Технология • 27 Мамыр, 2021

Ғарыш индустриясы. Осы сала алыптарына жете аламыз ба?

659 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арнайы талдау көрсеткендей, қазіргі ғарыш саласының негізгі қозғаушы тетігі ретінде 5 бағыт қарастырылып келеді. Нақты айтқанда, салалық өнеркәсіптегі шығындарды азайтатын технологиялық өнімдерді дамыту қажет.

Ғарыш индустриясы. Осы сала алыптарына жете аламыз ба?

Спутниктік навигацияның маңызы зор

Сондай-ақ жеке инвестициялар көлемін ұлғайту, ірі көлемдегі деректерге тәуелді жаһандық экономикадағы цифрлы технологиялар үлесін арттыру, ғарыш индустриясын экономиканың даму көзі ретінде жолға қою, аталған саладағы ойыншылардың әскери және стратегиялық әлеуетін арттыру керек.

Отандық сарапшылардың айтуын­ша, Қазақстанға бұл жаһан­дық жарысқа қосылу үшін алды­мен ақпараттық ресурстарды қалып­тастырып, саладағы сервис­тік қызметті халықаралық дең­гей­ге жеткізу арқылы заманауи ғарыш қызмет көрсету индустриясында орын алуға күш салу қажет.

«Жер планетасына әсер ете­тін сыртқы факторлар туралы мәлі­мет жерүсті, ғарыштық және астро­номиялық обсерватория­лар мен стансалар арқылы алы­нады. Алайда жерүсті жү­йе­лері­нің мүмкіндіктері шектеу­лі. Бұл ретте, Жер мен Күн­нің ор­би­тасын­дағы ғарыш обсер­вато­рия­ларының артықшылығы көп.

Біздің астрофизиктер қазір осы жаңа бағытта жұмыс істеп ке­леді. Ішкі әсер ету факторлары­на тоқталсақ, заманауи ғарыш жү­йе­лері Жерге бағдарланған жаһан­дық біріктірілген өрісті қалып­тас­тыруға мүмкіндік беріп отыр.

 

Оның жарқын дәлелі ретінде Ресей Федерациясының «Глонасс», АҚШ-тың GPS сияқты ғаламдық нави­гациялық спутниктік жүйелерін айтуға болады. Сондай-ақ Еуропаның ғарыш агенттігі «Галилео» жүйесін және ҚХР «Бэйдоу» навигациялық жүйесін іске қосқаны мәлім. Екінші бағыт – әртүрлі санат пен мақсатқа арналған Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйелерін дамыту. Ғарыштық спут­никтік байланыс жүйелерінің маңыздылығы да уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Бұл салада ақпараттық қызметтердің кез келген түрін жедел ұсынудың әмбебап мүмкіндіктері бар. Мысалы, Жерді қашықтан зондтау жүйелері және спутниктік навигация бұл геокеңістіктегі деректер ин­фрақұрылымын құру мен оны арттырудың таптырмас құралы», деді «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Марат Нұрғожин.

 

Марсқа қамданудың төте жолы

Осыдан 15-20 жыл бұрын ғарышқа саяхаттап, басқа планеталарға экспедиция жасау мүмкін еместей көрінетін. Қазір бұл салаға жекелеген компаниялар қарқынды түрде тартылып жатқандықтан, оны да көретін күн алыс емес дейді мамандар. Десе де аталған бағытта әлі де шешілмеген мәселе көп.  

«Ғарыш экспедицияларын отын, су және тамақпен қамтамасыз ету өзек­ті мәселенің біріне айналды. Амери­калық ғалымдардың пікіріне сүйенсек, оны шешуге синтетикалық биология көмектесуі тиіс. Ғарыш агенттіктері мен жекелеген компаниялар мұндай жоба­ларды жүзеге асыруды ойластырып, қолға алып жатыр. Айталық, Марс планетасы азотқа, көмір­қышқыл газына бай. Арнайы құ­рыл­ғының кө­­ме­гімен көмірқыш­қыл газынан 6 ки­ло­ға­ дейін метан­ өн­діріп, оны отын ре­тін­де пай­да­лануға болады. Тиіс­ті есептеулер­ге сәйкес, қызыл ға­лам­ша­р­ға жету үшін экипаж 10 тон­наға дейін азық-түлік алу керек. Егер де фото­син­тез­ді, бактерияларды қолданса бұл мөл­шерді едәуір азайтуға болады. Осы арқылы адамдарды өсімдік тағамы­мен ішінара қамтамасыз ету жол­ға қойылады. Әлбетте, бұл ұсы­ныл­ған ғылыми тұжырымдаманы іске асыру үшін көптеген мәселені ше­шу қажет. Биологиялық өндірісте ал­ғаш­қы қадамдар жасалғанымен, Марс экспедициясы әлі тек жоспарда тұр. Түптеп келгенде, биотехнология басқа планеталарға сапарлауды қамтып қана қоймай, онда тұрақтайтын стансалардың ұзақ жұмыс істеуге септігін тигізеді», деді Ұлттық биотех­но­логия орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов.

 

KazSat-тың берері мол

Ғарыш саласындағы тағы бір ма­ңызды бағыттардың бірі – байланыс жүйелерін дамыту. Республикалық ғарыш байланыс орталығының стра­тегиялық жобалар­ департаментінің ди­­ректоры Әділ­қа­йыр Қадыр айт­қан­­­дай, цифр­лы тех­ноло­гия­лардың қар­қын­ды дамуымен бір­ге сапалы байланыс­ қызметтеріне де тұ­тынушылар тарапынан сұраныс артып, оған қойы­латын талап­тар кү­шейтіліп келеді.

«Еліміздің тұр­ғын­дары­ның сұра­нысын арттыру үшін 2004 жылы Рес­пуб­ликалық ғарыш байланыс орта­лығы құрылған еді.Оның мақсаты отандық ғарыш байланыс жүйелерін дамыту саналады.  2004 жылдан бастап біздің компания KazSat сериялы телеком­муникациялық ғарыш аппараттары базасында спутниктік бай­ланыстың ұлттық жүйесін дамыту бойынша міндеттерді табысты іске асырып келеді. Бүгінде KazSat ұлттық ғарыш байланыс жүйесін тиімді пайдалану тетігі жолға қойылған. Ол KazSat-2 және KazSat-3 спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесінен тұрады. Сондай-ақ «Ақкөл» және «Көктерек» ғарыш байланыс орталықтары жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен орынды. Бұл ғарыш аппараттарының ресурс­тары елімізге тиімді және сенімді спут­никтік байланыс арналарын іске қосуға мүмкіндік берді. Оның өнім­дері отандық тұтынушыға түрлі теле­коммуникациялық қызметті ұсыну үшін қолданылады. Атап айтқанда, интернет желісіне, ұялы байланыс пен телерадио хабарларды таратуда оның пайдасы зор. KazSat спутниктері базасында Қазақстанның 16 телекоммуникациялық операторына, ұлттық компанияларға, әскери құрылымдарға, мемлекеттік органдар мен жекеменшік ұйымдарға қызмет көрсетіліп келеді. KazSat ғарыш сегментіне еліміздің барлық аумағын­дағы 15 мыңнан астам спутниктік бай­ла­ныс стансасы қол жеткізіп отыр. Бұ­ған қоса аталған ғарыш жүйесінің Жер­дегі инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөлінуде. Мәселен, «Көктерек» ғарыш байланыс орталығы базасында телепорт ұйымдастырылып, осы арқылы жаңа телекоммуникациялық сервис­терді енгізуге мүмкіндік туды. Республика көлемінде KazSat-3 ғарыш аппаратының ресурстарын пайдалану арқылы кең жолақты интернетке жол ашылды. Телевизиялық хабар тара­тудың жоғары шешімдегі спутниктік желісі іске қосылды», деді Ә.Қадыр.

Әйтсе де отандық компаниялар жа­һан­дану мен төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ғарыш саласы­ның да бір орында тұрмайтынын жақсы түсініп отыр. Сол себепті бұл индус­триядағы соң­ғы үрдістерден қалыс қалмауға қам­данып, ғылыми ізденістерін табыс­ты жүзеге асырудың түрлі амалдарын ойлас­тырып келеді