Қоғам • 11 Мамыр, 2021

Ішімдік – індеттен де жаман

1518 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орта ғасырда өмір сүрген атақты оқы­мысты Әбу Лайс Самарханди ислам әдеп­тері жайында жазған еңбегінде: «Бір қауымның (халықтың) жер бетінен жойы­лып кетуіне себеп болатын дүниенің бірі – арақ. Өйткені ол сау адамды жындыға айналдырады», деген екен. Сол сияқты мұсылман ғұламаларының «арақ ішкен адамның бойында 40 күнге дейін иман болмайды» дейтін заңды пәтуасы бар. Бұл дүние қазіргі таңда медицина тарапынан да дәлелденіп отыр. Дәрігерлердің айтуынша, ішімдік қолданған адамның қанында алкогольдік зат 40 күнге дейін сақталатыны анық.

Ішімдік –  індеттен де жаман

Жалпы, арақ атаулы көктен түскен төрт кітап: Тәуратта, Інжілде, Забурде, Құран­да ла­ғынеттелсе, исламның шариғат үкі­мінде: «Кімде-кім біреудің арақ ішуіне жәр­демдессе, оның теріс жолға түсуіне себепкер болғаны. Кімде-кім арақ ішуші топпен бірге жүрсе, қияметте екі көзі көрсоқыр болады» десе, атақты хадисші-ғалым Имам Суютый: «Арақ ішкен адамнан періште қашады, сол себепті ол пенде пәле-жала, қақ-соққа көп ұрынады. Өйткені ол періштелер қамқорынан ажырап қалады», деген екен.

Жалпы, адам баласының арақтан тапқан зияны орасан. Тіпті мыңдаған жыл бұрын Ацтек, Мая мәдениеттерінің негізін қалаған, ішкі дүниетанымында ғарыштық болмыстың ахылық бейнесі бар тайпалардың құрып кетуіне ХІV-ХV ғасырларда еуропалықтар апарған отты судың (арақ) әсері көп болды. Оның бер жағында Ібір-Сібірді жайлап жат­қан байырғы түркі этностарының бүгінгі ая­нышты ахуалына бірден-бір себеп осы қу арақ. Расын айтқанда, ішімдік – індеттен де жаман.

Бір таңданарлық жағдай әлемнің барлық мемлекеті арақты жаман дейді. Сөйте тұра өндіре береді. Мысалы, соңғы екі ғасырда арақ өндіруден түсетін табыс мөлшері – ішкі өнімнің 20-25 пайызын құраған көрінеді. Тіпті кейбір жылдары 40-45 пайызға дейін көтерілген кездері де болыпты. Бір қызығы әлемде арақ өндірмейтін мемлекет (бірнеше мұсылман елдерінен басқа) жоқ. Тіпті экономикасы құлдырап, өнім өндіруге қауқары жоқ елдердің өзі басқаға шамасы жетпесе де арақ өндіретін мүмкіндікке ие.

Қазіргі таңдағы дүниежүзілік әлеумет­танушылар пікіріне жүгінсек, әлем халық­тарының 65-70 пайызы қандай да бір ішімдік түрін қолданады. Әсіресе бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер арақ ішу жағынан «көшбасшылық» қабі­летінен әлі айырыла қоймапты. Оның ішінде біз де бармыз.

Айталық, бірнеше жыл бұрын жария­ланған Нұр-Сұлтан қалалық статистика бас­қармасының дерегіне сүйенсек, елордада жыл бойы сатылатын арақ өнімдерінің мөлшері жан басына шаққанда әр адамға 10-12 литрден тиесілі болыпты. Халықаралық сараптаудың негіздемесінде бұл көрсеткіш 8 литрден асқан жағдайда, ондай жұрттың болашағы күмәнді деп есептеледі. Бұл дабыл қағатын жағдай.

Оның сыртында арақтың адам денсау­лығына зияны орасан. Бірнеше жылдың алдында Вашингтон университетінің док­торы Анн Стрейгсгуз дейтін ғалым Пи­тер­бург университеті мамандарымен бір­лесіп, 700 жүкті әйелге тәжірибе жасап көрген екен. Осындағы қорытындыға қа­рағанда, аз мөлшерде болсын ішімдік ішетін әйелден туған балалардың 89 пайызы әлжуаз, 40 пайызының есту қабілеті нашар, 25 пайызында көз жанарынан ерте айырылу ықтималдығы басым. Маман дәрігерлердің айтуына қарағанда, қанына ішімдіктің салдары сіңген сәбилердің бойынан 850-ден астам әртүрлі дерттің іздері табылатын көрінеді.

Жалпы, ішімдік мәселесінде шешілмеген түйіндер көп. Алкогольді өнім мемлекеттің экономикалық қаржы қорының айналымына елеулі әсер етеді дейді экономистер. Бұл пайдалы жағы. Ал қасіреті бастан асып жатыр.

Келесі бір ойланарлық дүние – арақ-ша­рапты өндіруге, оны саудалауға толық тыйым салған ислам елдерінің қаржылық жағдайы арақ сататын бізден әлдеқайда артық. Соған қарағанда, арақсыз да жан бағуға болатын сияқты. Әрі қазіргі таңда болашақ ұрпақты ішім­дік пайдаланудан сақтандыратын бір­ден-бір жол отбасылық-ислами тәрбие де­лінуде.

Демек бүгінгі таңда тәуелсіз қазақ елі азаматтарының ұлттық сипаты қандай болу керек дегенге тоқталар болсақ, ең бірінші шарт – қазақ азаматы арақ-шараптан алыс болуы тиіс дер едік. Арақтан алыс жүрген адам­ның – отбасы тыныш, ырысы халал, ұрпағы аман, ақылы толық, иманы берік болары хақ. Ондай адам тәуелсіздігін де қорғайды, халқын да сыйлайды, Алланың аманатын да ұмытпайды.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20