреді. Үрейленіп тұра қашқан екі фашисі Данкин қуып жетіп екеуін де мылтықтың дүмімен ұрып жоқ қылған екен.
Жауынгер Данкиннің батылдығын Әскери кеңес мүшелері жеке құрамаға үлгі ретінде көрсетіп, оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бірақ ол Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Ефрейтор Азаханов
Қызылтулы Суворов дивизиясының 176-шы гвардиялық полкінің барлаушысы, 1919 жылы туған ефрейтор Сапарқан Азаханов 1944 жылы 9 ақпанда барлауда жүріп, тылдағы полкке жасырын шабуылдауға келе жатқан 600-ден артық сарбазы бар фашист жасағын көріп қалады. Немістер де Азахановты байқап қалып аласапыран атыс басталады. Азахановтың астындағы атына оқ тиіп, өзі жарақаттанса да немістерді алға бір қадам аттатпай, полкке хабар беріп үлгереді. Соның арқасында полк қоршаудан аман қалады. Осы ерлігі үшін қазақ азаматы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Аға сержант Жақсымбаев
89-шы атқыштар дивизиясы 526-шы атқыштар полкінің, бөлімше командирі, 1920 жылы туған аға сержант Құрманғали Жақсымбаев майданға 1944 жылы Қарағанды әскери комиссариатынан шақырылған екен. Севастопольдағы болған шайқаста өзін нағыз батыр ретінде көрсеткен. Ол өзінің автоматшылар бөлімшесімен жаудың траншеясына басып кіріп, жаудың 22 жауынгері мен офицерінің көзін жояды.
Жауынгерді марапаттау жайлы 1944 жылғы 20 мамыр күнгі құжатта: «Шабуыл кезінде біздің жауынгерлерді жау ДЗОТ-ы алға жылжытпады. Жақсымбаев жолдасқа ДЗОТ-ты айналып барып, оны гранатамен құрту міндеті жүктелді. Ол еңбектеп ДЗОТ-қа барып, оның үңірейген аузына дәлдеп граната лақтырды. Қорғаныстағы жаудың 4-еуі өліп, 15-і тұтқынға түсті» делінген екен. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Кіші сержант Рыскелдиев
1945 жылы 16 наурызда Одер өзенінің батыс бөлігіндегі плацдармда болған шайқаста 4-ші атқыштар Бежицк дивизиясы, 220-шы атқыштар полкінің бөлімше командирі кіші сержант, қызылордалық азамат Мұса Рыскелдиев (1925 ж.т.) ерен ерлігімен көзге түседі. Оны марапаттау жайлы құжатта: «Лейтенант Романов басқарған ротаға биіктікті алу тапсырмасы жүктелді. Осы тапсырманы орындау барысында кіші сержант Рыскелдиев бірінші нөмірлі қол пулеметімен оқ жаудырып, фашистің пулеметшілер тобын жойды. Бірінші болып жау траншеясына баса-көктеп кіріп, гранатпен ұрыс жүргізді. Осы тұста Рыскелдиевке жаудың 5 жауынгері мен офицері қарсы ұмтылып, оны тірідей тұтқындамақшы болды. Бірақ қазақ азаматы шұғыл шешім қабылдап, соңғы гранатасын қолға ұстаған күйі жаумен бірге өзін де жарып жіберді» делінген. Қаза болған соң Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Байланысшы Нұрбаев
Гвардия аға сержанты Қуанышбек Нұрбаев (1915 ж.т) майданға Ақмола облысы Молотов аудандық комиссариаттан шақырылып, 38-ші гвардиялық артиллерия дивизиясы байланыс бөлімінің командирі міндетін атқарған. Ол 1945 жылы 16 сәуірде Одер өзенінің шығыс жағалауында болған ауыр шабуыл кезінде дивизионды бақылау пунктімен шебер байланыстырып, өзенінен өткеннен кейін де оны қамтамасыз етті. Ол тек бір күнгі ұрыста жау оғының салдарынан үзілген 40-қа жуық сымды қалпына келтірді.
1945 жылы 18 сәуірде байланысшы Нұрбаев қауіп-қатерді елемей, жау оғының астында 15 дүркін үзілген линияны жөндеді, артдивизияның шабуылын қамтамасыз етті, сонымен бірге жаудың қарсы шабуылдарын сәтсіздікке ұшыратты. Осы ерлігі үшін байланысшы-жауынгер 1945 жылы 20 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ «Ленин» орденімен марапатталды.
Сержант Ағыбаев
Сержант Дәулет Ағыбаев (1921 ж.т.) 1940 жылы Балқаш әскери комиссариатынан майданға шақырылып, 112-ші кавалерия дивизиясының 294-ші кавалериялық полкінің 1-ші эскадрондық бөлімшесіне командир болып тағайындалды. 1943 жылдың 21 қаңтарында оған 30 кеңес жауынгерімен бірге неміс әскері бекінген арнайы биіктікті басып алу жайлы тапсырма жүктелді. Олар биіктікті жаудан тазартып, қарсы ұмтылған фашистердің жойқын соққысына төтеп берді. Бұл батырлардың ерлігі жайлы жазылған баяндауда: «Соңына дейін тұрамыз! Біз өлсек те немістерге қайтадан биіктікті бермейміз!», деген кеңес жауынгерлері бір адым шегінбеді, биіктікке бірде-бір фашисті жолатпады. Екі күн бойы олар батырлықпен қорғанды, жаудың толассыз қыспағын, жеті дүркін қарсы шабуылдың бетін қайтарды. Осы 30 қаhарман екі күнде 300 немісті, 3 танкті және брондалған автокөлікті жойды» делінген. Осы ерлігі үшін сержант Ағыбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Қайтыс болғаннан кейін I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Мерген Байжанов
Гвардия аға сержанты, баянауылдық мерген Зейтін Байжанов (1915 ж.т.) 61-гвардиялық атқыштар дивизиясы, 187-гвардиялық атқыштар полкі снайперлік бөлімшесінің командирі болып майдан жолын 1941 жылы бастады. Алғашында ол 120 мм миномет батареясында қарапайым жүргізуші болған екен. Кешікпей мерген мылтығын қолға алады. Тіпті тәлімгер-мерген дәрежесіне көтеріледі. 1942 жылдың 25 қарашасынан бастап, үш айдың ішінде ол 50 мергенді дайындап шығады. Олар жаудың 128 жауынгері мен офицерін жойды. Осы еңбегінің нәтижесінде, 1943 жылдың 25 маусымында Байжанов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Тәлімгер-мерген Байжанов одан кейін де, яғни 1943 жылдың сәуір айынан бастап, аз ғана уақыт ішінде 72 мергенді дайындады. Оның жеке құжатында:«Жауынгер Байжанов дайындаған мергендер тобы 632 неміс жауынгері мен офицерін жойса, жеке өзі 248 жаудың жауынгері мен офицерлерін жойды» делінген. Осы ерлігі үшін ол екінші дүркін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ «Ленин» орденімен марапатталған.
Мерген Қабдулов
1922 жылы туған, гвардия сержанты, 66-гвардиялық атқыштар дивизиясы 267- гвардиялық атқыштар полкінің мергені Әбдіқалық Қабдулов майданға Алматы облысы Қаратал ауданынан шақырылған. Ол 1942 жылдың желтоқсанынан 1943 жылдың наурызына дейінгі аралықта 138 неміс солдаты мен офицерінің көзін жойғандықтан, осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, одан кейін де қазақ мергені 1944 жылдың шілде айында 215 фашисті жойған екен. Сонымен қатар жаудың 400-ге жуық солдаты мен офицерінің көзін құртқан мергендер тобын дайындаған. Бірақ батыр жігіт 1944 жылы 21 шілдеде мерт болған.
Танкші Рахметов
Ұлы Отан соғысы кезінде ерекше көзге түскен танкші Жұмаш Рахметов 1919 жылы Қарағанды облысы Қарсақбай кентінде дүниеге келген. 1941 жылы Сызран танк мектебін бітірген гвардия аға лейтенанты Рахметов басқарған танкшілер майдан даласында немістің 8 ауыр қаруын, 3 минометін, 15 пулеметін, 120 қорап снаряд пен минасын жойып, жаудың 8 танкісін істен шығарады және немістің 175-тен астам жауынгері мен офицерін жойған.
1942 жылғы 24 желтоқсанда ржевтік Вереиста кенті үшін болған шайқаста гвардия аға лейтенанты Рахметов маневр жасап, күтпеген жерден шабуыл ұйымдастырып, жаудың 2 орта танкісін, 2 қаруды, 7 пулеметтік пунктті және 60-қа жуық фашисті атып түсіреді. Осы шайқаста ауыр жараланып, қаза болады.
Оның ерлік жазбасында «Жолдас Рахметовтің жауынгерлік есебінде жойылған 4 неміс танкі, түрлі калибрдегі 15 қару, 36 ДЗОТ, 6 миномет, 19 пулемет және 300 неміс солдаты мен офицері бар. Жауынгерлік батылдығы мен қаһармандығы үшін гвардия аға лейтенанты Рахметов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық» деп көрсетілген. Бірақ I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Танк командирі Дүйсенбеков
Атыраулық кіші сержант Кутузов бригадасының 9-механикаландырылған Қызыл Ту орденді Варшава полкінің танк командирі Сада Дүйсенбеков (1922 ж.т.) – бірінші болып Берлиндегі БИСМАРК-ШТРАССЕ-ге басып кірген жауынгерлердің бірі. Оның марапаттау парағында «1945 жылы 17 сәуірде Буцлов ауданында өткен түнгі шабуыл кезінде Дүйсенбековтің танкісі бірінші болып жаудың қорғанысын бұзып өтіп, 1 зениттік батареяны, 2 танкіге қарсы қаруды, 35 автокөлік пен 30 неміс солдаты мен офицерін жойды» делінген.
Одан кейін де 1945 жылы 1 мамыр күні қиылыстарда көмілген 3 неміс танкісін жойып, баррикаданы еңсеріп, сонымен қатар 50 фашисті жер жастандырған. Берлиннің орталығына өткен шайқаста 115 немісті тұтқынға түсірген ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Сержант Имантаев
Сержант Жетпісбай Имантаев (1916 ж.т.) 1939 жылы Ақтөбе облысы Дзержинск әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылып, 91-ші танк бригадасының 2-ші танк батальонында механик міндетін атқарып жүргенде соғыс басталған. Қан майданға бастан- аяқ қатысқан оның 1945 жылғы 14 наурызда жазылған марапаттау парағында: «Бригаданың жауынгерлік іс-қимылдары кезінде механик-жүргізуші Имантаев 14 шабуылды сәтті атқарды. Әсіресе түнгі шайқастарда траншея сызығын кесіп өтіп, бірінші болып жау шебіне басып кірді.
Осы шайқаста экипаж құрамы
1 зенит қондырғысын, 3 оқ ату нүктесін жойып, жаудың 4 автомашинасын қиратты. 1945 жылы 19 қаңтарда шайқас алаңында барлық кедергіден шебер әдіс жасау арқылы жаудың қапталынан айналып өтіп, Злочев қаласына бірінші болып кірді, сонымен бірге жаудың 2 ПТО-сын, 3 пулеметін, 3 автомашинасын және жаудың 20 жауынгері мен офицерінің көзін жойды. Имантаев экипажы 1945 жылы 28 қаңтарда Николаев қаласы үшін шайқаста жаудың 2 танкісін, 3 зеңбірегін, 1 зенит қондырғысын, 2 бронетранспортерін, 9 автомашинасын, 5 мотоциклін және 35 жауынгері мен офицерін жойды. 1945 жылы 15 ақпанда Кальтхаус елді мекені бағытына барлауға шыққанда оның танкісі атыс астында қалды, соңынан екі оқ танкке дәл тиіп, нәтижесінде өртке оранды. Бірақ сержант жалынға оранған танкісін шайқас алаңынан бір шақырым қашықтыққа шығарып, өртті сөндірді» делінген. Осы ерлігі үшін ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Санитар Рахметқалиев
1942 жылы бұрынғы Гурьев облысы Гурьев аудандық әскери комиссариаттан майданға шақырылған Камал Рахметқалиев (1900 ж.т.) 134-ші Вердинск «Қызыл Тулы» атқыштар дивизиясы, 735-ші «Қызыл Тулы» полктің 5-ші атқыштар ротасында санитар міндетін атқарған Камал Рахметқалиев 1944 жылы 29 шілдеде Висла өзенінен өту кезінде ауыр жарақаттанған 29 жауынгерді оқ астынан аман алып шыққан.
Сондай-ақ 1944 жылы 4 тамызда Барычка селосы үшін ұрыста, Рахметқалиев жақын үйде екі жаралы офицер жатқанын байқап қалып, оған жақындап қалған немістерге қол пулеметінен оқ жаудырады. Ержүрек санитар өз өмірін тәуекелге тігіп, үйге кіріп екі офицерді алып шығады. Сол күні Рахметқалиев соғыс алаңында әртүрлі жарақат алған 48 жауынгер мен 8 офицерді аман алып шығады. Ол 1944 жылы 16 қыркүйекте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Санитар-нұсқаушы Сарсеев
Алматы облысы Жамбыл аудандық комиссариаттан майданға шақырылған Ташнен Сарсеев (1912 ж.т.) 133-атқыштар дивизиясы, 681-полктің санитар-нұсқаушысы ретінде 1941 жылғы 10 шілдеден бастап соғысқа кіреді. Ол соғыс алаңынан 168 жаралы жауынгер мен офицерді, оның ішінде 120 адамды қаруларымен қоса аман алып шыққан. 1941 жылы 17 қазан мен 6 қараша аралығында Калинин қаласы үшін шайқаста соғыс алаңынан 87 адамды, соның ішінде 75-ін қаруымен алып шықса, 1941 жылы 30 қараша және 1 желтоқсанда Мәскеу облысы, Коммунист ауданы Каменка жеріндегі шабуылда 15 жаралы жауынгерді жау жолды жауып тастағанына қарамастан, жақын маңдағы Краснополянск ауруханасына жеткізеді.
1941 жылы 5 желтоқсанда Мәскеу облысы Хорошилово селосындағы шайқаста соғыс алаңынан 8 жауынгерді қаруларымен қоса құтқарса, 1941 жылы 16-23 желтоқсанда Тула облысының Горохово, Селиверстово, Льгово елді мекендерін азат ету кезінде соғыс алаңынан 30 адамды алып шықты. Одан басқа, Сарсеев 1941 жылы 28 қарашада Мәскеу облысы Коммунист ауданы Клусово селосында ұрыс алаңынан 1 станокты пулемет, 1 роталық минометті шығарды және қираған танкке қарсы пушканы шығаруды ұйымдастырды. Осы ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыр атағына ұсынылған, бірақ тек «Ленин» орденімен марапатталды.
Батальон санитары Батырбеков
Майданға 1942 жылы Қарағанды облысы Жезқазған аудандық комиссариаттан шақырылған ұлытаулық Айтжан Батырбеков (1913 ж.т.) 62-ші гвардиялық танк бригадасы моторландырылған автоматшылар батальонының санитары ретінде майдан даласында шайқас алаңынан 20 жаралыны алып шығып қана қоймай, отқа оранған танктен барлық экипажды құтқарады. Сондай-ақ Полессе, Воле-Моровицка, Забожеон елді мекендері үшін болған шайқаста ерекше көзге түсіп, жаралыларды құтқарумен қатар, 8 неміс жауынгері мен офицерінің көзін жояды. 1945 жылы 2 ақпанда неміс басқыншыларына қарсы күресте жауынгерлік борышын үлгілі орындағаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағын беру ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Сапер Жансеріков
1941 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласынан Қызыл Армияға шақырылған Құдайберген Жансеріков (1914 ж.т.) Ленин және Қызыл Ту орденді Суворов дивизиясының 86-шы жеке гвардиялық саперлік батальонында жауынгерлік міндетін атқарды.
Оның марапаттау парағында: «Дивизия Висла өзенінен өткен кезде сапер Жансеріков екі дүркін снаряд жарықшақтары тиіп зақымданған қайықты қайта жөндеп, өзеннің екінші бетіне 13 рет жүзіп өтіп, паром арқылы қару-жарақпен тиелген 6 жүк көлігін, 76 миллиметрлік 8 зеңбіректі, 250 жаяу жауынгерді өзен арқылы өткізді» делінген. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ тек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Бұндай мәртебелі атаққа ол 1945 жылдың 22 ақпанында екінші рет ұсынылады. Оның марапаттау парағында: «Жансеріков жаудың оғының астында жаудың сым кедергісінен екі өтпе жол жасап, Радом қаласына жақындаған танктерге ілесіп, жаудың миналарын істен шығарып, біздің танктердің алға жылжуын қамтамасыз етті» делінген. Бірақ оған Батыр атағының орнына екінші рет Қызыл Ту ордені беріледі.
Аға сержант Сағындықов
1942 жылы Алматы облысының Алакөл ауданынан майданға шақырылған аға сержант Мінайқұл Сағындықов (1906 ж.т.) киевтік Қызыл Ту орденді Б.Хмельницкий 136-атқыштар дивизиясының 42-саперлік бөлімшесінің командирі болып соғысқа араласады. Ол 1944 жылдың 1 тамызында толассыз жауған оққа қарамастан, қайықпен жау лагері орналасқан жағаға бірінші болып жүзіп өтеді. Бір түнде десантпен бірге өзеннің арғы жағасына жеті рет барып келеді.
1944 жылғы тамыздың 2-сі мен 7-сі аралығында ол өткелдегі паромға қару-жарақ және артиллерия зеңбіректерін тиеп алып, жауған оқтың астында өзеннен 42 дүркін өтеді. Осы батырлығы үшін 1944 жылғы 8 тамызда аға сержант Мінайқұл Сағындықов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Аға сержант Сағындықов екінші рет 1945 жылдың 31 наурызында тағы да Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Оның марапаттау парағында: «1945 жылы 27 наурызда Мертвая Висла өзенінен өту кезінде бөлімше командирі Сағындықов ерекше батылдық пен әскери зеректігін көрсетті. Ол бір сағат ішінде өзеннен 7 дүркін әрі-бері өтіп, 40-қа жуық жауынгерді қарсы жағалауға жеткізді. Бұл жауынгерлер жау плацдармын басып алып, полктің өзен арқылы өтуге мүмкіндік жасады» делінген. Сөйтіп екінші дүркін Кеңес Одағының Батыры ұсынылған оған бұл жолы да Қызыл Ту ордені бұйырыпты.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
тарихшы,
Парламент Мәжілісінің депутаты