Дегенмен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтың мәліметінше, мұнайлы өңірде вакцина дозалары жеткілікті деуге негіз бар. Соның бір дәлеліндей, 18 мамырда Ақтөбедегі фармацевтика хабынан Спутник V вакцинасының ІІ компонентіне арналған 7 650 доза жеткізілді. Вакцина дозаларын егу бекеттеріне бөлу мен тасымалдау қолға алынды. Қазір өңірде 41 екпе бекеті жұмыс істейді. Оның екеуі Теңіз кен орнында болса, ХҚКО-да, «Тамаша», «Көктем», «Атырау», «Байзар», «Дина» сауда орталықтарының әрқайсысында бір-бірден екпе бекеті ашылды. Бұдан басқа, қалалық, аудандық емханалар жанында 23, сондай-ақ 10 жылжымалы бекетте тұрғындарға вакцина салынады.
Тұрғындардың вакцина салдыруға ниетінің төмендігінен болар, әсіресе, Атырау қаласында қауіпті вирусты жұқтыру азаяр емес. Мәселен, 18 мамырдағы дерекке жүгінсек, мұнайлы шаһар тұрғындары арасынан 56 адам коронавирустың «қақпанына» түсіп отыр. Сондай-ақ Жылыой, Құрманғазы мен Махамбет ауданынан 8 тұрғын аталған індетті жұқтырды. Ал Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінде қауіпті вирусқа екі жұмысшы ғана шалдығыпты. Демек өткен жылғыдай емес, мұнда індетті жұқтырғандар саны біртіндеп азайып келеді. Бұған кеніштегі жұмысшылардың вакцинаны мезгілінде салдыруының оң әсері тигені даусыз.
Өңірдегі ауруханаларда 12 компьютерлік томография, 4 МРТ, 41 рентген, 267 өкпені жасанды желдету аппараты, 669 оттегі концентраты, 1 514 импульстік оксиметрі мен 8 оттегі стансасы бар. Үш күн бұрын облыс орталығынан шалғайдағы Құрманғазы аудандық ауруханасы компьютерлік томографиямен қамтылды. Құны 360 млн теңгелік компьютерлік томография Каспий құбыр консорциумының демеушілігімен сатып алыныпты.
– Жапондық Hitachi компаниясы шығарған медициналық аппараттың SUPRIA моделі адам денесін толық диагностикалауды қамтамасыз ететін 128 бөлімді сканерден өткізеді. Радиациялық жүктемені азайту үшін IntelliEC дозасын интеллектуалды қайта бөлу алгоритмі мен IntelliIP итерациясының заманауи әдісі қолданылады. Бұл визуализация сапасын жоғалтпай, дозалардың ең төмен мәндерімен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.