26 Мамыр, 2021

Малы бардың жері жоқ, жері бардың малы жоқ

829 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Павлодар облысы Баянауыл, Май аудандарының әрқайсысында 2 млн гектардан астам алқап бар болса, оның 90 пайызы – жайылымдық жерлер. Өкінішке қарай, бұл жерлер игерілмей, бос жатқаны шындық. Баянауылдағы тағы бір даулы мәселе – Павлодар облысына тиесілі 17,7 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару. Кеңес заманында Қарағанды облысына жалға берілген жерлерді қазір осы өңірдің шаруашылықтары пайдалануда.

Малы бардың жері жоқ, жері бардың малы жоқ

 

Баянауылда жайылымдық жерлер игерілмей жатыр дегенге келсек, аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметовтің айтуынша, Баянауыл ауданындағы 228 шаруаның жері артық, керісінше 241-іне мал жайылымы жетіспейді. Бұл ретте игерілмеген жерлерді анықтау бойынша тиісті шаралар қолға алыныпты. Мәселен, бүгінде 44 жер учаскесінің (73 584 га) пайдаланылмай жатқаны анықталған. 196 шаруашылық жайылым жері бола тұра, төрт түлігін ауылдың ішінде ұстап отырған көрінеді. Оларға ескерту жасалып, ауылдан шығуға уақыт беріліпті.

Аудан шаруашылықтары негізінен мал шаруашылығына бағытталған. Ірі қара саны – 81,1 мың бас, жылқы – 42,6 мың бас, қой – 71,7 мың бас, ешкі – 25,4 мың бас, шошқа 74 мың басты құрайды. Ауданда 30 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен, ал екеуі асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Соңғы екі жылда 1,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара және жеке қаражат есебінен 6 мың бас қой әкелінген.

Жайылымнан таршылық көріп отырған ауылдардың тағы бір мысалы Павлодар ауданында бар. Ауданның Заря, Бірлік, Жертұмсық, Кеңес, Ямышев, Мичурин, тағы басқа ауылдары суармалы алқаптардың қоршауында қалған, мұндай алқаптардың көлемі ұлғайып, керісінше жайылымдық жерлер қысқара түскен.

– Малдар суармалы алқаптарға түсіп кетпесін деп табынды қырға бір ізбен шығарып, бір ізбен қайтарып отырмыз. Еркін жайылмаған соң мал күй жинай ала ма? – дейді ауыл бақташысы Ахатбек Әділбеков.

Осы ауданды кешеге дейін басқарған Жанат Шұғаевтың айтуынша, жалпы жайылымның аздығы мәселесі ауданда бұрыннан бар. Өйткені аумақта суармалы жерлер көп. Ауылдықтар болса, малдарын ауыл айналасында ғана баққысы келеді. Қазір көктемде ірі қараның басын қосып, біраз шалғайлау болса да жайлауға жіберуді ұсынуда.

 Ауданы бойынша 40 мың бас ірі қара бар болса, Заря ауылының тұрғындары 3500 ірі қара, 4 мың қой, 2 мыңға жуық жылқы ұстайды. Талап бойынша бір сиырға кемінде 5-7 гектар көлемінде жайылым жері қажет. Ал ауыл маңайында 850 гектардай ғана жайылымдық алқап бар көрінеді. Аудан көлемінде 5 мың гектардай жер жарамсыз күйі қалған.

Оған қоса, жекенің меншігіне өтіп кеткен, бірақ игерілмей жатқан жерлер бар көрінеді. Екіншіден, Жанат Рашидұлы айтқандай тұрғындардың малы ауыл маңынан ұзамайды. Бұл 15-20 шақырымға дейінгі жердің тозып, табиғи өнімділігін төмендететіні анық. Тіпті, зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулардың көбеюіне әкелуде. Осы аталған факторлар мал өнімдерін алу мүмкіндігін азайтып, саланың дамуына кері әсерін тигізуде.

Ақтоғай ауданында да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға тартып, өткен жылы жайылымдар 20 554 га көлемге ұлғайған. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жайылым алқаптарының жалпы ауданы 655,5 мың га құрайды. Тұрғындарға мал жаю үшін 7,9 мың га бөлінгенімен, Ақтоғай, Мүткенов ауылдық округтерінде де жайылым жетіспеушілігі байқалуда. Ауылдан тыс шалғайда мал шаруашылығын құру үшін де жер алу мүмкіндігі бар. Мысалы, 2019 жылы жүргізілген тексеру барысында 25 жер пайдаланушының 23,1 мың га пайдаланылмайтын жайылымы анықталса, былтыр 22 жер пайдаланушының 21,5 мың га пайдаланылмайтын жайылымы бар екені белгілі болған. Ал 6 жер пайдаланушының 4,8 мың га жайылымы мемлекеттік меншікке қайтарылған.

Бірақ өңірдің астық өсіретін аудандарында жайылым көлемі қысқарып кеткен. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басым бөлігі егін егуге пайдаланылады. Бұл – мал мен жан бағып отырған ауылдағы ағайын үшін қиын.

Облыстық Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, тұрғындардың көшіп кетуіне байланысты малдың да саны азайғандықтан, биыл 53 мың гектардан астам жайылымдық жер мемлекет иелігіне қайтарылған. Дегенмен де кей аудандарда мал бағуға 400 мың гектарға жуық жер қажет көрінеді.

Ал біз телефон арқылы сөйлескен кейбір ауыл әкімдері ауылдық аумақтардың айналасын кеңейтуді ұсынды, себебі жеке шаруалардың малын бағуға жайылымдар жеткіліксіз, жайылымдарды суландыру шараларын өткізу керек, дейді.

Былтыр облыста аукцион арқылы 260-тан астам жер бөлігі, соның ішінде 2019 жылы өткен 37 аукционда кәсіпкерлік қызметін дамыту үшін 264 жер учаскесі сатылған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Асайын Байханов әлеуметтік желіде 2020 жылғы атқарылған жұмыс бойынша есебінде жариялаған болатын.

– Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы жер көлемі өткен жылдың соңында 6 581,6 мың гектарды құрады, 17,5 мың гектар ұтымсыз пайдаланылған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылса, 86 мың гектар тыңайған жерлер айналымға тартылды. Нәтижесінде, олардың алаңы 171 мың гектарға қысқартылды. Халықтың және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жеке үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жайылымдық алқаптарды пайдалануға талдау жүргізілді, – деді Асайын Байханов.

Сөйтіп, пайдаланылмайтын жайылымдардың 488 мың гектары анықталды. Қабылданған шаралар пайдаланылмайтын жайылымдардың ауданын 275 мың гектарға қысқартуға мүмкіндік берді. Яғни 126,8 мың гектар – облыстың суармалы жерлерінің жалпы ауданы. Бір жыл ішінде 24,6 мың гектарға ұлғайтылған. Облыс фермерлеріне жалға беруге конкурстар өткізілген ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы ауданы 641,5 мың гектарды құрайды.

– Өткен жылы жер сату аукциондарын өткізу тәсілі өзгертілді. Алғаш рет облыста аукционның ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру үшін www.gosreestr.kz веб-порталы арқылы жер учаскелерін электронды ұсыну енгізілді. Бұл өтінімдер саны мен бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік берді. Instagram, Facebook әлеуметтік желілері және Мемлекеттік мүлік веб-порталы арқылы халықты алдағы сауда-саттық пен конкурстар туралы хабардар ету тұрақты тәжірибеге енгізілді. Әлеуметтік желілерде 2020 жылдың 7 мамыры мен 20 желтоқсаны аралығында алдағы сауда-саттық туралы 83 жарияланым, оның ішінде 49 конкурс туралы және 34 аукцион туралы хабарланды, – дейді Асайын Байханов.

Биылдан бастап жайылымдық және егістік жерлерді пайдалануға ғарыш мониторингі жүргізіледі. Енгізіліп жатқан жүйе жайылымдық жерлерді пайдалану жүктемесін автоматты түрде салыстырып, егістік алқаптардың жай-күйін анықтауға мүмкіндік береді. Ғарыштық мониторингтің деректері жерді пайдаланудың жағдайын бақылау үшін қолданысқа алынады. Жайылымдық жерлер жайына келер болсақ, жүйе олардың жүктемесінің белгіленген стандарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.

Пайдаланбаған егістік алқаптарын анықтау процесі сәл өзгешелеу – жерді қашықтықтан зондтау жүйесі белгілі бір алқапта қандай жұмыстар жүргізілгенін немесе дақылдар өсірілгендігін, химиялық өңдеу жүргізілгендігін анықтайды. Осы жұмыстарды елімізде жаңа құрылған «Қолдау» ақпараттық есептеу орталығы «Қазақстан Ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының материалдарына сай жүргізеді.

Мәселенің мәнісіне келсек, Баянауылдың кейбір ауылдары үшін, мәселен, Торайғыр ауылдық аумағына жетпейтіні – жайылымдық жер. Ауылдықтар малды емін-еркін жая алмайды, өріске жіберуге жер тар. Ауыл Баянауыл ұлттық паркі аймағында орналасқандықтан, бұл мәселе жылдар бойы жалғасып келеді.

Екіншісі, жоғарыда айтылған суармалы алқаптары бар Павлодар ауданы, Ақсу қаласының ауылдық аумағы болса, жайылым азаюына әсер еткен үшінші жағдай – жерінің көбі астықты алқапқа айналған Ертіс, Железин, Тереңкөл, Ақтоғай аудандары.

Ал бос жатыр деген Май ауданының жерлері – полигон аумағы, 1949-1989 жылдар аралығында полигон жерлерінде мал бағуға, егістік жұмыстар жүргізуге рұқсат берілмеді. Еліміздегі Ұлттық ядролық орталық полигон аймақтарының радиациялық жағдайын әлі зерттеуде. Полигонның Павлодар облысына қарасты солтүстік аймағын ауыл шаруашылығына қаншалықты пайдалануға болатынына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Егер бұл жерлер радиациямен уланбаған болса ғана ауыл шаруашылығына пайдалануға берілуі мүмкін.

Дегенмен, Ұлттық ядролық орталық ғалымдарының айтуынша, полигон жерлерінің кейбір бөлігін ауыл шаруашылығына қайтаруға болады. Бұл – полигон зардабынан шығудың бір мүмкіндігі. Зерттеу, оңалту іс-шараларынан кейін ол жерлер бірте-бірте ауыл шаруашылығы мақсатына берілсе, бұл салалар дами түсетіні сөзсіз.

Өңірдегі Аққулы, Успен аудандарындағы бос жатқан жерлер енді игеріле бастады. Екібастұздың ауылдары үшін жер, жайылымдық жер жетеді деп жүрсек, олар қаладан келген кәсіпкерлердің қолында екен. Яғни малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ деген сөз. Мұндай теңсіздіктерді болдырмау үшін ауылдардың маңайындағы жерлерді ұсақ малдардан, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға қалдыру көзделген. Ауылдық аумақтардың жерлерінің көбін ЖШС, АҚ, ӨК сияқты орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін кәсіпорындар жалға алғаны белгілі. Тұрақты комиссия өкілдері алдағы уақытта заң жүзінде бұл қарама-қайшылық та реттеліп қалар деген ойда.

Енді өзіміз жуырда ғана барып қайтқан Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылы туралы айтайық. Бұл – шағын ғана ауыл, оның 500-дей ғана тұрғыны бар. Қарағандыға баратын үлкен асфальт жолдың бойында орналасқан ауылды көргенде шошып кеттік. Әлгі 20 жылдан соң жөнделді деген кіреберіс жолда сиырлар жүр. Тұрғындар үйлерінің сыртын ағартып, сырлап, аулаларын ретке келтіріп жөндемеген де. Ауылдың іші толған мая-мая үйілген шөп, малдың қиы. Тіпті қораларынан шығарып, көшеге дейін шөп жинайды. Әкімдік кеңсесінің дәл жанындағы биік болып үйілген шөп толы қоралардың иісі қолқаны қабады.

– Біздің ауыл – ауыл емес, ферма сияқты қазір, бір үйде 30-40 мал ұстайтындардың тірлігі міне, осындай, – дейді тұрғындардың бірі реніш білдіріп. – Аздаған мал болса, бірсәрі. Ауылды жайылымға, фермаға айналдырғандар шалғай қыстақта, жайлауда малдарын бағу керек. Әкімдік айыппұл төлетіп, шара қолданса дейміз. «Шиқылдақта жайылым жерлер бар, бірақ көбі – қалада тұратын кәсіпкерлердің жері. Ал жергілікті тұрғындар жер аламыз десе, мүмкіндік аз, ауылға жақын жерлерді бермеу керек еді», дейді Дархан Елеубек.

Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, кәсіпкер Сайлау Оразбаевтың айтуынша, ауылдан шалғай жерлерде жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу маңызды.

– Жалпы, өңірде «Жайылымдар туралы» заң жобасына сәйкес, әр ауылдық аумақтың табиғи-климаттық ерекшеліктерін, бұрыннан қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар әзірленген. Жоспарда ауыл аумақтарының мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ бос жатқан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылым пайдаланушылары мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіріледі, – дейді Сайлау Оразбаев.

Жергілікті халықтың қажеттілігін қанағаттандыру және жайылымдық жер беру мәселесін шешу үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Құжаттың мақсаты – халықтың мал жаю мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін ұйымдасқан шаруашылықтар пайдаланбаған жайылымдарды қайта бөлу.

Бірақ заң қабылданған бес жылдан бері не өзгерді деген сұрақ туады. Егер де қазір Президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілетін болса, жайылым мәселесі де жөнделер еді.

 

Павлодар облысы