Коронавирус • 28 Мамыр, 2021

Қайсар жандар қауіпті індетті де жеңеді

320 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көпшілік үшін күрделі мәселеге айналған коронавирус індеті күн сайын күшейіп, Жамбыл жұртшылығын ғана емес, жаһанды да әбігерге салып отыр. Өңірде бүгінде қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтіліп, барлық талап сақталғанымен де 9 мыңға жуық адам індет жұқтырған. өкінішке қарай, қауіпті індеттің құрбаны болғандар да бар. Дегенмен де ел ішінде бұл індетті жеңгендер де кездеседі. Бұл ретте азаматтардың ‑мірін сақтап қалуда ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан. Дер кезінде тиісті шаралар қабылдап, көптеген науқастың аяғынан тік тұруына септігін тигізгені де ерлікпен бірдей.

Қайсар жандар қауіпті індетті де жеңеді

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», дегендей, кез келген дерттің дауасы оңай табыла қоймайды. Ал коронавирус індетінің қауіптілігі күн са­йын айтылуда. Онымен жапсарласып келе жатқан пневмония деген ауру тағы бар. Алайда көптеген азамат ін­дет­­ті же­ңіп шықты. Мәселен, Талас ауда­­ны Үшарал ауылының 68 жастағы тұр­ғы­нының дене қызуы үш күннен бері түспей, тыныс алуы қиындаған соң, нау­қас жедел жәрдем көлігімен орталық ауруханаға жеткізіледі. Оны тексеру барысында компьютерлік томография өкпенің 50 пайызы зақымданғанын анықтап, оған екіжақты полисегментарлы пневмония диагнозын қояды. Ал облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметінше, пациентте стенокардия, бүйректің басым зақым­да­нуымен артериялық гипертензия және қан айналымының бұзылуы сияқ­ты ілеспе аурулар болған екен. Нау­қас шұғыл түрде жансақтау бөліміне жат­қызылып, қосымша респираторлық қол­дау көрсетілген. Араға бес күн салып жағдайы жақсарған соң, арнайы ортақ бөлмеге ауыстырылған. Дәрігерлердің кө­мегінің нәтижесінде ол 15 күннің ішін­де сырқатынан толық айығып шықты. «Мен барлық медицина қызметкеріне алғыс айтамын. Облыс орталығына бармай-ақ, аудандық ауруханада қажетті ем-дом алып, отбасыма аман-есен оралдым. Ақ халатты абзал жандарға бақыт, денсаулық және осы пандемиямен кү­рес­те шыдамдылық тілеймін», дейді ол. Дәрігерлер де әрбір тұрғын үшін ба­­рынша қажетті шаралар жасайтынын айтуда. «Адамның аурудан жазылуы оның ішкі жағдайына, оның өмір сүруге, отбасына, жақындарына оралуға деген ниетіне тікелей байланысты болады. Бұл кісі біздің стационарымыздағы өмірге құштар науқастардың бірі болған. Сондықтан да ол коронавирус індетін жеңді», дейді емдеуші дәрігер Толқын Жаңабай.

Тараз қаласының 60 жастағы тұрғы­ны да қауіпті індетті жеңіп отыр. Әуелі ол ауыр халде қалалық көпбейінді ауру­ха­наның жұқпалы аурулар бөліміне ке­ліп түседі. Туыстарының айтуынша, науқас тұмау белгілеріне ұқсас ауруды өз бетінше емдеуге тырысқан. Бірақ дерті одан сайын асқынып, тынысы тарылып, ентіге берген соң, шұғыл түрде қалалық көпбейінді ауруханаға ке­ле­ді. Мұнда келушінің қан талдаулары тексеріліп, компьютерлік томографияға түсіріліп болған соң, өкпенің 100 па­йыз зақымданғаны анықталады. Сөйтіп науқас жансақтау бөліміне жат­қы­зы­ла­ды. Зақымдалған өкпені қалыпқа кел­тіретін ем-шаралар 60 күнге созылыпты. Дәрігерлердің табанды еңбегінің нәтижесінде бұл науқас та індетті жеңіп шығады. «Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жаттым. Маған қайта өмір сыйлаған ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Коронавирус індетінен қорғану үшін адамдарға вакцина салдыртып, өзіне күтім жасау керек­ті­гін айтқым келеді. Денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ», дейді ол. Бүгінде науқас толық сауығып, үйіне шығарылды.

Жуырда Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы жұқпалы аурулар құры­лы­мының жансақтау бөліміне Мойын­құм ауданының тұрғыны келіп түседі. 28 жастағы жүкті әйел облыс орталығына өте ауыр жағдайда санитарлық авиация желісі арқылы жеткізілген. Ком­пью­терлік томография мен талдау-са­раптау қорытындылары бойынша оған коронавирус және ауыр дәрежелі өкпенің 88 пайыз зақымдануымен екіжақты вирустық пневмония диаг­нозы қойылады. Алайда жергілікті медицина қызметкерлері бір айдан аса уақыт бойы реанимация бөлімінде науқастың өмірі мен баланың өмірі үшін күрескен. «Өміріне қауіп төнген ана бүгінде кесарь тілігі арқылы аман-есен тұңғышын босанды. Нәрестенің салмағы 3400 грамм. Шақалақтан сынама алынды, нәтижесі сәби­дің коронавирус жұқтырмағанын көр­сетті. Бірақ босанғаннан кейін нау­­қас­тың жағдайы нашарлап кетті. Са­­турациясы төмен, температурасы жоғары, өздігінен дем ала алмайды, интокси­кация синдромы өзгеріссіз қалды. Бір­неше рет кон­си­лиумдар жүргізілді. Нәтижесінде, экстракорпоралды мембраналық окси­генация аппаратына қосылды», дейді аталған аурухананың босану бөлім­шесінің меңгерушісі Қымбат Абдраимова.

Қуанышқа орай, індетті жеңген ана дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Дәрігерлер мен медбикелер ана мен баланы қатаң бақылуға алып, емдеп, ерекше күтім жасаған. Нәтижесінде, олар көп ұзамай реанимациядан бе­йінді бөлімшеге ауыстырылмақ. «Біз жаңа босанған анаға жақынымыздай алаңдадық. Ол кісінің жұбайының да бізге толық сенім артып, жақсылықтан үміттенгені бізге күш берді», дейді емдеуші дәрігер-инфекционист Елена Пак. Төтенше режімде жұмыс істеуге дағдыланған аурухананың білікті мамандары сөйтіп бірден екі адамның өмі­рін сақтап қалды. «Менің ауыр халіме қарамастан, ана болу ба­қытын сыйлаған осы аурухананың ұжы­мына алғысымды білдіремін. Сіздер шы­нымен мықты екенсіздер. Адал ең­бек­­теріңізді көрдім. Көрсетілген көмек­теріңіз үшін мың алғыс», дейді жаңа босанған ана. Айта кетейік, жыл ба­сынан бері ауруханаға коронавирус ін­де­тін жұқтырған 197 жүкті әйел және 37 босанған әйел келіп түскен. 72 жүкті және босанған әйел жан­сақтау бөлімінде ем­де­ліп шықса, бұл мекемеде 52 әйел дені сау балаларды дүниеге әкелген.

Психологтер қауіпті індетке шалдық­қан адамның одан үрейленбей, қорықпай, тек қана оны жеңіп шығатынына сенімді болуы керектігін айтады. Дегенмен де дерттің аты – дерт. Өміріне қауіп төндіріп тұрған індеттен кім қорықпасын. Алайда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, ауру келмес бұрын ба­рынша сақтық талаптарын сақтап, өз-өзімізді бақылауға алған жөн.