Экология • 01 Маусым, 2021

Теректер «қоныс аударды»

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қаласындағы көлік жолын кеңейтуді қолға алған «АтырауИнжСтрой» ЖШС терек­терді та­мырымен көшірді. Өйткені  кеңейтілетін жол бойындағы теректер жобаланған жұмысты атқаруға кедергі келтіріпті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Теректер «қоныс аударды»

– Жобаға сәйкес, теректер кесілуі тиіс еді. Бірақ тапсырыс беруші мен мер­дігер компанияның бірлескен ұйғары­мымен өзгеше шешім қабылданды. Бұл –  теректерді басқа орынға ауыстырып, сақтап қалу, – дейді серіктестік дирек­торының орынбасары Орынбай Ғаббасов. 

Осылайша ауқымды жұмыс бас­тал­ғанға дейін көпжылғы 30-дан астам  терек «Мұнайшы» стадионы маңындағы аллеяға көшірілді. Енді қа­ланы көгалдандырумен айналысатын «КДМС» компаниясының мамандары «қоныс аударған» теректерге үнемі ба­қылау жүргізгелі отыр.

– Теректер де тіршілік иесі секілді жа­ңа орынға бейімделгенге дейін «ауырады». Алайда, тыңайтқыштар мен тұрақты суару теректердің тамыр жаюына кө­мек­теседі. Бір айда теректердің тамыр жай­ғаны немесе өліп қалғаны белгілі болады, – деді О.Ғаббасов.

 

Атырау облысы