Технология • 03 Маусым, 2021

Су есептегіш құралдарын шығарады

703 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында жаңа зауыттың іргетасы қаланды. Шетелдік технологиямен жабдықталатын зауытта айына 18 мыңнан астам су есептегіш құралдарын шығару көзделіп отыр.

Су есептегіш құралдарын шығарады

– Қазіргідей күрделі кезеңде жұмыс орны мен өндіріс ошағын ашудың маңызы зор. Су есептегіш құралдарын шыға­ратын зауыт – Махамбет ауданында бой тү­зей­тін алғашқы өндіріс орны. Экономикаға пайдасы тиетін осындай жобаларды көбейту алда­ғы уақытта да жалғасады, – дейді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Жаңа зауытта 80 адам жұ­мыс­­пен қамтылады. Оның 60-тан астамы – жергілікті тұр­ғын. Солардың қа­тарында Сарытоғай ауы­лы­ның тұр­ғы­ны Азамат Сұлташев та бар. Ол бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс іс­тепті. Енді өзі тұратын ауылда отандық өнім шығаратын зауыттың ашылатынын естіп, осында ауысыпты. Мұнда онымен бірге ауылдастары да жұмыс істейді. Бәрі арнайы оқу курсынан өтіп, ерекше зауыттың ал­ғаш­қы қызметкері болғанына қуанып жүр.

Ал Guryev ЖШС-нің директоры Жеңіс Бек­ба­саров­тың айтуынша, бұл – Қазақ­стандағы отандық су есеп­те­гіш құралдарын шыға­ра­тын алғашқы зауыт. Қажетті шикізаттың барлығы ел ішінен әке­лінеді. Әрі эколо­гия­лық тұр­ғыдан қауіпсіз. Алғаш­қыда зауыт өз өнімімен кә­сіп­орын­дарының сұранысын қам­тамасыз етеді. Кейін респуб­ли­каның өзге өңірлерінен түсетін тапсырысты орындау жоспарланыпты.

– Елімізге су есептегіш құ­­­рал­дары шетелден жет­кі­зі­леді. Сон­дай-ақ шетелден әке­­лінген бөл­шектері құ­рас­­ты­рылады. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін өте пайдалы өндіріс орны болатынына сенеміз. Бастапқыда зауытта механикалық есептегіш құралдар, кейін электронды түрлері шығарылады. Мұның тиімділігі – құрылғының ай са­­­йын тұтынылатын су мөлшерін автоматты түрде есептеу. Осы орайда, мұны елімізде қолға алын­ған ақпарат тасымалдау жүйе­лерін цифрландыруға септігі тиетін ерекше жоба деу­­ге болады, – дейді Жеңіс Бекбасаров.

Зауыт құрылысын бастаған серіктестік басшылары екі компаниямен меморандумға қол қойды. Ал зауыт құрылысы осы жылдың қыркүйек айында аяқ­талып, өндірістік жұмысын бастамақ.