Қазақстан • 01 Маусым, 2021

Вакциналар халықаралық сертификат алады

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігінің 31 мамырдағы мәліметі бо­йынша  27 180 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 10 908 пациент стационарда, 16 272 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шал­дық­қандардың арасында 668 адамның жағдайы ауыр, 152 пациент­тің жағдайы өте ауыр, 97 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.

Вакциналар халықаралық сертификат алады

Сонымен қатар елімізде 2 114 112 адам вакцина салдырған. Алайда халық арасында вак­ци­наға қатысты дүдәмал пікір­лердің көп екені рас. Бұл туралы «Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Санитарлық-эпи­демиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-прак­тикалық орталығының дәрігер-эпидемиологі Лена Қасабекова айтты.

«Коронавирус инфекция­сы­на қарсы вакциналау бүкіл әлем­­де, оның ішінде біздің рес­пуб­ликамызда өте өзекті проб­лема болып тұр. Біздің міндетіміз – қазіргідей қате әрі теріс ақпарат­тар ушығып тұр­ған сәтте «екпе алу керек пе, керек емес пе» деген мә­се­­леде халықтың дұрыс ше­шім қабылдауына көмек көр­сету. Бүгінде халық­тың басым бөлігінің тым болма­ғанда вак­цинаның бі­рінші ком­понен­тін алуы маңызды. Бүкіл әлем­де вакцина тапшылығы бай­қалатынын барлығы біледі. Бірақ осыған қарамастан, еліміз­дің тұрғындарына вакцинаның үш түрі қолжетімді. Мықты иммунитет қалып­та­суы үшін вакцинаның екінші ком­понентін алу керек екені түсі­нікті. Вакциналау корона­вирус инфекциясынан қорғауға кепіл бола алмайды. Вакцина алып, ендігі уақытта «толықтай қорғалдым» деп жүрген адам­дарға мұның дұрыс емес екенін айтқым келеді. Адам екпе ал­са да бұл індеттен 100 па­йыз қор­ғалмайды. Вакциналау коро­навирустың ауыр түрінен, өлім-жітімнен қорғайды. Тіпті екпе алған адамның өзі де ауырып қалып, одан әрі сол вирус­ты таратушы болуы мүмкін», деді Л.Қасабекова.

Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы басқар­масы төраға­сының орынбасары Айна­гүл Қуатбаеваның айтуын­ша, қазақ­стандықтар алып жат­қан вакци­наларды халықа­ралық тану сертификатын алу бағы­тында жұ­мыс жүргізіліп жатыр.

«Қажылыққа сапарлау мер­зімінің жақындауына байланысты вакциналау өзекті мәселе деп есептейміз. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, сонымен қатар Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мымен ақылдаса отырып, Қазақ­станда жасалған вакцинаны өзге елдерде де растайтын сертификатты қабылдау мәселесіне қатысты өте белсен­ді жұмыс жүргізіп жатыр. Бү­гінде осы бағытта біздің ел мен Моңғолия арасындағы іс-шара­лар нақтыланып жатқанын атап өтуге болады. Дегенмен бұл – бір күннің ішінде шешіле салатын мәселе емес. Меніңше, қажылыққа бару науқаны ұйым­дастырылғанға дейін аталған мәселеге қатысты нақты жауап ала­мыз деп ойлаймын. Бұл ретте қазақ­стандықтарға екпе жаса­лып жатқан вакциналарды дәлелдейтін сертификаттарды тану жайында айтып отырмын», деді А.Қуатбаева.

Елорда тұрғындары мен қонақ­тарын коронавирус инфекциясына қарсы вакциналайтын сауда орындарының тізімін қаланың оң жағалауындағы «Еуразия» сауда үйі толық­тырды. Мұнда азаматтар вакци­наның екі түрін қабылдай алады: ресейлік Спутник-V және қытайлық Hayat-Vaх вакцинасы.

«Қала тұрғындары тығыз орна­ласқан аудандардың бірін вакциналаумен қамту үшін «Еуразия» сауда үйінде де егу пунктін ашуды жөн көрдік. Аудан тұрғындары да аталған сауда орнында ашу туралы бірнеше рет өтініш білдірген. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша са­ни­­тарлық-эпидемиялық бақылау департаментімен бір­лесіп, осы мәсе­ленің мүмкін­дігін қарас­тыр­дық және азамат­тарға ыңғайлы болу үшін вакциналау пункттерін ашу тура­­лы шешім қабылдадық. Эпи­де­миялық талаптарды сақ­тай отырып, осы жерде вакцина­лау жүр­гізіледі», деп атап өтті қала­лық Қо­ғамдық денсаулық сақтау басқар­масы.

Вакциналау орны «Еуразия-3»­ сауда үйінің 4-қабатын­да ұйым­­дастырылған. Вакци­налау­ға тіркеу бригаданың кесте­сіне және сауда үйінің жұ­мыс режіміне сәйкес сағат 19.30-ға дейін жүргізіледі.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына демалыс күндері 6 мың доза мөлшерінде отандық вакцина жеткізілді. Бұл 3 мың дозадан екі компонентпен салуға арналған.

Бүгінде елордада I-компонент бойынша вакциналанған адам­дардың саны шамамен 170 мың адамды құрады. Қоймада Спутник-V вакцинасының I-ком­понентінің шамамен 12 мың дозасы және қытайлық Hayat-Vax-тың I-компонентінің шамамен 18 мың дозасы бар.