Әдебиет • 13 Мамыр, 2021

Жоқ кітапты іздеу

860 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Хорхе Луис Борхес. Бұл есімнің дабысы қалың оқырманның арасына қанық шыққан жоқ. Есесіне, оны қолына қалам ұстаған әрбір қаламгер жақсы біледі. Неге десеңіз, әдебиетте «ақындардың ақыны», «жазушылардың жазушысы» деген ұғым бар, Борхес те солай. Мысалы, Францияда Стефан Малларме, орыста Велимир Хлебников секілді ақындар бар. Оларды әдебиет сыны «ақындардың ақыны» деп атайды.

Жоқ кітапты іздеу

Борхес, өзінің шексіз фантазиясы, терең интеллектуалдығы және алабөтен мистицизмімен осы даңқ пен дақпырттың көлең­кесінде қалған автор. Есесіне, ол әрбір «ақындардың ақыны» секілді – қаламгерлер үшін сар­қыл­мас қазынаға айналды. Оның бір ғана қысқа фантазиялық әңгі­месінің өзі бірнеше романның жазылуына шабыт сыйлап жа­тады. Егер Борхес Нобель сый­лығын алғанда, ол да аса танымал әрі сәнді болар ма еді, бірақ жеті рет номинант болса да, жеңіс тұғырынан көріне алмады, Швед академиясының за­лын­да «қитығып» сөйлей ал­­ма­ды. Өмірінің соңғы жыл­да­рын­­да Швейцарияда тұрды, сон­­дағы «Патшалар зираты­на» қойылды. Айтпақшы, «Сер­ван­тес» сыйлығын алды, бұл – испантілді авторлар арасындағы ең беделді сыйлық, ағылшынтілді авторлардың «Букері» секілді.

Әдебиетшілер қауымында мы­надай бір аңсар бар: «шіркін, кітапханада қызмет етер ме еді?!». Бұл аңсардың арғы жағында «мәң­гілік парасаттың ең биік, ең киелі ғимараты» аталатын кітапхана­да, мыңжылдықтарды мысалдап берген ұлы милардың арасында, бір сөзбен бір дәуірді айшықтап, бір оймен бір ұлттың бейнесін сомдаған данышпандардың жа­нын­да, «бір өлеңі бір елдің мұра­сындай» ақындардың қасында, шу мен айқайдан алыс, талас пен тартыстан жырақ, көлгірсу мен көнбістіктен биік, мадақ пен ғайбаттан азат жан тыныштығын жамырай шулаған кітап парақ­та­рынан тапқысы келетін аса мәр­тебелі оңашалық жатыр. Соны әрбір қаламгер арман етеді. Бірақ кітапханаға қызметке баратыны сирек. Тек кітаптары ғана барады. Уақытқа қызмет етуге.

Сол арманға жеткен жанның бірі, тіпті бірегейі ретінде мысал етіп аргентиналық жазушы Хорхе Луис Борхесті атаймыз. Борхес шын мәнінде кітапханада қызмет етті, он жыл бойы он мың­даған кітаптар арасында омалып отырды, көзінің майын тауысып кітап оқыды, сол оқығанын өзі талмап жұта бермей, жұртқа да жұғынық етіп өресі биік әрі өміршең шығармалар жазды, дүние халықтарының ерекше аңыздарын, аңыз кейіпкерлерін жинады, не керек, саяси себептерге байланысты кітапханадан қуылып тынды. Сол Борхесіңіз, арманына жеткен Борхесіміз «менің кітапханада өткен жылдарым – ең бақытсыз жылдарым» деп ағынан жарыла жария етті.

Борхестің «Бабыл кітапха­на­­сы» деген баяндауы жоқ, эссе-фик­ция жанрында жазылған шы­ғармасы бар. Жалпы, эссені біз ой­лануға үйрететін жанр деп атаймыз ғой, ал фикциямыз – сөз иллюзиясы. Міне, осы жерден Борхес фантазиясы көрінеді. Бұл – Борхесше қиялдаудың анық үлгісі. Жай қиял емес, адам­зат баласын әрқашан алға сүй­реген прогресшіл қиял. Яғни біз­дің бүгін қолданыста жүр­ген барлық технологиядағы жетіс­тік­теріміз әуелі әдеби шы­ғар­малардағы прогресшіл қиял болатын. Сондықтан да, адам­зат ба­ласы әрдайым арман­шыл­дар­ға қа­рыздар. Ғылым мен тех­ноло­гия­дағы төңкерістерді кітап оқи­тындар жасаған. Көркем шығар­ма­лар – біздің фило­со­фия­лық тасымыз.

Біз әдетте «әлем – кітап», яғни ашылмаған кітап деген ойды айтамыз. Ал Борхесше «ға­лам – кітапхана». Он сегіз мың ғалам – кітапхана. Бұл кітапхана шек­сіз алты қырлы галереялардан тұ­рады, оның әрбірінде жиырма кітап сөресі бар, әр сөреде бір пішін­дегі отыз екі кітаптан бар, әр кітап­та төрт жүз он бет бар, әр бет­те қырық жол бар, әр жолда сек­сен әріп бар, сондай-ақ жиырма бес орфо­графиялық таңба: жиыр­ма екі әріп, нүкте, үтір және бос аралық. Және бөлмелердің арасын ұзын дәліздер жалғап тұрады. Дәліздерге айна қойылған. Бұл айналар кітаптарды екі еселендіріп, шексіз екенін сезіндіреді.

Ал бұл кітаптарда не жа­зыл­ған? Борхес ойының жүлгесімен жүрер болсақ, кітаптар әлемде бар және жоқ, болуы мүмкін және болмауы да мүмкін тілдерде жазылған. Айна қатесіз бірін-бірі қайталайтын қос кітап жоқ. Кітаптарда болашақтың ег­жей-тегжейлі тарихы, періш­те­лердің автобиографиясы, кітап­хананың сенімді каталогы, мың­даған жалған каталог­тар, сенімді каталогтардың жал­ған екенін дәлелдейтін каталог­тар, қасиетті кітаптарға түсінік­темелер, түсініктемелерге түсі­нік­темелер, сенің өлімің жайлы шынайы әңгіме, әр кітаптың барлық тілдерге аудармасы, әр кітаптың мәні жайлы жазылған кітап, жазылуы мүмкін, бірақ жазылмаған трактаттар, Тациттің жоғалған туындылары секілді қисапсыз тақырыптағы есепсіз кітаптар. Бұл кітаптардан адам­зат баласы өзінің Ақталуын іздейді. Барлық нәрселер үшін ақталу­ды. Құдайдан безген бір топ бүкіл кітаптардағы әріптер мен таң­­баларды сапырылыстырып жіберейік, сонда ең басты ка­нондық кітап өзі жазылып шы­ғады дегенді айтты. Ал бір топ бол­са, барлық қажетсіз кітапты жою­ға шақырды. Бірақ олар бір нәр­сені ұмытып кетті, дейді Борхес, ол – кітаптардың әрбірі қай­таланбайтынын. Бірақ солай бола тұра бір кітаптың бір кітаптан айырмашылығы бір таң­­бада ғана болуы мүмкін, сон­дықтан оны жойып жіберу тіпті мүмкін емес.

Сонымен қатар қандай да бір сөреде қандай да бір кітап тұр, ол кітап – осындағы барлық кітап­тың мазмұнын өзіне сақтаған. Бірақ сол кітап қайда?

Ол кітапты А деп белгілесек, оның қайда екені Б деген кітапта тұр, ал Б кітабының қайда тұрғаны С кітабында. Ол осылайша, шексіз геометриялық прогрессиямен ке­те береді. Демек ол кітапты табу мүмкін емес. Жазылған және жа­зылмаған дүниелердің бәрі де осы кітапханада тұрғандықтан, жа­зу­да қандай мән бар? Осы тұс­та Борхес: «Дүниенің бір шетін­де жастардың кітапты пір тұта­тынын және оның бір әрпін түсін­бесе де оқуға тырысатынын білемін» дейді.

Яғни оқу, әрбір оқу – жоқ кітапты іздеу.