Руханият • 14 Мамыр, 2021

«Ән» бе, «үн» бе?

402 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абайдың ел арасында жиі айтылатын 1898 жылы жазылған «Желсіз түнде жарық ай» атты лирикалық әні бар. Бізге белгілі басылымдарда осы өлеңдегі бір-екі шумақ «Тау жаңғырып ән қосып, үрген итпен, айтаққа» деп жазылған. Белгілі әншілеріміз де әнді осы мәтінмен орындайды.

«Ән» бе, «үн» бе?

Ал негізінде «Тау жаңғырып үн қосып, үрген итпен, айтаққа» болуы керек. Мұхтар Әуезов Абайдың лирикасы туралы: «Желсіз түнде» – ұзақ өлең емес. Мұнда қазақ саха­расының бір кеші елес береді. Көшпелі ауыл­дың жарық айы, желсіз түнде тау іші, өзен жағасына жайғасқан кезі алынады. Ауыл ұйқыға кеткен. Дүниенің жым-жыртығын анда-санда үрген ит пен күзетшінің айтағы ғана ауық-ауық бұзғандай. Айналадағы тау жанды дүние үніне сирек жаңғырықпен үн қосады. Тағы бір тіршілік иесі – сайды жарып аққан тасқын өзен ағысында. Сол шақта оңаша, жасырын, аулақта екі жас кездеседі» деп жазады.

Сонымен,

Тау жаңғырып үн қосып,

Үрген итпен, айтаққа,

Келмеппе едің жол тосып

Жолығуға аулаққа.

Түнгі ұйқыдағы ауылда ән айтылмас болар.

Көкейде жүрген тағы бір ой. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деген нақыл сөздері әр ауылда, әр қалада халқымыздың белгілі тарихи тұлға­ларының бейнелері сомдалған «Ұлы дала» панносынан көрініс беріп тұрса, кімге де болса да ой салып, бағдар шамдай әсер етер еді.

 

Қуат АХМЕТБЕКОВ

 

НҰР-СҰЛТАН