Экономика • 17 Мамыр, 2021

Үздік әлеуметтік кәсіпкерлер анықталды

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанның он бір үздік әлеуметтік кәсіпкері «Ozgeris Ustasy» жүлдесімен марапатталып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар «Ozgeris Ustasy» әлеуметтік кәсіпкерлігін ілгерілету мен дәріптеуге қосқан үлестері атап өтілген марапаттау салтанатына қатысты. Бұл шара да онлайн форматта өтті. Биыл конкурсқа Қазақстаннан барлығы 44 өтінім келіп түсті. Бірінші кезеңде сараптау комиссиясы 25 финалисті іріктеп алды. Негізгі өлшемдер әлеуметтік әсер және қаржылық тұрақтылық болды. Ал жеңімпаздар ашық қоғамдық дауыс беру арқылы анықталды.

Үздік әлеуметтік кәсіпкерлер анықталды

Әлеуметтік кәсіпкерлік – Қазақстанда салыстырмалы түрде жаңа бағыт, бірақ бүгінгі күннің өзінде отандық нарықта орнықты жобалар пайда болды. Бұған дауыс беруге қатысқан қазақстандықтар көз жеткізді.

«Финалистерді анықтау оңайға тиген жоқ. Себебі әрбір өтініш беруші шын мәнінде із­гі іс жасауда. Бұл ретте белгілі бір өзекті проблеманы шешуге үлес қоса отырып, сонымен қа­тар табыс табуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүм­кіндік беретін қызықты биз­нес үлгілері көп болды. Жеңім­паздарды таңдау ісін қоғам­ға сеніп тапсырдық. Бұл адам­дарға финалистердің ерекше жобаларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Біз жүлдені екінші рет өткізіп отырмыз. Қатысушыларымыздың кәсіп­қойлығы мен Қазақ­стан­дағы әлеуметтік кәсіп­кер­лік­ке қызығушылықтың артып келе жатқанын бай­қадық», деді Impact Hub Alamaty басшысы Индира Шах.

Ұйымдастырушылар қа­ты­су­шылардың кәсіп­қой­­лы­ғының артқанын, сон­дай-ақ Қазақ­стандағы әлеумет­тік кә­сіпкерлікке қызығушы­лық­тың артып келе жатқанын атап өтті.

«Жүлденің мақсаты – Қазақ­стандағы әлеуметтік кәсіп­кер­лік институтына назар ауда­ру, осы саланың көрнекті ма­­­ман­­­­дарының еңбегін қоғам­ның мой­ындауына ықпал ету. Әлеу­меттік кәсіпкерлер деге­ні­міз қоғам үшін маңызды мә­с­елелерді шешетін, сонымен қатар өзара тиімді бизнес моде­лін құра алатын адамдар. Әлеу­меттік проблемаларға ұқып­­ты, құрметпен қарайтын адам­дар мен олардың креативті шешім­дерін көрсеткіміз келеді. Ел өзінің қаһармандарын білуі керек, мүмкін олардың істері өзге­лерге үлгі болар», деді марапаттау рәсімінде ImpactHubAlamaty бағдарламалық менеджері Фа­рида Наврузбекова.

Биыл экология саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі болып «нөл қалдық» концепциялы HelloEco экодүкені, Greenup kz қоғамдық қоры; мәдениет және өнер сала­­сын­дағы әлеуметтік кәсіпкер­лік­тің үздік үлгісі болып  ULY DALA компаниясы мен «Транс­­форма» мәдени кеңіс­тігі атан­ды. Сондай-ақ осал то­п­тар­ға қолдау көрсету сала­сын­­дағы әлеуметтік кәсіпкер­ліктің үздік үлгісі болып «Луч Света» аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар ба­лаларға көмек беру қоры» қо­ғам­дық қоры, Розалия и Эмир жекеменшік қоры аутизм және сөйлеу коррек­циясы коррекциялық орталығы, Гүл­мира Уәлихан Құрақ дәс­түрлі қолөнер студия­сы, «До­школьная организация Страна чудес» ЖШС, «Руднен­ское го­родское добровольное общест­во инвалидов» қоғамдық бір­лес­тігі танылса, аумақтарды дамыту саласындағы әлеумет­тік кәсіпкерліктің үздік үлгісі «Qareket жақсылық жаса» қо­ғам­дық қоры болды. Әлеумет­тік кәсіпкерлер арасында COVID-19 пандемиясының сын-қатерлерін шешуге ар­нал­ған инновацияның ең жақсы үл­гісі болып «Іскерлікке демеу» қоғамдық қоры танылды.

OzgerisUstasy жүлдесі 2019 жылы құрылды және ImpactHubAlmaty мен Ақпа­рат және қоғамдық даму ми­нистрлігі мен «Шеврон» кор­по­рациясының серіктестігінде өткізіледі.

«Біздің компания жүлдені ұйымдастыруға қуана қатысты. Өйткені әлеуметтік белсенді азаматтық қоғам өңірде қолай­лы бизнес ортаны құруға кө­мек­теседі. Біз Қазақстанның әлеу­меттік кәсіпкерлерін қол­дауға әзірміз және олар­дың кәсіпорындарының табысты дамуына үміт­ артамыз», деді жүлдені ұйым­дастыру­шы­лардың бірі, Қазақстандағы «Шеврон» корпорациясының әлеуметтік инвестициялар бо­йынша супервайзері Лейла Айт­муханова.

«Біз бес жылдай әлеуметтік кә­сіпкерлікті дамытумен айна­лысамыз және COVID-19 пандемиясы кезінде қоғам мен бизнестің оған қалай шыдап, қалай сезінгендерін, кейде шын мәнінде инновациялық амал­дардың қолданылғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл бү­кіл бизнес үшін, әлеуметтік кәсіп­керлер үшін де қиын кезең. Бірі бейімделе алды, бірі бизнес моделін тіптен бұрып жаңа бағыттар ашты. Бұл бізді «Әлеу­меттік кәсіпкерлер арасында Сovid-19 пандемиясының сын-қатерлерін шешуге бағыт­тал­ған инновацияның үздік үлгі­сі» атты номинацияны ұйым­дастыруға түрткі болды», деді Қазақстандағы Еуразия Ор­талық Азия қорының бағдар­лама­лар директоры Айгүл Тагатова.

Мәдениет және өнер сала­сындағы әлеуметтік кәсіп­кер­ліктің үздік үлгісі номи­на­ция­сының жеңімпазы, «Транс­форма» мәдени кеңістігінің директоры Анна Суворова атал­ған байқаудың өз жобаларын насихаттауға таптырмас алаң болғаны үшін де риза екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар