Аймақтар • 16 Мамыр, 2021

Су аяғы құрдымға кете ме?

571 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осы біз «Судың да сұрауы бар» деген сөзді жиі айтқанымызбен тіршілік нәрін тұтынуға келгенде оның сапасы мен ішуге жарамдылығы тұрғысына ғана назар аударып, жалпы су қолдануға атүсті қарайтын сияқтымыз. Ал қоршаған ортаның сусыз өмір сүре алмайтынын ескерсек, ауыз судан бөлек өндірістік қажеттілік пен өсімдік шаруашылығы үшін де ағын судың стратегиялық маңызы бар екенін ұмытпауымыз керек.

Су аяғы құрдымға кете ме?

Су тапшылығы неден туындайды?

Ғаламшарда түбі бір су тапшылығы болатынын табиғат жанашырлары мен биологтер айтудайын айтып-ақ жатыр. Соның ішінде суармалы егістік үшін қолданылатын өзен, көл суының көлемі мен деңгейі қазірдің өзінде апатты жағдайға дейін түсіп кеткен көрінеді. Яғни адамзаттың азық-түлік сұранысын өтеу жолындағы жойқын әрекеті табиғи тепе-теңдікті бұзып, ысырап пен ашкөздіктің салдарынан қалпына келмейтін су көздерінің жойылуына әкелуде. Өкініштісі, бұл жағдай Қазақстанға да шетін емес. Мәселен, ғалымдардың есептеуінше, елдегі су тапшылығы 2040 жылы 50 пайызға жетуі мүмкін екен. Мұндай кесімді үкімнің шығуына бірнеше фактор әсер етіп отырған көрінеді.

Біріншіден, ел аумағындағы негізгі өзендер бастауын көрші мемлекеттерден алады. Әрі бұл трансшекаралық мәселе барлық аймаққа тән десе болады. Еске түсірсек, біз бұған дейін Алматы облысы аумағындағы Іле өзенінің ағысы жыл сайын кеміп, арнасы да тарылғанын жазған болатынбыз. Соның салдарынан Балқаш көлінің тартылып бара жатқанын және одан туындайтын экологиялық проблемалар туралы да жиі қалам тербеп жүрміз. Яғни бұл мәселені шешу мемлекетаралық деңгейде жүріп, Қазақстан мен Қытай ара­сындағы гидрологиялық ұстанымдар қайта қаралуы керектігіне әлі де жиі оралатын боламыз. Сол сияқты мұн­дай келісімдер Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Ертіс өзені­нің суына қатысты Қытай елімен, батыс өңірдегі Жайық өзенінің суына қа­тысты Ресеймен, Жамбыл облысын­дағы Талас өзенінің суына қатысты Қыр­ғыз­станмен және Сырдария өзенінің суына қатысты Өзбекстанмен бірлесе оты­рып қабылданып отырғанын да ұмыт­пауымыз керек.

Екіншіден, Қазақстан эконо­микалық тұрғыдан дамуды мақсат ете отырып, қалпына келмейтін табиғи ресурстарды үнемді пайдалану талабын сақтамайтын елдердің тізіміне кіріп отыр. Осы жерде ішкі өзендердің су қорын өндіріс және ауыл шаруашылығы бағытында тұтынуда орасан ысырапқа жол беріп отырғанымызды мойындауымыз керек. Әрине, біздің елдің осы екі бағыттағы су жұмсау мөлшері әлемдегі алпауыт өндірістің тұтыну көлеміне қарағанда күлкілі болуы мүмкін. Бірақ егіс көлемі мен одан алынатын өнім үлесін салыс­тыра қарағанда Қазақстанда су көздері «су тегін» болып шығады. Бұған мыңдаған қарапайым мысал келтіруге болады. Қаласаңыз, қазіргідей жазғы маусымда, есік алдына еккен көкөніске жұмсайтын су мөлшерін есептеп көріңіз, бәл­кім бір тамшы судың бәсі мен ысыраптың аражігі білінуі мүмкін. Әрине, бұл ел тұрғындарының төлем қабілетін салмақтауға жатпайды әрі олар жалпы тұтынған су үшін аз ақша төлейді деген сөз емес. Тіпті бұл тұтас су тапшылығына қатысты мәселеге ықпал етпеуі де кәдік. Бірақ зерттеушілер бір өңірдегі қаңсып отырған ауылдар мен бір аймақтағы аста-төк су тұтынып отырған тұрғындарды салыстыра келгенде, қазақтың та­биғи байлық көздеріне деген сый-құр­метінің төмендігін қынжыла отырып мойындаған көрінеді. Демек қай жағынан алғанда да ысырапқа жол бермеу керек-ақ. Салыстыру үшін айтайық, 1 кило бақша өнімін өндіру үшін дамыған елдерде 160-400 литр су бөлінсе, бізде бұл цифр 1200-2500 литрге дейін жетеді екен. Есесіне, жат жұртта 1 текше метр су жұмсап 2,5-6 кг өнім жиналса, біз олардан 6-7 есе ылғал жоғалтып, небәрі 0,4-0,8 кг дайын өнім алады екенбіз.

Үшіншіден, гидромелиорация шарасының сақталмауынан туындайтын фактор есебінен де су тапшылығы туындап отыр-мыс. Өкінішке қарай, дәл осы жағдай біздің елде белең алған. Тіпті оңтүстік өңірлерде жыл са­йын болатын су дауының суар­малы егістікке қатысты екені бел­гілі. Мұны мемлекет те мойын­дай­ды. Жақында вегета­ция ке­зе­ңіндегі су ресурстарын тиімді пай­далану мәселесін қараған ел Үкі­меті ал­дағы 10 жыл көлемінде аймақ­тарда су тапшылығы болуы мүм­кін деген қорытындыға келген екен. Оған өңір­лердегі суды көп тұтынатын ауыл шаруашылы­ғы дақылдары көлемінің күрт кө­бейіп, суармалы егістіктің үлес сал­мағының өске­ні себеп болып отырған көріне­ді. Нәтижесінде, өзен суларынан алы­натын ылғал ағынын тұтыну мөл­шерден тыс артып, су сақтау қойма­лары мен арналарындағы су көлемі тиісті деңгейден төмендеп кеткен.

 

Егістік азайса

су үнемделе ме?

Қазір ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы су тұтыну тізімінің басында оңтүстік өңірлер, оның ішінде Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыс­тары тұр. Әсі­ресе мақта мен күріш дақылын мо­лы­нан өсі­ретін оңтүстегі екі аймақ­та су тапшылығы өте жоғары. Рас, заң­нама бойынша суды көп қажет ететін дақылдарды егуге шек­­теу қойылған. Алайда диқан мен шаруа үшін қоршаған ортаның қауіп­сіздігінен гөрі еңбекпен тап­қан нанның құны маңыздырақ бо­лып отырғанын түсінуге бола­ды. Тек, бұл жерде де үнем мәсе­лесі қыл­тияды. Дерек бойынша, ел аума­­ғындағы суармалы егіс­тік­тің 1 гек-­
­­­тарына жұмсалатын су тиісті нор­­мадан артып отыр. Яғни ағын су­ды тиімді пайдалану коэффи­циен­ті өте төмен. Қазір бұл мөлшер 0,67 коэф­фициент қана. Тиімді болу үшін ол деңгей 0,75 коэффициентке дейін көтерілуі керек. Сонда ел бойынша 200 мың гектарға жуық суармалы егістікке жұмсалатын су шығынын 1 млрд 272 млн текше метрге дейін азайтып, үнемдеуге қол жеткізуге болады. Әзірге, облыстар арасындағы су тұтыну мөлшері 0,55-0,06 коэффициент шамасында қалып отыр.

Айтпақшы, суды көп сіңіретін дақылдардың көлемін азайту ісі­мен өңір әкімдері айналысуы тиіс болатын. Алайда кейбір облыс­тарда экономикалық көрсеткіш үшін қолдан келгеннің бәрін жа­­сау әрекеті әлі де тыйылмай отыр. Яғни мейлінше аз шығын­мен мол табысқа кенелудің жо­лы қол­данысқа енбей жатыр. Тіп­ті егіс­тік алқаптарындағы дақыл­дар­ды агротехникалық талап­тар­ға сәйкес ауыстырып егу, кө­ле­мін азайту сияқты міндетті жұ­­мыстар істелмейтіні мәлім. Со­ның кесірінен суармалы жер­дің топырағы тозып, эрозияға ұшы­рап жатқаны байқалады. Де­мек аймақтардағы жер қырты­сы­ның сапалы сақталуына алды­­­мен әкімдер мүдделі болуы керек. Та­­­лап күшейген жерде шаруа­лар да тәртіпке көніп, егіс алқап­та­рын күтіп, баптау ісіне нем­құ­рай­ды қарамайтыны анық. Әзір­ге, жергілікті басшылық тара­пы­нан мұндай жанашырлық кем­шін сияқты. Мәселен, күріш пен мақ­та дақылын егетін облыстарға егі­стік көлемін қысқарту туралы нұс­­­қ­ау берілген. Ол үшін шаруа­шы­­­лықтармен меморандум да жа­сал­­ған. Бірақ іс нәтиже бермей отыр-мыс. Мысалы, келісімге сәйкес Түркістан облысы мақта егіс­­­­тігінің көлемін азайтуы тиіс бо­латын. Алайда биылғы дерек бо­йынша шаруалар былтырғыдан 16 мың гектарға артық тұқым сепкен көрінеді. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы күріш атыздары­ның көлемі 75 мың гектардан аспауы тиіс болса, қазіргі нақты егістік көлемі 90 мың гектарға жеткен екен. Ал Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі суды көп тұтынатын да­қыл­дардың орнына аса күтімді қа­жет етпейтін мал азығы, майлы және бақша дақылдарын өсіруді ұсынады. Мамандар жергілікті жердегілер аталған дақылдардың ал­қабын азайтпаса, алдағы 10 жыл­да су тапшылығы 12 текше шақы­рымды құрайтынын алға тартады. Яғни су үнемдеуді әкімдер де, шаруалар да үйренуі керек сияқты.

 

Озық технология жағдайды оңалта ма?

Жалпы, егістік алқаптарындағы су тапшылығы мәселесі дақыл­дар­дың өсіп, жетілу кезеңінде шарықтау шегіне жететіні дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл үрдіс табиғи заңдылық болғандықтан, ешбір ел су пайдалануды шектей алмайды. Болмаған жағдайда өнім жинау қиынға түс­пек. Бірақ агрономия мен мелиорация бағытындағы жаңа технологиялар көмекке келе алады екен. Әрине, ол үшін ғылымның озық жаңалығы өндіріске енуі керек. Ол тіпті отандық ғылымның жергілікті жерге бейімделген өнімі болса, нәтиже екі есе табысты болатыны сөзсіз. Алайда Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен ғылыми-өндірістік бағыттың бірлесе алға жылжуы аса табыс­ты болмай отыр-мыс. Бірақ іске мығым шаруалар ізденіп, шетелдік жаңа технологияны қолданысқа өздері енгізіп жатыр. Соның бір мысалы ретінде тамшылатып суа­ру әдісін айтуға болады. Қазір бұл тәсіл Алматы облысының егіс алқаптарында біртіндеп қолданысқа еніп келеді. Ал өнімді арықтан суарған кезеңнен де молырақ алған диқандар бар. Мәселен, Панфилов ауданындағы «Көктал Агро» серік­тестігі осы тамшылатып суару ар­қылы бір жазда жоңышқаны төрт рет орып алыпты. 300 гектарға өсе­тін мал азығынан жиналған мұн­дай мол өнім бұрын-соңды бол­маған екен. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі, адам еңбегін аса қа­жет етпейтінінде. Яғни суару жұ­мысын цирфлы жүйеде басқа­рады. Жұмыс үдерісін кәдімгі ұялы телефонға қойылған қосымша ар­қылы қашықтан-ақ басқарып отырады. Ол үшін интернет байланысы ғана керек екен.

– Тамшылатып суару әдісінің пайдасы көп. Бұған анық көз жет­кіздік. Суды аз жұмсап, өнімді ар­тық алуды білдік. Бұрын біз ал­қап­ты суару үшін секундына 700 литр­ге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа ­шаруалар жүгерінің гектарынан ­
7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүгері­міз 18 бен 20 тоннаның арасында бол­ды, – дейді «Көктал Агро» се­рік­­­тестігінің басшысы Жәнібек Оханов.

Жаркенттік диқандардың бұл ісі көпке үлгі болуы керек, әри­не. Оның негізі де бар. Елі­мізде су тап­шылығын болдыр­мау мақса­тында су ресурстарын бас­қару­дың мемлекеттік бағдарламасы әзір­ленген. Оның бір бағыты осындай жаңа технологияны дамытуға арналған екен. Қысқасы, Үкімет шаруаларға ылғалды үнемдеуді үйретіп, суару жүйесіндегі жаңа технологияларды қолдануға ынталандыруда. Ол үшін суармалы егістік басындағы инфрақұрылымды жүр­гізуге жұмсалатын шығынды да өтеуге көмектеспек. Әзірге диқан­ның қалтасынан шыққан ақшаның 50 пайызын субсидиялау тетігі қа­рас­тырылған. Бұл қанатқақты жоба Түркістан облысында бас­талып, қазір магистралды арнаны цифр­ландыру жұмысы іске қо­сылған екен. Енді осы бағытқа оңтүстік облыстағы барлық өнім өндіруші көшуі тиіс.

 

Шелек диқандары неге шулайды?

Енді осы су тапшылығынан жыл сайын зардап шегіп жүрген жетісулық шаруалардың мұңына тоқтала кетсек. Былай қарағанға сулы да, нулы өлкеде мұндай мә­селе болмайтындай сияқты кө­рін­генімен, проблема бар және оның түпкілікті шешімі табылмай келеді. Әсіресе Еңбекшіқазақ ауда­нының Шелек ауылы аума­ғын­да жыл сайын суға қатысты шу шығып отырады. Мән-жайға қара­сақ, су тапшылығы қолдан жасалатын сияқты. Өйткені, ауылдағы егістік алқаптарға су Бартоғай су қой­масы арқылы Үлкен Алматы арна­сымен келеді. Демек арнадағы судың көлемі мен ағысында, тіп­ті сапасында тұрған мәселе жоқ. Дау суды ауылдарға бөліп, жет­кізетін, яғни қызмет көрсететін ком­­панияларға қатысты туып отыр екен. Анығында шаруалар суға тө­лей­тін ақының ақылға сыймай­тын­дай қымбаттап кеткеніне наразы. Өйткені тұқым мен жанар-жағармайға бар қаржысын жұмсап жіберген шаруаларда су үшін алдын ала төлейтін артық ақша жоқ. Ал сумен жабдықтайтын кооператив тарифтің құнын өтемейінше алқапқа су жібермей қоятын кө­рінеді.

– Шелек аумағындағы 5 ауылға су канал арқылы келеді. Егістің 87 пайызы сол суға тәуелді. Өңірдің табиғи жағдайына орай суды көп мөлшерде тұтынатынымыз рас. Бұрын егінге қажетті суды «Үлкен Алматы каналы» мекемесі текше метрмен есептеп, сататын. Тариф 0,45-0,55 теңге аралығында болды. Ал мына кооперативтер суды гектардың аумағына қарай есептеп беріп отыр. Басында оған да көндік. Өткен жылы ғана гектарға белгіленген баға 15 мың теңге бол­са, биыл күрт қымбаттатып, 32 мың теңгеге дейін апарып қойды. Бұл біз үшін қып-қызыл шығын, жағдай бұлай бола берсе егін егу­ді тоқтатып, күнкөріс үшін қала жағалап кететін шығармыз. Жүз­деген қожалық бар, олар мемлекетке қомақты салық төлеп отыр. Өнімдеріміз де азық-түлік қорын жасауға қосылады. Сондықтан біздің талабымызды билік оң шешіп береді деген сенімдеміз, – дейді «Ал­жан» шаруа қожалығының жетек­шісі Жандос Нұрғайыпов.

Осы жерде тұрғындардың делдал компанияларға жем болып отыр­ғанын аумақты ағын сумен қам­туға жауапты Үлкен Алматы ка­налы филиалының басшысы Серік­қали Мұқатаев та мойындайды.

– Шаруаларды түсінуге бола­ды. Суармалы жерге бөлінетін судың бағасы қымбаттады. Алай­да бұл жерде каналдың қызметін жүргізіп отырған мекеменің кінәсі жоқ. Біз суды тарату тораптарына иелік ететін кооперативтерге тиімді бағада босатамыз. Ал олар бағаны өздері көтереді. Мысалға, бізге судың құнына текше метр­мен төлеп, шаруаларға жеткенде гектарлап сатады екен. Егер жер­гілікті әкімдік араласып, су тарату кооперативтерінің қызметін тоқ­татса немесе диқандар олардың қызметінен бас тартып, тікелей біз­бен жұмыс істесе, «Үлкен Алма­ты каналы» мекемесінің қыз­мет көрсетуге мүмкіндігі жетеді. Сумен қамтуға да кепілдік береміз. Тек, мәселе заңды тұрғыда реттелуі керек, – дейді С.Мұқатаев.

Алайда жергілікті әкімдік бұл мәселені шешуге асықпайтын сы­ңайлы. Өйткені былтыр да Ше­лек ауылының шаруалары су тап­шылығына қатысты шу шыға­рып, еккен егіндерінің ыстық­тан күйіп кеткенін айтып, құзыр­лы органдарға шағынған болатын. Анығында, өткен жылы Еңбек­шіқазақ ауданына қарасты ауыл­дардағы ұзын-саны 150-ге жуық шаруа қожалығының егіні сусап, өнімсіз қалған-ды. Шаруалар ол жолы да су тапшылығын қолдан жасаған жеке компаниямен дауласып, әділет таппағанын айтады. Биыл да көктемгі егіс жұмысын толық аяқтаған диқандардың алды су тапшылығын сезіне бастаған...

 

Алматы облысы