Медицина • 13 Мамыр, 2021

Қорқынышты сейілту құралы

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бар әлем ауыр күндерді бастан өткеріп жатыр. Көзге көрінбейтін соғыс еш елді назардан тыс қалдырмады. Қан­шама жандар мезгілсіз өмірмен қош айтысты.

Қорқынышты сейілту құралы

Бос мек­тептер мен қаңыраған ғимараттарды қоспағанда, бос тұрған ойын алаңдары, тербелмеген алтыбақан, айнал­маған әткеншек жаныңды құлазытатын көрініс­тер еді. Бұл өмірдің мәні – сәбилердің шат күлкісі, мек­тепке асыққан балалардың қозғалысы екен ғой! Мынау әлем адамдармен, көшелер балалармен кө­рік­ті екенін бізге былтырғы карантиндегі күндер ұғын­дырды.

 

Өткен жылдың дәл осы айларында аптаның 2 кү­нін­де ғана қысқартылған жұ­мысқа баратынмын. Онда да жұмысым үйімнен 100 метр­лік жерде ға­на. Үйім мен жұмысымның ара­сын­дағы даладағы мүлгіген ты­ныштық мені қатты шошыта­тын. Өйткені көктем келгенде барлық тіршілік жанданып, адамдар даладан үйге кір­мейтін кез ғой. Ал 2020 жыл­дың көктемі бәрімізді үйімізге қамағанымен, таби­ғат­тың бусануын көре ал­ма­ғанымызбен есте қалды. Сон­дай күндердің бірінде кеш арасы кенеттен 3 жасар қызымның қызуы көтерілді. Сол кездегі ха­лімді айтып жеткізе алмаймын. Әкесі екеу­міз жанарымыз жасқа толып, үн-түнсіз ғана тілдестік. Әр 15 минут сайын қызуын өл­шесем, берген дәрім әсер етпей, дене қызуы аспандап бара жатты. Наурыздан бері үйден шықпаған балапаныма қайдан, қалай келді деген сұрақ жұмысқа баратын өзімді «тасымалдаушы» ретінде көрсетті. Өзімді жек көре баста­дым. Қаншама сақтық шараларды жасап отырсақ та, дене қы­зуының ша­рықтай беруі мені осы ойға әкеп тірей берді. Үрей мен қорқынышты жеңіп жедел-жәр­дем шақырдық. Шы­дамадым, қызымды ба­уы­рыма қысып бар даусым­мен жыладым. Егіліп Ал­ладан медет сұрадым. Ең қор­қы­ныш­тысы, бұл дертке қарсы тұрар вакцинаның жоқ­тығы еді. Жақындарынан айырылған жан­дардың жан күйін мен сол сәтте түсіндім.

Абырой болғанда қызым­ның денсаулығы кінаратсыз бо­лып шықты. ПТР тест көрсеткіші де таза болды. Сол сәт­тен бастап, әлем үшін вак­ци­наның табылуын ті­ле­дім. Сол сәттен бастап адам­­затты бұл тажалдан құт­қа­рар тек вак­цина екенін ұқ­тым.

Ғылым мен техниканың да­мы­ған заманында өмір сүріп жат­­қа­нымыз қандай ба­қыт де­сеңіз­ші?! Мұндай жұқ­палы дерт­тердің адамзат тари­хында талайы болғанын, сол дерттердің емі табылмай адам­дар жылдар бойы зардап шеккенін, тіпті ұлт арыс­та­рының да ауыр науқаспен көз жұмғанын барлығымыз дер­лік білеміз. Ал біз ше? Бір жыл уақыт өтпей-ақ бұл дерт­тің де вакцинасы жасалды. Жақы­ны­мызға жанашыр бо­луға, ту­ған­­дарымызды сақ­­тауға, өткен жылғы қате­лік­ті қайталамауға, қор­қыны­шы­мызды сейілтуге мүм­­кін­дік туды. «Жасасын, әлем! Жа­сасын, ғылым!» дегенді осындайда айтқан дұрыс. Ен­деше, алып­қашпа әңгімеге сеніп, жал­ған мәліметті оңды-сол­ды та­рат­­пай вирустан сақ­танудың төте жолы – вакцина салдыруға асы­ғайық, ағайын.

 

Әсемгүл ОСПАНОВА,

Қазтұтынуодағының Жоғары колледжі оқытушысы