Экономика • 20 Мамыр, 2021

Зейнетақы жинағы жеке компанияларға беру тәуекелі қаншалықты?

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Азаматтардың зейнетақы жинағы Бірыңғай жинақ­таушы зейнетақы қорын­да тұрса да немесе жеке компанияларға берілсе де басқарыла береді. Сөй­тіп жыл сайын қара­жат қор нарығында табыл­ған пайда есебінен көбе­йіп, еселеніп отырады. 2021 жылдың 1 сәуі­рін­дегі жағдай бо­йынша басқаруда болған зейнет­ақы активтерінің жалпы көлемі 12 603,7 млрд тең­геден асқан. Ал жеке ком­панияларға 1,7 млрд теңге шамасында қаржы беріліпті.

Зейнетақы жинағы жеке компанияларға беру тәуекелі қаншалықты?

Ақпанның соңынан бастап салымшылардан зейнетақы активтерінің жеткілікті шегінен асатын бөлігін аудару туралы өтініштер түсе бастағаны бел­гілі. Осыған байланысты ал­ғашқы аударымдар 15 нау­рыздан басталды. Қазіргі кезде инвестициялық портфельді басқарумен үш банк белсенді айналысуда. Соның ішінде Jusan Invest АҚ сенімгерлік бас­қаруындағы зейнетақы актив­тері 663,97 млн теңгені құраған. Оларға Ұлттық банк ноттары (портфельдің 60,11 пайы­зы), Exchange Traded Funds (ETF) пай­лары (39,64 пайыз), инвес­ти­­циялық шоттардағы ақша қара­­жатында қалған активтер (0,25 пайыз) сатып алы­нып­ты. Портфельдің 60,36 па­йы­зы теңгеде болса, 39,64 пайы­зы долларда сақталған. Инвести­циялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының на­рықтық құнының өзгеруі сал­дарынан есептелген инвес­тиция­лық кіріс мөлшері 6,18 млн теңгеге жеткен. Jusan Invest зейнетақы активтерінің та­быс­тылығын 0,89 пайыз деп көрсетеді.

1 сәуірдегі жағдай бойынша Halyk Global Markets АҚ сенімгерлік басқаруға 502,97 млн теңге қабылдаған. «Порт­фель­дің құрылымында кері РЕПО операциялары (99,5 па­йыз) және шоттардағы ақша қара­жаттары бар. Барлық инвестициялар ұлттық валютада номиналданған. Кезең ішінде есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 1,21 млн теңге, табыстылық 0,23 пайызды құрады» деп жазады БЖЗҚ.

BCC Invest АҚ еншісіндегі зейнетақы активтерінің көлемі – 304,42 млн теңге. Қордың хабарлауынша, аталған қаржы инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражатқа (64,02 па­йыз), РЕПО-ға (18,1 пайыз), Қазақ­стандағы квазимем­ле­кет­тік ұйымдарының облигацияларына (12,49 пайыз), шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына (8,05 пайыз), пайларға (ETF ин­декстерге) (6,86 пайыз) бө­лінген. Инвестициялық табыс кезеңіне есептелген сома 0,94 млн теңгені құраған, табыс – 0,29 пайыз деңгейінде. Соны­мен қатар портфельдің 85,08 пайызы ұлттық валютада жа­сақ­талғанын да айта кету керек.

AERC қолданбалы зерттеулер департаментінің консультанты Рустам Бекішевтің айтуын­ша, зейнетақы активтерінің жеке компаниялардың бас­қар­уы­­­на берілгеніне көп уақыт бола қоймады, сондықтан кесіп-пі­шіп бағалауға ерте. 

– Алғашқы статистика 1 сә­уір­де жарияланды. Сол жер­дегі үш компанияның әкелген та­­быс­тылығын Ұлттық банк та­­быс­тылығымен салыстыру дұ­рыс бола қоймас. Өйткені бас­қарушы компаниялардың бір жыл ішіндегі табыс динами­касы қандай болары белгісіз. Наурыз айында Ұлттық банк басқаруымен зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл­­дық мәнде 11,37 пайызды құрады. Мәселен, Jusan Invest табыстылығы 0,89 пайыз дең­­гейінде қалса және әрі қа­рай 12 ай бойы сақталса онда қиын пайыздар формуласы есе­бі­­­нен жылдық табыстылық 11,22 пайыз деңгейінде болады. Бұл Ұлттық банктің нау­рыз айын­дағы табысына жақы­ны­рақ. Ал егер BCC Invest табыс­ты­лы­ғы осы деңгейде (0,29 пайыз) қала берсе, онда бір жыл­да­ғы нәти­жесі небәрі 3,5 пайыз бо­лады. Бұл Ұлттық банк табысынан әл­де­­қайда төмен, – дейді сарапшы.

Әрине, басқарушы компа­ния­лар нәтижесі тап осы деңгей­де қалып қояды деп болжауға да болмайды. Сондықтан бір жыл ішінде жеке компаниялардағы активтер деңгейі күрт өсуі немесе құлдырауы мүмкін.

– Портфель құрылымына к­е­лер бол­сақ, доллармен беріл­ген зей­­нетақы активтері үлесі­нің арт­­қанын атап өтуге бола­ды: биыл 1 нау­рызда – 29,95 па­йыз, 1 сә­­уір­­­де – 30,93 пайыз. Сон­дай-ақ тә­уе­­кел бо­йынша құры­лымда да өз­­ге­­ріс бар: 1 наурызда «ААА» рей­­­тин­гінен басталып «ВВВ-»-ға де­йінгі қаржы құрал­дары 85,3 пайызды құраса, қазір бұл үлес инвестициялық порт­фел­ьдің 80,21 пайызына дейін тө­мен­де­ді. «ААА» рейтингіне ие (ең сенімді) қаржылық активтер тек Ұлттық банк пен BCC Invest портфелі құрылымында ғана бар. Бұл ретте табыстылық пен тәуекел бір-бірімен тікелей байланысты екенін айтқым келеді: қаржылық актив тәуекелі қаншалықты төмен болған сайын табыстылық та соншалықты аз, – дейді Р.Бекішев.

EXANTE халықаралық ин­вес­ти­циялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарёв қордағы зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға таратып беруден айтарлықтай пайда жоқ екенін айтады.

– Төрт компания таңдап алын­ды және оларға тәуекелге толы портфель қалыптастырмау туралы талап қойылып отыр. Сондықтан да активтерін жеке компанияларға аудару туралы небәрі мыңнан астам ғана өтініш келіп түскен. Бұл өте аз. Сонымен қатар компаниялардың капиталы­на да үлкен жауапкершілік жүк­теледі. Яғни біз төрт бір­дей кішкентай БЖЗҚ-ны құр­дық деу­ге болады. Олардағы та­быс­­­тылық БЖЗҚ-ға қарағанда сәл-пәл жоғары болады. Жеке ком­­паниялардың активтермен жұ­мыс істей бастағанына бір-екі ай ғана болады. Осы уақыт ішін­дегі көрсеткішін алдағы 12 ай­ға кө­бейтіп, үнемі солай табысты бо­лады екен деп байлам жа­сауға бол­майды. Осы айда та­быс­ты­лық жоғары болса, келесі ай­да ол құлдырап кетуі мүмкін. Иә, олар­дың портфелі таза, пайы­зы жо­ғары, басқа алып бара жатқан артық­шылық жоқ, – дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зей­нет­ақы активтерін сенімгер­лікпен басқару туралы төрт жеке басқарушы компаниямен келісімшартқа отырған. Олар – Jusan Invest АҚ, BCC Invest АҚ, Halyk Global Markets АҚ және «Сентрас Секьюритиз» А.