Технология • 12 Мамыр, 2021

Картоп қабығынан – биопластик

675 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Хадиша Сагенова мен Нұрай Қоспаева күнделікті тағамға пайдаланып жүрген картоптың қабығынан биопластик өндіретін жоба әзірледі. Жаңашылдыққа жаны құмар оқушылар бұл жобаны карантин кезіндегі 9 айда үй жағдайында жүзеге асырыпты.

Картоп қабығынан – биопластик

Оқушылардың айтуына қа­рағанда, жобада қолда­нылатын ингредиенттің бәрі қауіпсіз деуге болады. Өйткені жоба ав­торлары тәжірибенің негізгі компоненті ретінде картоптың қабығын, дәлірек айтқанда, крахмалды алған.

– Биопластиктің құрамына әр үйден табылатын реагенттер мен өсімдіктердің қал­ды­ғы қолданылады. Біз бұл жо­бамыз арқылы қоршаған ортаға тасталатын қалдықты кә­деге асы­руды ойластырдық. Осы­лайша, ауа сапасын жақ­сартуға арналған БҰҰ-ның тұрақты даму саласын қолдауды көз­дедік, – дейді жоба авторлары Хадиша мен Нұрай.

Енді оқушылар биоплас­тиктің құрамын жетілдіре түс­пек. Мақсат – шикізатты қай­та өңдеу арқылы қоршаған ортаға келетін залалды азайту. Бұл үшін жаңа өнімге полипропилен мен полиэтилен қалдығын қосу көзделіп отыр.

 

Атырау облысы