Руханият • 01 Маусым, 2021

Ұрпақтан айырылып қалмайық

703 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда қоғамды алаңдататын ең басты мәселенің бірі ана тіліміздің жағдайы, келешегі, тағдыры екені күмәнсіз. Осы тұрғыдан келгенде өткендегі мынадай бір тарих еріксіз еске түседі. 1986 жылдың күзінде, ол кезде республикалық «Жалын» баспасының директоры едім, Орталық партия комитеті шақырып алып, менің республикалық «Казкнига» кітап саудасы бірлестігіне басшы болып баруым қажет екенін айтты.

Ұрпақтан айырылып қалмайық

­«Қазақша шығатын кітаптар­дың тиражы, таралымы мандымай, өспей қойды, соны жолға қою керек» деген тапсырма бе­рілді маған. Келген бойда жағдай­ды зерттеп қарасам, әсіресе солтүс­тік облыстардағы кітап саудасы мекемелерін басқаратын адам­дардың да, қызметшілерінің де барлығы түгел орыстар, өзге ұлт өкілдері екен. Қайсыбір кітап сау­дасы мекемелерінде қазақша бі­летін бір адам да болмай шықты. Баспалардан келесі жылдың та­қы­рыптық жоспарына енген кітап­тардың тиражы «Казкнигада» күзде бекітілетін. Оны «тиражирование», «тираждау комиссиясы» дейтінбіз. Сондай алғашқы тираждау комиссиясын өткізгенім де есімде. Қазір нақты атауы есімде жоқ, қазақша шығатын бір кітапқа солтүстік облыстардың біріндегі кітап саудасы ұйымын басқаратын ұлты қазақ емес әйел адам: «біздің облысқа жиырма дана» деп жауап берді.

– Неге соншалықты аз? – деп сұрадым.

– Біз «Казпотребсоюз» емес­піз. Біздегі қалалар мен поселкелерде қазақша оқитындар жоқтың қасы, – деді әлгі әйел.

– Сіз мұны қандай негізге сү­йеніп айтып тұрсыз? Облысы­ңыз­дағы қазақша кітап оқығысы келетін адамдардың қанша еке­ніне зерттеу жүргіздіңіз бе? Сіз олардың сұранысын толық қана­ғаттандырып отырмыз деп айта аласыз ба? – деп сұрадым.

– Былай да белгілі ғой.

– Жоқ. Ешқандай да белгілі емес. Қазақ тіліндегі кітаптарды насихаттау үшін нақты қандай жұмыстар жүргізесіздер? Аста­надан, біз ар­қылы, кітап оқушы­ларымен кезде­сулер өткізіп, өз кітаптарын, өзге ав­торлардың, баспалардың жаңа кітаптарын насихаттау үшін қа­зақтың ақын-жазушыларын, бас­па қызмет­кер­лерін шақырған ке­зіңіз болды ма? Облыстық қазақ га­зеті, радио, теледидар арқылы қазақ­ша кітаптардың насихатталуы жа­йында не айта аласыз? Өзіңіз бас­қаратын облыстық кітап саудасы ұйымында қазақша кітап оқитын, қазақ ақын-жазушыларын, авторларын білетін қызметкерлер бар ма? – деген сұрақтар қоюыма тура келді. Оларға әлгі әйел не айтарын білмей, қызарақтап, қатты қысылды. – Қазақша шы­ғатын кітаптарға біз­дің «Каз­кни­ганың» беретін тапсырыстары «Казпотребсоюзбен» қоса алғанда поэзия үшін 7-10 мың­нан, проза үшін 20-30 мыңнан кем болмауға тиісті. Ал кітапты насихаттаудың қандай әдістері мен түрлерін пайдаланып отыруымыз керек екені өз алдына жеке әңгіме. Ондай мәселелермен ұйымдастыру бө­лімі алдағы уақыттарда нақты айналысады. Облыстық кітап саудасы ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіледі, – деуіме тура келді.

Өзге республикалардың кітап саудасы ұйымдары «Өзбеккі­тап» «Қырғызкітап» болып аталып жүр­генде, бір кезде өзіміздегі, Мәс­кеудегі ресми орындарда «Каз­­книга» болып бекітіліп кеткен атау­­ды «Қазақкітап» деп өзгертіп, бе­кіт­тіруге (Мәскеумен келісіп, әри­­не) жарты жылдай уақыт кетті. Со­дан тағы бір-екі жылдай уақыт өт­кенде қазақша кітаптардың ти­раж алуы мәселесі бірыңғай орнық­ты шешілген болатын.

Тағы бір анықтағаным сол уақытқа дейін қазақтар көп тұратын өзге республикаларға, шетелдерге де мектеп оқулық­та­рынан басқа бір­де-бір қазақша кітап жіберілмей келіпті. Осы дәстүрді, үрдісті бұзу үшін Ре­сей­дің, Өзбекстанның, Қыр­ғыз­станның, Түрікменстан­ның, Моң­ғолияның, Қытайдың кітап саудасы ұйымдарымен бай­ланыс жасап, кітап саудасы қыз­меткерлері мен жазушылардан бри­гада жасақтап, шетелдердегі, шет жерлердегі қазақ жұртымен кездесулер өткіздік. Көрші рес­публикалардағы жергілікті пар­тия, кеңес ұйымдарында болып, келіссөздер жүргізіп, солар­дағы, сондай-ақ Қытайдағы, Моң­ғо­лиядағы кітап саудасы ұйым­да­рымен қазақ тіліндегі кітаптарды жыл­ма-жыл жеткізіп беріп отыру­ды міндетімізге алып, шарттар жа­састық.

Сондай бір бригаданы Қазақ-
­стан­мен көршілес Астрахань облысына өзім бастап барған едім. Астрахань қаласы орталығындағы бір үлкен кітап дүкенінде қазақ кітаптарын сататын бөлім ашып, вагонға тиеп өзімізбен ала барған қазақша кітаптарды сөрелерге жайғастырып, жыл сайын Қазақ­­стан баспаларының кітап шы­ғаруға арналған тақырыптық жос­парларын біз арқылы алып, шы­ғатын кітаптарға тапсырыс бе­ріп, сатылатын кітап қорын үне­мі толықты­рып отыратындай етіп, облыстық кітап саудасы ұйы­мымен шартқа отырдық.

Содан соң облыстағы қазағы ба­сым үш ауданның бірі болып табылатын, Құрманғазы баба­мыз­дың сүйегі жатқан Володар ауда­нына сапар шектік. Ауылға жа­қындағанда, кішкене көпір жа­нында қазақ жігітімен және қызы­мен тілдестік. Олар өзара орыс тілінде сөйлесіп тұр екен. Біздің қазақша айтқанымызды түсінді ме, түсінбеді ме, «Извините, да­вай­те лучше по русский», деді қыз. Таңырқадық. Колхозға келген бойда қарттар ғана болмаса, балалардың да, жастардың да бір-бірімен тек орысша сөй­лесіп жүргенін аңғардық. Осын­дағы орта мектепте ауыл тұр­ғындарымен кездесу өткіздік. Мен өзіміздің келген мақсатымызды айта келе:

– Біз сіздерге қазақша кітап­­тар жеткізіп тұрмақпыз. Бірақ олар­­ды кім оқиды? Қарттарыңыз ғана ­болмаса, жастарыңыз қазақ­ша кітап оқи алмайды екен. Сон­дықтан колхоздағы орыс тілінде­гі балалар бақшасын қазақ тіліне көшіріп, мектепте де біріншіден бастап, қазақша кластар ашқан жөн емес пе? Оларға тәрбиешілер мен мұғалімдерді Қазақстаннан жібертуге көмектесер едік, – де­дім өз сөзімде. Мектеп директоры, жас жігіт, оның да қа­зақшаға шорқақтығы көрініп тұр:

– Ол болмайды. Қиын шаруа, – деп сөз қосып жіберді.

Залда бірнәрсе тарс ете қалды. Алдыңғы қатарда отырған иман жүзді қария таяғымен тақтай еден­ді тарс еткізіп, орнынан тұр­ған екен.

– Әй, шырағым! – деді ол мек­теп директорына ашулана қарап. – Алматыдан келген жі­гіт дұрыс айтады. Осындай сөзді мен саған қашан айттым, есіңде ме? Анау деп, мынау деп маңы­на жолатпайсың. Қазір ауылда қа­зақша балабақша, кластар ашуға алдымен сендер қар­сысыңдар. Бәрі қайтадан қазақша болып кетсе жұмыссыз қаламыз деп қор­қасыңдар, – деді.

Қарияның сөзі ұнап қал­ды. Ар­тынан онымен жеке әңгіме­лес­тім.

– Баяғыда осы колхозды мен басқарғанымын. Елуінші жыл­дардың аяғына дейін жағда­йы­мыз жақ­сы еді. Ол кезде кол­хо­зы­мыздағы балабақша да, мектеп те қазақша болатын. Ауданымызда қазақ ті­лін­де газет шығатын, радио жұ­мыс істейтін. Мектепке, балалар бақ­шасына кадрлар даярлайтын педагогикалық училищеміз де болатын. Елуінші жылдардың аяғында жағдай өзгерді. Әуелі обкомнан кісі келді. Ол:

– Сіздердің ауылдан шыққан жастар Мәскеудің, Ленинградтың жоғары оқу орындарында оқи алмайды. Орысшалары өте нашар. Біз көмектескіміз келеді. Әуе­лі ауылдарыңыздағы балалар бақ­шасын орысшаға көшірсек. Астраханьнан тәрбиешілер жібе­реміз. Содан соң келесі жылдары біріншіден бастап орысша сыныптар ашсақ. Сонда олар мектеп бітірген соң кез келген жоғарғы оқу орнына қиналмай түсе алады. Қызметте де жылдам өседі, – деді қамқорлық танытып.

Аңқау халықпыз ғой. «Жарай­ды», дедік.

Сөйтіп он жылдың ішінде ауыл­­дағы бұрынғы қазақ мектебі бірте-бір­те орыс мектебіне айналып шыға келді. Қазақша аудандық газет те, радио да, пе­да­гогикалық училище де жабылды. Балалар бақшада, мектепте орысша сөйлеген соң өз­ара да, өзгелермен де орысша сөй­лесуге дағдыланды. Жастар арасында қазақ тілі ұмытыла бастады. Сөй­тіп ата-бабамыздың жерінде жүз пайыз қазақ болып отырып (осы колхозда әлі күнге дейін қа­зақтан басқа бір ұлттың да өкілі жоқ), жас ұрпақ, өкінішке қарай, байырғы ана тілімізден, ал біз өсіп келе жатқан ұрпағымыздан айырылып қалуға жақындадық, деді қария ағынан жарылып, күйзеле, қынжыла, таусыла сөйлеп.

Қарияның айтып берген сол әңгімесі Кеңес Одағы кезінде бар­­лық ұлттарды орыстандыру үшін жүйелі, тиянақты түр­де жүргізілген ең нәтижелі, жеміс­ті, шешуші саясатқа көзімізді ашқан еді. Ол – Ресейде, ұлт рес­публикаларының бәрінде, астанасынан бастап бар­лық үлкен қа­лаларында, елді мекен­дерінде балабақша мен мектептерін орыс тіліне көшіру. Бұл саясат үз­дік­сіз, жүйелі, қатаң жүргізілді, сөй­тіп өзінің жемісін берді. Бүкіл Кеңес Одағында ұлттары басқа бол­ғанымен тілдері орысша жаңа ұр­пақ қалыптасты.

Бүгінгі таңда республика хал­қы­ның 72 пайызы қазақтар болса (кей деректерде одан әлдеқайда көп), мектеп жасындағы қазақ ба­ла­ларының да сонша пайызы қа­зақ тіліндегі мектептерге барады екен. Қазақ балаларының қалған 28 пайызы, яғни үштен біріне жуығы өз елінде, өз жерінде туып өссе де, орыс бала бақшалары мен мектептеріне бару арқылы олар­дың ана тілдері орыс тілі болып қа­лыптасып, өсіп келеді. Бұл үрдіс мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылданбағандықтан тәуелсіздік алған отыз жыл бо­йына осылай жалғасып келе жат­қанын, болашақта да осылай жал­ғаса бе­ре­тінін өмірдің өзі көр­сетіп отыр. Мұндай жағдай елі­міздің бар­лық үл­кен қалаларда, сол­түстік және шекаралас облыстарымыз бен көп­теген ауданымызда орын алуда. Сөзіміз жалаң бол­ма­­уы үшін қазіргі таңдағы Қос­та­най облысының өмірінен мысал кел­­­­тіруімізге болады. «Egemen Qazaqstan» газетінде (2.11.2020 ж.) жа­­рияланған дерек бойынша Қос­­танай облысында бүгінгі таңда 488 мемлекеттік, 6 жекеменшік мек­­теп бар екен. Соның 118-і ғана қа­­зақ мектебі. Облыстағы мектеп оқу­шыларының жалпы саны 110 206 болса, соның 32 784-і ғана қазақ тілінде білім алады екен. Бір көңіл аударатын мәселе бүгінгі таңда кейбір орыс мектептерінде оқитын оқушылардың басым көп­­шілігі өзіміздің қазақ балалары болып отырғаны. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерімізде қыз­мет атқаратын ұлты қазақ аза­маттардың көпшілігі өздерінің ана тілін білмейтін, не шала бі­ле­тін қандастарымыз екені де бел­гілі. Мұны оларға кінә етіп та­ғуға да болмас мүмкін. Өйткені олар балабақшада, мектепте ана тілінде білім ала алмаған, орысша оқыған, аулада, көшеде де бір-бірімен орысша сөйлесіп өскен.

Әлемге әйгілі саясаткер Уинс­­тон Черчилльдің мынадай сөзі бар екен: «Саясаттың да сер­ті болады. Оның біріншісі – ке­шік­пеу. Ұлттық мүдде ұтатын жер­де еш уақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн. Екінші – асық­пау. Ұлттық мүд­деге нұқсан келе­тін, я болма­са аяқ асты етілетін жағдайда ше­шім қабылдауға еш уақытта асықпау керек. Сағыздай созып, созбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек», депті ол. Қалай терең айтылған!

Президент, Үкімет, Пар­ла­мент, Жо­ғарғы сот, Прокуратура, минис­трліктер аппараттары­на, бар­лық мемлекеттік меке­меге қызметке алу кезінде мем­ле­кеттік тілді біле­тіндерге ба­сым­дық берілуі қажет. (Қазір, өкі­нішке қарай, олай болмай жүр). Мем­лекеттік қызметте істейтін, бірақ мемлекеттік тіл­де сөйлей алмайтындарға өз білі­гін арттыру, мемлекеттік тілді мең­геру үшін белгілі бір уақыт бел­гі­ленуі қа­жет екені де толғағы жет­кен мәселе. Еліміздің 1997 жыл­ғы шілденің 11-і күні қайта бекі­тіл­ген тіл туралы заңының 23-ба­бын­дағы: «Мемлекеттік тілді бел­гілі бір көлемде және біліктілік та­лаптарына сәйкес білуі қажет кә­сіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақ­стан Республикасы заңдарымен белгіле­неді» деген талаптың да содан бергі 23 жылдан бері Үкімет тарапынан әлі күнге орындалмай, жүзеге асыруға әрекет те жасалмай келе жатқаны түсініксіз.

Осы тұста Балтық жағалауы елдерінің мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін балабақшаларын бір кездегі бізден де қысылтаяң, қиын жағдайда тәуелсіздік алы­сы­мен-ақ ана тілдеріне бірден көшіріп жіберіп, енді соның жемісін көріп отырған, сынақтан өткен жемісті тәжірибесін бізге неге қолданбасқа деген ой келеді.

«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтара­лық қатынас тіліне айналатын ке­зе­ңі келеді» дегенді Елбасымыз да, Президентіміз Қ.Тоқаев та анық­­тап айтты. Ол үшін мемле­кет­тік тілді балдырғандарға бала­бақшадан бас­тап үйрету ісі дұрыс жолға қойы­лып, мектептерімізде одан әрі жал­ға­суына лайықты қамқорлық жасалуы қажет-ақ.

Тілімізді өзінің лайықты ор­нына, төрге шығару – ұлты­мыз­дың жүзеге аспай келе жат­қан асыл арманы. Осы арманды жүзеге асыруға ұйтқы болып, халқымыздың, елі­міздің кө­се­гесін көгертуге қол жет­кіз­ген ұлт басшылары мен қоғам қайрат­керлерінің есімі тарихы­мызға алтын әріппен жазылып қалатыны күмән тудырмайды.

 

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері