Мұның себебі неде? Шығымдылықтың негізгі факторы тұқым материалының сапасы болып табылады, оған өнімнің 30-40%-ы байланысты. Бірақ қазіргі таңда осы негізгі сала – селекция мен тұқым шаруашылығы біздің мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалғанын ашық айту керек. Бүгінде біз сорттар мен гибридтердің шамамен 70%-ын, тіпті, бірқатар дақылдың 100%-ын шетелден алатындай мүшкіл халге жеттік. Сырттан әкелінген дақылдардың көпшілігі біздің топырақ-климаттық жағдайымызға бейімделмеген. Жетекші аграрлық елдердің ешқайсысында мұндай жүйелік қателік жіберілмейді.
Осының салдарынан фермерлеріміз тұқымның бір бөлігін Ресейден, Еуропадан сатып алуға, тіпті оларды мұхиттың арғы жағынан әкелуге мәжбүр. Әрине, бұл өнімнің өзіндік құнына қатты әсер етеді. Осылайша, біз азық-түлік қауіпсіздігіміздің базалық көрсеткіші болып саналатын отандық селекцияның сұрыптарымен қамтамасыз ету бойынша тәуелсіздігімізді жоғалтып алдық. Бұл кез келген санкция, табиғи апат немесе қандай да бір төтенше жағдай болса, ауыл шаруашылығымыз жоғары сапалы тұқымсыз қалатынын білдіреді.
Қазақстанның егін алқаптарының 93%-ы тәуекелді аймақта орналасқан. Дегенмен құрғақшылық кезінде фермерлеріміздің жоғары өнім ала алмауы немесе банкротқа ұшырауы тек ауа райының салдарынан ғана емес. Оның бірден бір себебі – елімізде құрғақшылыққа төзімді сорттардың жоқтығы. Біздің климатқа бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттары мен гибридтерінің болмауына байланысты егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру тежеліп келеді. Сол себепті солтүстік өңірлерде жоғары протеинді және шырынды мал азығын өндіруді қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ондай мал азығы болмаса, мал шаруашылығы дамымайды. Ал оңтүстік облыстарда сапалы сорттар мен гибридтердің болмағанынан көкөністердің шығымдылығы мен сақтау мерзімі өте аз. Сондықтан маусымаралық кезеңде олардың жетіспеушілігі қатты байқалады.
Сонымен қатар біз өндірісте бар ауыл шаруашылығы дақылдарының үздік сорттарын жедел көбейтуді қамтамасыз етуіміз керек. Өкінішке қарай, соңғы жылдардағы жеткілікті ойластырылмай жасалған реформалар осы саланы жүйелі және жоспарлы дамыту бойынша 2003 жылы «Тұқым шаруашылығы туралы» заң қабылданғаннан кейін байқалған оң өзгерістердің тиімділігін төмендетті. Элиталық тұқым материалының қол жетімсіздігі мен қымбаттығына байланысты, біздің фермерлер көбінесе стандартты емес тұқымдарды (яғни тауарлық астықты) себетіні құпия емес. Бүгінде элита тұқымды өндіріс аймағы ғалымдар ұсынғаннан 3 есе аз. Бірақ бұған қарамастан, мемлекеттік субсидиялардың едәуір бөлігі импортталған тұқымдардың құнын арзандатуға жұмсалып келеді. Басқаша айтқанда, отандық ғалымдарды қолдауды күшейтудің орнына, бюджет қаражатымыз шетелдік селекциялық орталықтарды қаржыландыруға жұмсалып отыр.
Еліміздің аграршы - ғалымдары биылғы жылы ғылымды қаржыландыру бюджетінің ұлғаюын үлкен үмітпен күтті. Бірақ конкурстың уақтылы ұйымдастырылмауы салдарынан ғалымдарымыз жарты жылға жуық мемлекеттік қаржыландырусыз қалды. Осыдан селекциялық ғылым мен тұқым шаруашылығында үлкен мәселе туындап отыр. Мұндай толғағы жеткен мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, аграрлық өндірісті тұрақты дамытудың кепілі болып табылатын тұқым шаруашылығы саласын қалпына келтіру жөнінде шұғыл шаралар қабылдануы қажет.
Бұл жұмысты отандық аграрлық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының, биотехнология орталықтарының, шетелдік жетекші ғалымдардың әлеуетін қатыстыра отырып, қазіргі заманғы молекулярлық зерттеу әдістері негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы жоғары және климаттық жағдайға төзімді сорттары мен гибридтерін жасау жөніндегі ірі пәнаралық ғылыми бағдарламаларды іске асырудан, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар негізінде бір мезгілде жас ғылыми кадрларды даярлаудан бастау маңызды.
Екіншіден, бұл саланы селекция мен тұқым шаруашылығы жөніндегі заңнамалық және нормативтік базаны авторлық құқықтарды қорғауға қатысты, селекциялық жетістіктерді тіркеу, сертификаттаудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану, стандарттар мен ғылыми-әдістемелік базаны жаңарту, мемлекеттік сорт сынақтарын жаңғырту тұрғысынан күшейту керек.
Үшіншіден, селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық және зертханалық базасын нығайтуға көмек беріп, елде ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық ресурстарының Ұлттық банкін ұйымдастыру қажет.
Төртіншіден, отандық сорттарды субсидиялау тетігін қайта қарап, тұқым шаруашылығы жүйесін мемлекеттік қолдауды күшейту, саланың жоспарлы және жүйелі дамуын қамтамасыз ету, жаңа сорттарды жедел көбейтудің қазіргі заманғы әдістерін енгізу, тұқым шаруашылығын тек мемлекет тарапынан ғана емес, өзін өзі басқаратын ұйымдар тарапынан да бақылаудың нақты жүйесін жасау, тұқымдар қозғалысын қадағалаудың цифрлы технологияларын енгізу маңызды.
Бесіншіден, аграршы мамандардың селекция мен тұқым шаруашылығы саласындағы құзыретін күшейту мақсатында жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларын жаңғырту талап етіледі. Барлық жерде аграрлық білімді тарату орталықтары базасында тұқым өсіруші агрономдар мен апробаторлардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру қажет.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты