Өнер • 18 Мамыр, 2021

Гүлдердің сырын ұққан...

389 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Елбасы кітапханасында дарынды суретші Анар Әбжанованың «Алатау жауһарлары» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл мазмұнды іс-шара Елбасы кітапханасының жинағындағы танымал авторлардың шығармашылығын насихаттауға бағытталған «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Гүлдердің сырын ұққан...

Тақырыптық көрмеге қылқалам шеберінің отыздан аса жұмысы қойылды. Суретші туындыларынан автордың кәсіби шеберлігін ғана емес, оның туған өлкесіне сүйіспеншілігі мен табиғатқа ынтызар шынайы сезімін де байқауға болады. Ол өз шығармашылығы арқылы адамдарды табиғатты бағалау мен қор­ғауға үндейді.

Көрменің ашылуында Елбасы кітап­ханасының директоры Бақытжан Темірболат суретшінің еңбектерінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мазмұны шығармашылық негізде көрініс тауып, өнер тілінде бейнелі суреттелгендігін атап өтіп, көрме иесіне «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­баян» кітабын сыйлады.

Сондай-ақ елордадағы Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Анар Әбжанованың шығармашылығын жоғары бағалап, оның студент кезінде халықаралық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарғандығын сөз етті.

Ал қылқалам шеберінің ұстазы, Қазақстан Суретшілер одағының мүше­сі, кескіндемеші Арыстан Смағұлов шәкіртінің өнеріне дән риза екендігін айта келіп:

– Анар Әбжанова сияқты суретшінің қалыптасуына өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын. Жас кезінен ол өз ше­берлігін шыңдап, көп жұмыс істеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында еліміз­ден тыс жерде көрмесі өтіп жүр. Анар – өте еңбекқор, талантты жан. Оған тек табыс тілеймін, − деді ол.

Жалпы суретшінің шығармашы­лығында гүлдер бейнесі – қысқы және қалалық пейзаждармен ерекше орын алады. Оның айтуынша, елімізде өсе­тін қызғалдақтар тақырыбына ар­­налған сурет топтамасын жасау идея­сына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шабыт берген. Аталған мақалада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан алма мен қызғалдақтың тарихи Отаны екенін атап өткен. Ел тә­­уел­сіздігінің отыз жылдығы аясын­­да Елбасының бағдарламалық мақала­сының мазмұны «бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор» қызғалдақтарға арналған жұмыстардың жарық көруіне мұрындық болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «өсімдіктер әлемі­нің жауһары» атаған Грейг қызғалдақ­тарының әсемдігі Анар Әбжанованы Іле Алатауына шыққан кезде таңғалдырған. Грейг қызғалдақтары бейнеленген жұмыс топтамасы Регель, Колпаковский қыз­ғалдақтарының су­реттерімен толық­тырылған.

Биыл суретшінің шығармашылығына 20 жыл толып отыр.

– Тауларда өсетін қызғал­дақ­тардың гүлдеген сәтін екінің бірі көре алмайды. Бұл сирек кездесетін құ­былыс. Сұлулығына тіл жетпейді. Мен осы кереметті көріп, қағазға тү­сіре алдым. Табиғаттың өзі маған сенім артқандай. Өз суреттерім ар­қылы табиғатқа, оның біре­гей сұ­лу­лығына ұқыпты қарауды насихат­тағым келеді. Қызыл кітапқа енген өсім­­діктерді жоймай, керісінше сақ­тап қалуды сұраймын, – дейді Анар Әбжанова.

Сонымен қатар көрме аясында сурет­шінің шеберлік-сыныбы мен автограф-сессиясы ұйымдастырылды.