Аймақтар • 12 Мамыр, 2021

Субсидияға сенгендер сергелдеңге түсіп жүр

1210 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау артып, осы саланы кәсіп көзіне айналдырғандар көбейген еді. Мамандардың есебінше, осындай қолдаумен қатар өндірісті әртараптандыру бағытындағы басқа да бастамалар нәтижесінде Қызылорда облысында жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Әрине, көңіл қуантатын-ақ көрсеткіш. Бірақ несие алып, кәсіп бастаймын дегендердің арасынан кедергіге тап болғандар да жоқ емес.

Субсидияға сенгендер сергелдеңге түсіп жүр

Қызылордалық кәсіпкер Кемалладин Өтеев «Еркебұлан» шаруа қожалығын құрып, «Сырдария-1» несие серіктестігінен осы жылдың наурызында 40 млн теңге несие алады. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы қолға тиген осы қаржыға 100 жылқы сатып алып, ел қатарлы жұмыс бастап кетеді. Кәсіпкердің есебі бойынша 3 жылдан кейін пайдаға шығуы керек еді.

– «Агробизнес» бағдарламасы арқылы алғандықтан 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланып, мен тек 6 пайызын төлеуім керек болатын. Алайда мемлекеттен ақша бөлінбегендіктен әлі күнге Qoldau.kz қосымшасы өтінішімізді қабылдамай тұр. Қазір 16 пайызбен төлеп жатырмын. Енді алған малымды сатпасам, кепілге қойылған баспанамнан айырылып қалатын түрім бар, – дейді кәсіпкер.

 Бұл мәселені шаруалармен бірге «Сырдария-1» несие серіктестігі басшылығы көтеріп отыр. Серіктестіктің басқарма төрағасы Алмат Абдуллаев мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда әр ұйымның міндеті айқын екенін айтады. Біреуінің жұмысы жүйесінен жаңылса, іс алға баспайды. Оның мысалы, осы субсидияға сеніп сергелдеңге түсіп жүрген кәсіпкерлер. Серіктестік соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына 850 млн теңге несие беріпті. Қазір солардың барлығы субсидия ала алмай отыр.

– Несие серіктестіктері «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асырады. Бұл бағдарламалардың барлығы ауыл шаруашылығы саласына техника, мал және тағы да басқа заттар алуға бағытталған. Бағдарламаның шарты бойынша несие 14-16 пайыз аралығында беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ережеге сай сол 16 пайыздың 10 пайызы субсидиялауға жатуы керек. Солай болып та келген. Бірақ 2020 жылдың 8 желтоқсанынан бастап бүгінге дейін бұл ереже жұмыс істемей тұр. Үкіметтің 10 пайыздық субсидиялаудан бас тарту себебін де сұрағанбыз, «бюджетте қаржы жоқ» деген жауап алдық, – дейді «Сырдария-1» несие серіктестігінің басқарма төрағасы.

Мұндай жағдай еліміздің өзге де аймақтарында кездесіп отырған көрінеді. Басқарма төрағасы бұл саланың дамуына кедергі келтірумен қатар, шаруаның мемлекеттік қолдауға деген сеніміне селкеу түсіретінін айтып отыр. Мамандардың айтуынша, ауылшаруашылық бағытындағы бағдарламаларда тұрақтылық жоқ. Қолдау шараларының ережесі жиі өзгеретіндіктен шаруалар ұзақ мерзімді жоспар жасауға құлықсыз.

Бұл мәселеден облыстағы кәсіпкерлер палатасы да хабардар. Палатаның бөлім басшысы Жасұлан Серіков былтырдан бастап осы проблемаға байланысты кәсіпкерлер хабарласа бастағанын айтады. Жыл соңында палата облыс әкімдігіне хат та жазған. Содан бергі 5 ай ішінде «Сыбаға», «Агробизнес» бағдарламалары аясында несие алғандардың жағдайы тіпті күрделене түсті.

– Жасыратыны жоқ, бізде қазір ауыл шаруашылығы мақсатында алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау қағазда бар да, іс жүзінде жоққа айналып тұр. Мәселе жақын арада шешілмесе, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің көбінің жұмысы тоқтайды. Мысалы, бір ғана «Сырдария-1» несие серіктестігі соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына несие берген. Ал облыста осындай 7 несие серіктестігі бар. Осыдан-ақ қанша шаруаның қолдауға сеніп, қарызға батып отырғанын есептей беріңіз, – дейді Жасұлан Серіков.

Мамандардың айтуынша, бұрын кедергісіз жұмыс істеп тұрған мемлекеттік бағдарламадағы бұл олқылық уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржының дұрыс жоспарланбағанынан болуы мүмкін. Енді оны орнына келтіру Үкіметтің қолында тұр. Несиедегі 10 пайыздық міндеттемені алып тастаса шаруа үшін көп жеңілдік болар еді.

– Жағдай осылай жалғаса берсе, талай шаруа қожалығы жұмысын тоқтатары сөзсіз. Олардың несие тарихы бұзылатынын да естен шығармағанымыз жөн. Бұл несие серіктестіктерінің рейтингіне де тікелей әсер етеді, – дейді палата маманы.

Басқа өңірлермен салыстырғанда эпизоотиялық жағдайы ерекше саналатын Сырда түліктің қай түрін де өсіру оңай шаруа емес. Ал мына мәселе осыған қарамастан, өрісті малға толтырған елдегі азаматтардың еңбегін еш еткелі тұр. Бұған байланысты тиісті орындарға хат жазылып, ұсыныс та берілді. Ендігі үміт Үкіметте.

 

Қызылорда облысы