Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Вакиль Набиев, Наталья Дементьева, орталық мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының лекторлары, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің, кафедраларының, жастар бірлестіктерінің мүшелері, депортацияланған және қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылардың ұрпақтары қатысты.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі: тарих және естелік» тақырыбындағы ғылыми-практикалық форум барысында спикерлер еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі рөлін, жалпыұлттық топтастырушы тарихи сананы одан әрі сақтап, тарату және тәжірибені болашақ ұрпаққа беруде азаматтық сектор мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру қажеттілігі және басқа мәселелер талқыланды.
Марат Әзілхановтың айтуынша, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістіктің шекарасынан әрі асты. ХХ ғасырдағы тоталитарлық депортациялар мен қуғын-сүргіндердің қасіреті тіпті ХХІ ғасырдағы әлемде өмір сүріп жатқан миллиондаған адамдардың тағдырында қайталанды.
ҚХА Төрағасының орынбасары тарихи әділеттілікті қалпына келтіру және өткеннің қайғылы беттерін объективті зерттеу жұмыстары қазір де белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істейді.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, халықтарды депортациялау, 30-жылдардағы ашаршылық туралы естеліктерден біздің елде игі дәстүр – Алғыс айту күні пайда болды.
Форумның пленарлық отырысының жалғасы ретіндегі секциялар жұмысы аясында Қазақстанның ұлттық мемлекеттілігінің қалыптасуы, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы ашаршылық, 30-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін, Қазақстанға басқа этностардың жер аударылуы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы және басқа мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ іс-шараға қатысушылар Саяси қуғын-сүргін құрбандары мемориалы мен Жүсіпбек Аймауытов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тарихи-құжаттық көрмені аралады.
Айта кету керек, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға бағытталған.
Халықаралық жобаның іс-шаралары 2010 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Оның аясында бірқатар ғылыми-ағартушылық кітап, монография, деректі фильм түсірілген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің архивімен бірлесіп, депортация тарихына арналған құжаттар жинағының бірнеше томы жарық көрген.