Қазіргі таңда қазақтың келешегі, еліміздің болашағы саналатын ұлттық мүддені терең түсініп, басты құндылық ретінде санамызға терең бойлатып, жадымызда ыдырамас жауһар тастай сақтау – аса маңызды мақсат. Оған жетуіміздің айрықша негізі – қазақтану. Менің пайымдауымша, «қазақтану» сөзі екі ұғымды қамтиды. Біріншісі – қазақ ұлтының, не басқа этнос өкілдерінің шынайы қазақ болуының жағымды үрдісі. Екіншісі – қазақ халқының қалыптасуы мен ұлттық болмысын зерттейтін ғылыми сала. Екі ұғым да өте маңызды.
Бірінші ұғымдағы «қазақтану» үшін ауқымды негіздер қажет. Солардың ең елеулісі һәм бірегейі – ата-бабаларымыз аманаттаған өсиетті, өскелең ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырған ұлттық мүдделерімізді бүгінгі ұрпақтың шын ықыласымен қабылдап, келешекке жалғастыруы. Шындыққа жүгінсек, өкінішке қарай, қазіргі қазақтардың көбінің қаны болмаса, жаны, рухы нағыз қазаққа сай еместігі терең ғылыми зерттеусіз-ақ аян.
Сонымен, қазақтануымыздың маңыздылығы айдан айқын. Ол үшін бізге ұлтжандылық пен намыс қажет. Осы қасиеттер бойымызда болса, тәуелсіздігіміз де түпкілікті баянды болары хақ. Бұл бағытта алдымен қандай нақты қадамдар жасауымыз керек? Игілікті іс-шаралардың қатарында моңғол шапқыншылығы салдарынан, Ресей империясының отарлық режімінің және Кеңес заманының еріксіз түрде қалыптастырып, орнықтырып кеткен белгілерінен арылудың маңызы зор. Оған ата-тегімізді дұрыс жазу да жатады.
Оңалсын Жұмабеков өз мақаласында мынадай ұсынысты алға тартқан: «Ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы – қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Исламұлы Жұмабектен деп жазылғаны дұрыс деп есептеймін. Басқа түбірлік негіздерді алсақ, «Наурызбайдан», «Сүлейменнен», «Есжаннан», «Болаттан»... Ұлты қазақ азаматтардың тегін «тен», «дан», «нан», «нен» деген жалғаулармен жазуды ұсынамын. Бұл жалғаулар «кімнің ұрпағы?», «кімнен тараған?», «тегі қандай?» деген сұрақтарға толығымен жауап беріп, ұлтымыз қазақ екенімізді айқын көрсетіп тұрады. Біз құтыла алмай жүрген «ов», «ев», «ин» аффикстерінен еш жері кем емес. «Швили», мысалға, екі есе ұзын».
Менің пайымдауымша, бұл ұсыныс қолдауға жатпайды. Мысалы, өзін таныстырған адам: «Мен – Наурызбайдан» десе, «Иә, Наурызбай қандай сәлем айтты?», деген сұрақ туындайды. Осындай талай түсініспеушілік орын алатындығы анық.
О.Жұмабеков мақаласында армян халқын мысалға келтірген. Ол орынды да. Қай ұлт екенін шатастырмай білдіретін армяндардың тегінің нұсқасындай, өз тегімізді бірден аңғартатын ата-тегімізге қосылатын жалғаудың болмағандығы қазақтануымызға нұқсан келтіріп тұр. Ал армяндардың ұлтжандылығы өте басым екендігі әмбеге аян. Олардың келешекте өзге ешқандай ұлтқа сіңіп, жоғалып кетпейтіні де анық.
Қазағымыздың басын тоғыстыратын белгі ретінде ата-тегімізді бірыңғай тәсілмен жазу қазақтануымыздың айрықша кепілі, тиянақты негізі болары анық. Меніңше, ғасырлар бойы жалғасын табатын ата-тегіміздің және әкеміздің де есімдерін сақтау үшін ең ұтымды тәсіл мына нұсқа екені дау тудырмауы тиіс: Нұрбек Бақбергенұлы Атымбектегі (Ахметтегі, Қазитегі, Сабырбайтегі және т.т.). Аталған тәсілдің басқа да ұтымды тұстарын былай қойғанда, әр адамның өзі үшін ардақты, көне кезеңдерден ел-жұрттың аузынан түспейтін ата-тегі ескеріледі және ұмытылмайды. Әр қазақ азаматы жеке куәлігінің бетіне көңіл аударса, «Тегі» сөзімен қатар, аударма ретінде орысша «Фамилия» сөзі жазылған. Ал келешекте паспорт пен жеке куәліктердегі келте «тегі» сөзінің орнына «Ата-тегі»/Фамилия» деп жазылғаны жөн. Осылайша, азаматтарымыздың ата-тегі өшпеуі және ғасырлар бойы сабақтастық табуы – абыройлы да ұтымды жайт. Мысалы, корейлердің ата-тегі көне заманнан бері жалғасып, бір нұсқада өзгермей, тек өз аты мен әкесінің аты өзгеріп тұрады екен. Мысалы, Солтүстік Корея басшыларының мына есімдері еске түседі: Ким Ир Сен, Ким Чен Ир, Ким Чен Ын. Корейлердің барлығының ұстанған ата дәстүрі осындай.
Ата-тегімізді ұлтымыз аңғарылатындай етіп жазу – кез келген қазақтың өзін қазақ болып сезінуінің басы болмақ. Бұл игі бетбұрыс Қазақстан аумағындағы қазақтарға ғана емес, шетелдердегі қандастарымызға да ой салары даусыз. Біздің ұсынысымыз қазақтану үрдісін тек жандандырып қоймай, сонымен бірге, ұлт мүддесіне, ұрпақ келешегіне оң ықпалы, пайдасы тиетіні сөзсіз. Аталған үлгіні халқымызға еңбегі сіңген ардақты тұлғалар, ел үшін қабырғалары қайысатын қадірменді ақын-жазушылар мен биліктегі беделді лауазым иелері құп көріп, қолдаса, бұл қазақтану үдерісіне қосылған игілікті іс болар еді.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер-публицист