Қоғам • 01 Маусым, 2021

Баспана бағасы тұрақтала ма?

547 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкіметтің «зейнетақы қорындағы жиған-тергендеріңді баспана алуға жұмсаңдар» деген сөзінің алғашқы буындары айтыла бастаған мезетте-ақ тұрғын үй нарығы қыж-қыж қайнап жатқан. Баға бетімен кетті. Ауыздықтау тіпті мүмкін болған жоқ. Енді сарапшылар баға төмендейді, нарық тұрақталады деген пікір айта бастады. 

Баспана бағасы тұрақтала ма?

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Рустам Ахметовтің айтуынша, жыл басынан бері бастапқы нарықтағы үйлердің бағасы 5 пайызға өскен.

«Біз баға өсімін тежеу үшін құрылыс жүргізушілерге 11 ескерту жіберіп, келіс­сөз жүргіздік. Қазір баға өсуінің төмен­деуі байқалады», деген еді Р.Ахметов.

Иә, зейнетақы қорындағы 1 трлн 200 млрд теңгенің нарыққа келіп түсуі бас­пана бағасын шарықтатқаны белгілі. Қымбатшылыққа себеп болған тағы бір қызық деректі «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы айтып отыр: Көп­қабатты үйлердің астынан көлік тұрағын салу тұрғын үй шаршы метрі бағасын 16 мың теңгеге қымбаттатып жібереді екен.

«Автотұрақ орындарының шамамен 70 пайызы  құрылыс аяқталу кезін­де сұраныссыз қалуда, ал құрылыс салу­шылар өтпей қалған орындарды күтіп-ұстауға мәжбүр. Осы ретте құ­рылыс салуда қосарлы стандарт қол­данып жат­қаны байқалады, мыса­лы, мем­ле­кеттік органдар және квази­мем­ле­кет­­тік секторға автотұрақ орындарынсыз құ­ры­лыс салуға рұқсат берілген», деп хабар­лады «Атамекен».

 

Баға қашан төмендейді?

Өткен аптада «Баспана хит» ипотека­лық бағдарламасының тоқтатыла­тыны хабар­ланды. Сарапшылар бағдарла­ма­ның нарықтан кетуіне байланысты қайталама на­рық­тағы пәтер бағасы бірден 30 па­йыз­ға құлдырауы мүмкін деп болжайды.

Orda satu компаниясының сатылым жөніндегі менеджері Аманжол Жиен­бетовтің айтуынша, 2020 жыл барлық жоспарлар мен болжамдарды тас-талқан етті. Сондықтан баға өсіміне тек қана зейнетақы қаржысын кінәлі ету орынсыз.

– Зейнетақы ақшасының бағаға әсерін айтқан кезде бұған терең мән беру керек. Құрылыс салушының құрылысты бастау туралы шешімі мен үйді сатуға дейінгі аралық 6-15 айға созылады. Біз бәріміз Қазақстан мен әлемде қатаң локдаунның 2020 жылы наурыздан жыл аяғына дейін созылғанын білеміз. Жағдайды болжау мүмкін болған жоқ. Әрі қарай не болатынын да ешкім түсіне алмады. Енді басталған жаңа жобалардың бәрі тоқтап қалды. Былтыр III және IV тоқсанда жоғары валюталық күтілімдерге байланысты кейінге қалдырылған сұраныс жү­зеге аса бастады. Ал зейнетақы қар­жы­сын пайдалану басталған кезде нарықта пәтер тапшылығы сезілді. Әрі бағ­дарлама пәтер алуды жоспарлап отыр­маған азаматтардың өзін ынталандырды. Бұл жағдай барлық сегменттегі баға өсіміне әкеліп соқты, – дейді сарапшы.

Ал «Арбат Риэл Эстейт» агенттігінің директоры Марина Грушинаның айтуынша, күзде нарықтағы баға өсімі тұрақталады.

– Қазір Алматы нарығында екінші дәрежелі үйлердің шаршы метрі шамамен 420 мың теңгені құрайды. Зейнетақы кампаниясы кезінде тұрғын үй құны 20 пайызға өсті. Сұраныстың көп болуы осыған алып келді. Сатып алушылар негізінен жаңа құрылыстарға мән берді. Өйткені жерді қазу сатысындағы бастапқы баға екінші нарықтағы үйлердің құнымен тең. Адамдар бірінші кезекте бастапқы нарықтағы үйлерді қарайды, ыңғайлы нұсқа таппаса ғана қайталама нарыққа ауысады. Бұл ретте адамдарды екі категорияға бөліп қарастыруға болады. Олардың алғашқылары зейнетақы қаржысын капитализациялау үшін ғана жылжымайтын мүлік алғысы келеді. Ондай азаматтар алынатын ақшаға қолжетімді нысандарды қарастырады. Қаржы әркімнің шотында әртүрлі көрініс табады. Бірақ негізінен көбінің қаржысы орталықтан жаңа баспана сатып алу үшін жеткіліксіз екені де белгілі, – дейді М.Грушина.

Оның айтуынша, бұл санаттағы сатып алушылар бұрын тұрғын үй сатып алу­ға құлықсыз болған перифериялық на­рықты жандандырып жіберген. Яғни олар бас­пананы кейін жалға беремін неме­се сатып жіберемін деген мақсатты ал­ға шы­ға­ру­шылар. Ал екінші санатқа жата­­тын­дар – зейнетақы қаржысымен тұр­­ғын үй жағдайын жақсартуды ойла­ған не­месе ипотекасын жапқысы кел­ген азаматтар.

– Пандемиядан соң мұндай бастама­ның қолға алынуы нағыз өз уақытында істелген жұмыс болды. Дегенмен бастама үй салушылардың бағаны көтеріп жіберуіне де әсер етті. Тамызға таман бас­пана бағасы тұрақталуы тиіс. Оған дейін сұраныс құбылып тұрады. Көктемде сатып алуды жүзеге асыра алмаған клиенттер нарыққа шығады. Дегенмен осы уақытта сатып алушылардың жаппай нарықтан кетуіне де куә боламыз. Қазірдің өзінде белсенділік 30 пайызға азай­ды, ол әрі қарай тек төмендей береді. Егер жыл соңына дейін айтарлықтай эко­но­микалық дүмпу орын алмаса онда жел­тоқсанда үй бағасы табиғи қал­пына оралып, зейнетақы науқанына дейінгі деңгейіне келеді, – дейді сарапшы.

Тап қазір нарықтағы баға тұрақсыз және күн сайын құбылып тұр. Бәсеке­лес­­тік­ті қорғау және дамыту агенттігінің бас­­­шысы Серік Жұманғарин осындай пі­кір айтыпты. Сөзіне сүйенсек, биыл қаң­тар-сәуір аралығында бірінші нарық­тағы ба­ға өсімі 5,5 пайыз болған. Былтыр дәл сол кезеңде баға өсімі небәрі 1,5 пайызды құ­рапты. Баға өсімі жағынан екінші на­рық­­­тағы үйлер құны тіпті аспандайды. Был­­тыр өсім 2,2 пайыз болса, биыл 2020 жыл­ға қарағанда 12,3 пайызға көтеріліп кеткен.

– Баспана құнының өсуіне құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отыр. Жыл басынан бері отандық құрылыс материалдарының бағасы 16 пайызға өсті. Былтыр мұндай болмаған, керісінше төмендеген еді. Агенттік баға өсімін болдырмау мақсатында үлкен жұмыстар атқаруда. Соның нәтижесінде Шымкентте шаршы метр құны 330 мыңнан 270 мыңға, Қостанайда 245-тен 230 мыңға, Өскеменде 350-ден 220 мыңға төмендеді, – дейді С.Жұманғарин.

 

Санайғақ

Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша елімізде берілген ипотекалық несие көлемі 2,3 трлн теңгені құраған. Бұл 2020 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 514,4 млрд теңгеге (27,7 пайыз) көп.

«Отбасы банк» ипотекалық портфель өсімі мемлекеттік субсидиялау бағдар­лама­лары есебінен болып жатқанын хабар­лайды. Ипотекалық портфельдің 24-30 пайызын бастапқы төлемі 50 па­йыз­дан төмен несиелер құраған. Ал порт­фельдің 50 пайызын ипотекалық займ сомасының 50 пайызы құйылған немесе жинақтаған займдар құрайды екен.