Экономика • 02 Маусым, 2021

426 млрд теңге мақұлданды

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша 60 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осыншама өтініштің құны 727,4 млрд теңгені құрайды екен. Әрине, мұның бәрі бірдей қабылданбасы белгілі.

426 млрд теңге мақұлданды

Ұлттық банк таратқан ақ­парат бойынша, биыл 27 мамырда тіркелген 60 398 өтініштің 35 280-і ғана мақұл­дан­ған. Яғни келіп түскен өтініштің тең жартысы ғана талапқа сай болған. Енді осы мақсатқа 426,6 млрд теңге бөлінбек. Бұған дейін бағдарлама аясында 325 млрд теңгеге несие берілгені хабарланған болатын.

Еске салсақ, жақында ғана Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің басшысы­ Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» және «Баспана хит» ба­ғдар­ламаларының жабылатынын айтқ­ан еді.

«Дағдарыстың экономикаға әсерін төмендету үшін нарықтық ұс­танымдарға орын бере отырып мемлекеттің несиелеу бағ­дар­ламаларынан біртіндеп шы­ғуын қамтамасыз ету керек. Осы­­ған байланысты Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мем­ле­кеттік бағдарламаларды қар­жы­ландыруды тоқтата бастайды. 2021 жылы «Баспана хит», ал 2022 жылы «7-20-25» бағдарламасы аяқталады», деп мәлімдеді агент­тік төрағасы Алматыда өткен Cfo Idea exchange & networking саммитінде.

«7-20-25» әлеуметтік бағдар­ламасы займ беруді 2018 жылы 4 шілдеде бастаған. Несие тек ұлттық валютамен беріледі. «Қазақ­станның орнықтылық қоры»АҚ PR-менеджері Ай­бар Олжаев­тың айтуынша, бағдарламаға елдің барша азаматы қатыса алады.

– Бүгінгі таңда осы бағдар­лама бойынша 325 млрд теңгеге несие берілді. Бұл өз ке­­­зе­гінде бастапқы тұрғын үй нары­ғынан 27 мың қазақстандық от­ба­сының үйлі болуына септігін тигізді. Бағ­дарламаға Қазақ­стан­ның бар­лық азаматтары қатыса ала­ды. Бастысы азаматтың атында үй және басқа ипотекасы болмауы тиіс. Сонымен бірге табыс ресми рас­талуы қажет. Егер сіз айлық алатын бол­­саңыз, онда ол бо­йынша зей­натақы қорына салымдар түсіп тұруы керек. Ал жеке кәсіпкер болсаңыз, онда банк сізден жылдық салық декларация­сын талап етеді, – дейді қор өкілі.

Бағдарламаның мерзімі шек­теусіз болып бекітілген. Жоба бекі­тілген 1 трлн теңге лимитіне жет­кенге дейін жүзеге асырыла береді.