Парламент • 26 Мамыр, 2021

Мәжілісте қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасы мақұлданды

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжілісте қашықтан жұмыс істеу туралы заң жобасы мақұлданды

Заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын реттеу мақсатында бастамашы болды және 2021 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында:

- жұмыскерлердің сайланбалы өкілдерін, оның ішінде қашықтан дауыс беруді пайдалану мүмкіндігін ескере отырып сайлау және оларға өкілеттіктер беру тәртібі бекітілді;

- түсіндіру хабарламаларын дайындау кезінде қағаз нысандағы құжаттармен қатар электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжатты пайдалану мүмкіндігі көзделген;

- қашықтан жұмыс істеп жүрген жұмыскерді іссапарға жіберуге қатысты нормалар нақтыланды. Еңбек кодексінің қашықтан жұмыс істеуді реттейтін 138-бабына нормалар қайта қаралды. Мәселен, қашықтан жұмыс, қашықтан аралас жұмыс тараптардың келісімі бойынша жұмыскердің немесе жұмыс берушінің бастамасы бойынша белгіленуі мүмкін.

«Бұл ретте жұмыс беруші жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді. Жұмыскердің жұмыс күнінің күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болу мәселелері реттелді. Бұл ретте Еңбек кодексінде көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс қолжетімділік режимінде болуын талап етуге құқығы жоқ», делінген комитет қорытындысында.