Тарих • 08 Маусым, 2021

Қытай ауған қазақтар

3369 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Қытай іргелес көрші елдер болғандықтан, халықтардың өзара барыс-келістері ежелден жалғасып келеді. Алайда босқын ретінде қазақтардың Қытай жеріне топ-тобымен баруы алғаш рет 1916 жылы болды. Патшалық Ресей үкіметі соғысқа қажетті заттарды дайындау үшін Орталық Азия елдерінен алынатын салықтың мөлшерін көбейтіп, аймақтағы әлеуметтік проблемаларды шиеленістіріп жіберген-ді.

Қытай ауған қазақтар

Соған қарамастан Николай патша 1916 жылы 25 маусымда Қазақстан және Орталық Азия тұрғындарын майдан тылында қара жұмыс істеуге алу туралы жар­лығын жариялайды. Ол бойынша 19 бен 43 жастың (кейін 31 жаспен шектелді) аралығындағы азаматтар майданға барып окоп қазуы тиіс болады. Аталған жарлық қазақ халқының патшалық Ресейдің үстем­дігіне қарсы қарулы көтеріліске шығуына мұрындық болды.

Бұл ұлт-азаттық көтерілістің бір оша­ғы – Қытай жерімен тұтасып жатқан Жетісу өлкесінде болғандықтан, Қытай­дың шекара қорғаныс әскерлері мұнда болып жатқан оқиғаларды бастан-аяқ қалт жібермей бақылап, жоғарыға мәлім­деп отырған. Ол мәліметтер – көтеріліс жағдайы, Ресей әскерлерінің озбырлы­ғы, қазақтардың жан сауғалап Шыңжаң жеріне босып баруы және олардың кері қайтарылу барысына байланысты жа­зылған әскери ақпарлар мен саяси әскери нұсқаулар. Бұл құжаттар кезін­де Шыңжаңның генерал-губернаторы бол­ған (1912–1928 ж.) Ян Цзинсиньнің аты­мен шыққан «Bu guo zhai wen du» («Өткен күннің жазбалары») деп аталатын 44 томдық деректер жинағына енгізілген.

Жинақтағы қазақтарға қатысты деректер Қытайдың шекара қорғаныс армиясы офицерлерінің генерал-губернаторға жолдаған әскери ақпарлары және соған орай жоғарыдан берілген бұйрықтар мен нұсқаулар болғандықтан, олардың деректік құндылығы жоғары деп санай­мыз. Осы құжаттар – Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң өлкесіне өткен алғашқы бос­қындардың аянышты жағ­дайының айғағы.

 

Босқындардың Қытай шекарасынан өтуі

1916 жылғы қыркүйектің басында Қытай шекара қорғаныс армиясының жо­ғарыға жолдаған ақпарында: «Ресей­дің шекара өңірін барлағанымызда, олар­дың бізбен іргелес аудандарында тұ­ратын қазақтар, ұйғырлар, дүнгендер және бұйраттар (қырғыздар) Ресейдің әс­керге адам таңдап алу жарлығына қарсы қозғалғанын байқадық. Бірақ бұлардың күштері жеңілді. Олар қазір тым-тырақай сыртқа қашып кетіп жатыр... Біздің олар­мен шекарамыздың ұзындығы – бірнеше мың шақырым. Оның бәрін ба­қылауға шамамыз келмейтін сияқты», деп жазылған.

1916 жылы 19 қыркүйекте шекара­дан жолданған әскери мәліметте: «Тар­бағатай шекарасынан үздіксіз қашып ке­ліп жатқан Ресей қазақтарының түтін саны 20 мыңға жетті. Біз оларды қайтіп кері қайтара аламыз? Егер бір отбасында бестен адам бар деп есептегенде, олар­дың жалпы саны бірнеше түмен адамға жетеді. Бұларға не істеу керек? Бізге нақты нұсқау беріңіздер», делінген.

Осыдан кейінгі әскери ақпарда: «Қа­зір Ресей мұсылмандары жаппай көтеріліске шықты, барлық жерде қыр­ғын соғыс жүріп жатыр. Оларды жа­ныш­тауға Ресей үкіметінің шамасы кел­мейтін сияқты. Сондықтан олардың Ілеге тигізетін әсері үлкен болғалы тұр», деп мәлімделген.

1916 жылы 2 қыркүйекте Қытайдың Текес өзені шекарасындағы қорғаныс армиясының рота командирі Ма Шунь­шуаньның және Қорғастағы қорғаныс зас­тавасының командирі Ну Лингудың мәлімдемелерінде: «Қарқаралы және Оқай жеріндегі қазақтардан он мыңдай адам топтасып, Ресей әскерлерімен сұ­ра­пыл соғыс жүргізіп, бірін-бірі қы­рып, бірін-бірі талан-таражға салып жатыр. Соңғы күндері ол жақта жұмыс істеп жүрген қытай азаматтарынан мал-мүлік­терін тастап елге қашып өткендердің саны 600-ден асты», деп айтылған.

Ресей армиясынан бой тасалаған қа­лың халық Қытай шекарасын бұзып өтіп, Шыңжаңның батыс және оңтүстік шекара аудандарына барып жатты. Осыған байланысты Оңтүстік Шыңжаңның Ақсу аймағы Үштұрпан ауданындағы әскери бөлімнің мәлімдемесінде: «Ресейден Үштұрпанға қашып келгендердің саны күннен-күнге көбеюде. Бұлардың бәрін Ресей үкіметі қайтарып әкетуі керек. Олар қазір өте кедейленіп қатты қина­луда, олар жеуге тамақ таппай, қоректік іздеп төңірекке тентіреп кетіп жатыр. Оларға лайықты түрде қайырымдылық көмек көрсетілсе болар еді», деген ұсы­ныс жасалған.

 

Қытай үкіметінің босқын қазақтарға ұстанған саясаты

Қытай Шыңжаң үкіметі босып бар­ған қазақтарды босқын емес, «қашқындар» («tao min») деп таныды және оларды бей­біт жолмен еліне қайтару саясатын қолданды. 1917 жылы 9 қазанда Шың­жаң губернаторының Іледегі шекара қор­ғаныс әскерінің командирі Ян Фи­чияньға жіберілген жеделхатта: «...Қа­шып келген ресейлік қазақтарды тек ­ше­кара әскерлері арқылы бейбіт түрде кері қайтару керек, олармен қақтығыс­қа ба­руға болмайды. Аспан астындағы істер­дің бәрі тыныштықпен істелгені жөн, ішкі-сыртқы істерде ағаттық жі­бе­ру­ге болмайды», делінген. Сондай-ақ ­
«...Қыс­­қасы, ресейлік қазақтарды қыру­­ға да, ба­ғуға да болмайды, оларды тек кері қай­­тарудан басқа шара жоқ. Жағ­дай­ға қа­рай жұмыс істеңдер», деп нұсқау береді.

Сол бойынша Шыңжаңның шекара қорғаныс әскерлері қашып өткен қа­зақ­тарды бейбіт түрде еліне қайтару шараларын жасайды. Әрине Қытай үкіметі бұл саясатты бірден қабылдаған жоқ. Олар алғашқы кезде шекарадан өткен бос­қын­дарды «Ресейге қайтару керек» деп бұйырды. Бірақ шекараның тұс-тұсынан өтіп жатқан босқындар­ды тоқтатуға, кері қайтаруға шекара қор­ғаныс армиясының шамасы келмеді. Сонымен Шыңжаң үкіметі «Бізге босып келгендер – тек әскерге барудан бас тартқандар екен. Олардың Қытайда бүлік шығарайын деген ойлары жоқ. Егер оларға дұрыс мәміле жасамасақ, үлкен оқиға шықпайды деуге болмайды», деген тұжырымға келіп, шекара асып барғандарды қарусыздандырып, жергілікті жердің тәртібіне бой­ұсын­дырып, қоғамдық тыныштықты сақ­тап, уақытша тұруға және олардың аш-жалаңаш қалғандарына шамалы қайырымдылық көмек жасауға шешім қа­былдайды.

1917 жылы Шыңжаң үкіметінің Қы­­тайға босып барғандардың санын анық­­таған мәліметінде: «Мингоның бе­сін­ші жылынан (1916 ж. – авторлар) бері Шың­жаңның Ақсу, Қашқар, Іле, Тар­баға­тай сияқты аймақтарына қашып келген ресейлік қазақтардың жалпы саны 300 мыңнан асады. Олардың бар­лығы Қытайдан жер жалдап алып, мал бағып отырғысы келеді», деп жазыл­ған. Бұл санның ішінде қырғыздар мен ұйғырлар да қамтылған. Соларды шы­ғарып тастағанда, қазақтардың ұзын саны 250 мың шамасында болған деп межелейміз. Олардың көбі Қытай қа­зақ­тары орналасқан Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарына тұрақтады, аз бөлігі – шамамен 10 мыңдай адам қыр­ғыздармен бірге Тоқмақ арқылы Оңтүс­тік Шыңжаңның Үштұрпан ауданына қа­шып барды.

 

Ресейдің босқындарға қолданған саясаты

Ресей үкіметінің Қытай асқан бос­қын­дарға қандай саясат қолданғаны жө­нінде деректерді сөйлетіп көрейік. Қы­тайдың Іледегі қорғаныс армиясының командирі Яң Фичияньның 1916 жылы 21 қазан күні жоғарыға жолдаған мәлі­метінде: «Текес өзеніндегі командир Гуй Бяудың мәлімдеуінше, қазанның 19-ы күні таңертең орыстың 500-ден аса әскері екі пулеметпен Нарынқолдағы командир тұрған жерге оқ жаудырған. Олар он неше қатар болып тізіліп ке­ліп, Ресей қазақтарын ер-әйел, кәрі-жа­сына қарамай, толассыз атқылаған. Өл­ген адамдарда сан жоқ. Олар әскери әре­кет жасайтыны жөнінде бізге алдын ала хабар бермей, кенеттен келіп Ресей­ден қашып қелген қазақтарға оқ жау­дырып еді, олар біздің ішкі жағы­мызға қарай дүркіреп қашты. Біздің әскер­леріміз аспанға оқ атып, оларға ес­кер­ту жасап тоқтатпақ болып еді, оны ре­сейлік қазақтар елеген де жоқ, жан­таласа жеріміздің ішкі жағына қа­шып келді. Біз командир Пу Шэхунды Ресей әскерлеріне дау айтуға жібердік. Ре­сейдің қол бастаушы командирі өзі­нің бір офицерін қарауылға жіберіп, біз­бен сөйлесті. Олар бізге: «Ресейде бү­лік шығарған қазақтар жерлеріңе бар­ғанда сендер неге оларды атып өлтірмейсіңдер немесе оларды бізге ұстап бермейсіңдер?» деді. Біз оларға: «Ресей тарапы бізге қазақтарға шабуыл жасайтынын алдын-ала ескерткен жоқ. Қытай жеріне келген қазақтар бірнеше түмен адам, оларды бірден сендерге ұстап бере алмаймыз, бұл мәселені біздің басшылар сендердің Елшіліктерің арқылы шешкен соң, сендерге хабарлаймыз», дедік».

Іле аймағының әкімі Яң Фичиянь осы мәселе бойынша Ресейдің Құлжадағы консулымен кездесіп, оған: «Сіздер­дің елдеріңіздің әскерлері аяқ-астынан босып келген қазақтарды зеңбірекпен атқылап, қалың жұртты Қытайдың ішкі жағына қарай үркітті. Әлемдік адам­гершілік-гуманизмдік тұрғыдан айтқанда, Қытай жағы қашып келген бірнеше түмен қазақтарды орыс әскерлерінің өлтіруіне тірідей ұстап бере алмайды. Бірақ олардың Қытай жерін­де ұзақ тұруы еліміздің ішкі тыныш­ты­ғы­на ықпал етеді. Сондықтан ендігі әдіс – Консулдық басқармаларыңыз бұйрық беріп, орыс әскерлерінің оларды (қазақтарды) қырғындауын тоқтатсын! Сіздің мемлекет және Жетісу губернато­ры қашқан қазақтарға рақымшы­лық жа­сап, оларды жазаға тартпайтын болсын! Біз­дің командирлер қашып кел­ген қазақтар­ды еліне қайтуға насихат­тап, олардың айыбы үшін бірнеше мың жылқысын алып қалып, өздеріне қайырымдылық көмек көрсе­тіп жолға салсын. Сіздердің елдеріңіз заңд­ы қат­ты құрметтейді емес пе?! Заңда­ры­ңыз­­да қиыншылыққа ұшырағандарға қайырымдылық жасау деген мазмұн бар ғой. Сіздердің консулдарыңыз ежел­ден гуманизмді жақтаушы еді ғой. Сондықтан олар жөнінде бір пікір­ге келулеріңізді сұраймыз», деген. Алай­да Ресей үкіметі мәселені шешуге пе­йілді болмайды. Тіпті Қытайға қа­шып барған көтерілісшілердің басшыларын атып тастауды немесе оларды тірідей тұтқындап беруді талап етіп, босқындарды қабылдаудан бас тартады.

Соған байланысты Қытай жағы ха­лық­аралық заң-ережелері бойынша, Ре­сей әскерлерінің Қытай территориясын­дағы босқындарды тұтқындауына болмайды деп шешеді. Бірақ Ресей тарапы ол жаққа қашып барған қазақ басшыларынан 54 адамның тізімін беріп, оларды тұтқындап беруді қатты талап етеді. Бұл жөнінде Шыңжаң үкіметі: «Орыстар­дың айтқан адамдарын тұтқындайтын бол­­сақ, Ресейден қашып келгендердің бәріне қауіп төнеді де, олар жанпидалықпен қарсылық көрсетуге шығады. Сондықтан олардың айтқандарын орындаймыз деп жерімізде оқиға тудыруға әсте болмайды, ендігі жерде орыстардың қойған орын­сыз талаптарына тойтарыс жасап, орыс елшілігімен қатаң сөйлеспесек болмайды», деген байламға келіп, олармен қатаң келіссөз жүргізеді.

 

Босқындардың аянышты өмірі

Оңтүстік Шыңжаңның Үштұрпан ауда­нындағы әскери бөлімнің жоғарыға жолдаған мәлімдемесінде: «Ресейден Үш­тұр­панға қашып келгендердің саны күн­нен-күнге көбейіп барады. Олар қазір өте кедей­леніп, қатты қиналуда, жеуге тамақ таппай, қоректік іздеп төңірекке тентіреп кетіп жа­тыр. Оларға лайықты қайырымдылық көмек көрсетілсе», деп жазылған. Ұйғыр аудандарына бар­ған босқын қазақтар аштықтан тарық­қаны соншалық, ұл-қыз­дарын жер­гі­лікті тұрғындарға болымсыз астыққа айырбастауға мәжбүр болады. Мұның да әлеуметтік, гуманитарлық се­бептері бар еді.

Шыңжаңның оңтүстік аймағының ба­сым бөлігі шөлейт құмды дала, таула­ры қағыр, сары керіш келеді. Ойдым-ой­дым ойпаттағы көгалдарға тұрғын­дар ты­ғыз орналасқан. Осындай жерге қырғын­нан естері шығып қашып барып қалған қазақтардың өмір сүруі өте қиынға түседі. Оның үстіне, жергілікті халықтар, негізінен, ұйғырлар, олар егін шаруашылығы және сауда-саттықпен шұғылданады, көбі кедей-кембағал. Сондықтан олардың адами қарым-қа­тынастары көбінесе жеке мүдде негізінде сауда сипатында жасалады. Осындай ортаға барып қалған босқын қазақтар амалсыздан жан сақтау үшін бауыр еті балаларын астыққа айырбастағаны ащы да болса шындық еді.

Ал Шыңжаңның Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарына барған бос­қын­дар шекараға жақын Қорғас, Шап­шал, Текес және Моңғолкүре ауданда­рына, Тар­бағатайдың Шағантоғай және Шәуешек аудан­дарына, Алтайдың Же­меней ауданына уақытша тұруға мүм­кіндік алды. Өйткені өлкелік үкімет «Ресей жерінде соғыс тоқтаған соң, олар­ды насихаттап еліне қайтарамыз, бұл – ең дұрыс саясат», деп шешкен еді. Қазақтар сонда өздері айдап барған малдарымен жан бағып тұрды.

Бұл өңір іс жүзінде Қытайдағы қазақ­тардың отырған жерлері болатын, сон­дықтан олар босып барған қандастары­на жерлерін босатып берді және оларға барынша бауырмалдық танытып қам­қорлық жасауға тырысты. Шыңжаң губер­наторының Орталық үкіметке жол­даған бір мәлімдемесінде: «Ресейден Шың­жаңға қашып келген қазақтар біздің елдің қазақтарының жайылым жерлерін басып қалғандықтан, олардың өздері қиыншылық көріп отыр», деп жазғаны бар. Соған қарамастан, шыңжаңдық қазақтар босып барған қандастарын өз ауылдарына тартып, оларды қорғауына алады. Мұны сезген Шыңжаң үкіметі қы­тайлық қазақтардың арасына барған ресейлік қазақтарды әшкерелеуге үндеу жариялайды. Алайда оған үн қосқан ешкім болмайды.

Жалпы, Шыңжаңға босып барған қа­зақтар жұқпалы аурудан көп өлді. Өл­келік үкіметтің Орталық үкіметке жол­даған мәліметінде: «Ресей қазақтары­нан Шыңжаңға қашып келгендерден өлгендер өте көп», деп аталған же­­дел­ха­тында: «Біздің алғашқы тек­серіп-зерт­­теуімізше, Іледегі Ресей қазақ­та­рының оба ауруынан өлген адамда­ры мен малдарының саны өте көп. Бұл істі Іле қорғаныс армиясы­ның бас­ты­ғы­на құпия тексеруді тапсыр­ған едік. Оның Мингоның 6-жылы (1917 ж. – ав­­торлар) 21 ақпанда жолдаған мә­лім­­­­демесінде, Ресей қазақтарының және олар­­­дың малдарының көптеп өлуі аш­­тық­тан да, суықтан да емес, ауру­дан екен. Соң­ғы күндерде моңғол мен қазақ­тардың ел би­леушілерінің мәлім­деуінше, Ресей қазақтарының сүйек­тері иен далада көмусіз жатыр екен, ен­ді көктем шығып күн жылынатын бол­са, ол мәйіттер сасып кетеді де одан оба ауруы тарайды. Бұл еліміздің көш­пелі халықтарына өте зиянды болады. Сондықтан оларға (қазақтарды меңзеп отыр – авторлар) ондай өліктерді көрген жерінде дереу көміп тастауға бұйрық бердік. Соңғы ақпарларға қара­ғанда, Шыңжаңға қашып келген Ре­сей қазақтарының көп өлуі тек Іледе ғана емес, Тарбағатай және Ақсудағы Ре­сей қазақ­тарында да болып жатыр екен. Ресей үкіметінің өз қазақтарын қай­та­рып алуға келіспей, оларды өлімге ұшы­ратуы – адамгершілікке жат әрекет. Біз жергілікті қазақ бастықтарға Ресей қазақ­тарынан өлгендерді және олардың қырылған мал­дарын сол жақын маңайға жерлеп, көміп тастауды тапсырдық. Сонымен бұл жағ­дайды Сыртқы істер министрлігіне мә­лімдеп отырмыз», деп жазылған. Осы мәлі­­меттерден Қытайға өткен босқын қазақ­­тардың үлкен апатқа ұшырағанын аң­ғаруға болады.

 

Босқындардың елге оралуы

Қытайға өткен босқындардың еліне қайтуына Ресейдегі билік ауысуы себеп болды. Қытай үкіметі қалың қазақ бос­қындарының шекара аудандарында ұзақ тұруы – өте тиімсіз фактор деп танып, Ре­сей үкіметімен және Жетісу генерал-губер­наторымен қашып барған қазақтарға ра­қым­шылық жасап, оларды қайтарып әкету мәселесі бойынша ұзақ келіссөз жүргізді.

Ресейде большевиктер партиясы 1917 жылы билік басына келді. 1918 жы­лы Ресейдің кеңес өкіметі «қаш­қын­дар­ға» рақымшылық жариялап, оларды қабыл­дайтынын мәлімдеді. Соған орай Шыңжаң губернаторы шекара қорғаныс армиясына бұйрық түсіріп: «Қашып келген қазақтарға рақымшылық жасалып тұрғанда, дереу оларды еліне қай­тарыңдар. Әскерлердің босқын қазақ­тардан титтей де нәрсе алуларына болмайды», деп, қатаң тапсырма береді.

Шыңжаңға босып барған қазақтар­ды кері қайтару ісін Қашқарияға барған­дардан бастайды. Өйткені олардың хал-жағдайы өте мүшкіл еді. Соған қара­мастан, ол жаққа барған босқын қазақ­тар кезінде шарасыздан жергілікті тұрғын­дарға шамалы азық-түлікке айырбастап жіберген балаларын қайтарып алып кету мәселесін көтереді.

Осы мәселе жөнінде Шыңжаң үкі­меті «Ресей қазақтары сатқан ұл, қыз­дарын қайта сатып алуы жөнінде» қау­лы шығарып, «Олар бұрынғы сатып беріл­гендегі бағасы бойынша қайта са­тып алуына болады», дейді. Шыңжаң үкі­ме­тінің «Ақсу аймағындағы Ресей қазақ­тарының қайта сатып алу әдістері» деген жеделхатында: «Қытайлық аза­мат­тардың Ресей қазақтарының ұл-қыз­дарын сатып алуы – екі ел үкіметтері істеген іс емес, ол жөнінде ешқандай ке­лісім­шарт жасалмаған, сондықтан бұл түгел жеке адамдар арасындағы сау­да сипатындағы істер. Алайда қазір оны қайта сатып алуға руқсат бердік және өте зор кеңшілік жасадық. Егер бұрынғы сатушы қазір болмаса, онда оны ресейлік қазақ туыстары сатып алуына болады. Тек Ресей ақсақалдары оған кепілдік берсе болғаны. Істі осылай шешіңдер», деп бұйырады. Осы бұйрық атқарылып, босқын қазақтар кезінде шыбын жанын сақтап қалу үшін сатып жіберген ұл-қыздарын қайта сатып алған соң, 1918 жылы үкімет тарапынан берілген қайырымдылық жол азықтарын талғажау етіп, еліне топ-тобымен қайта бастайды.

Бірақ алғаш қайтқан топ орыс әскер­лерінің аяусыз қырғынына ұшырайды. Осы оқиға бойынша Шыңжаң губерна­торы Қытайдың Сыртқы істер министр­лігіне жолдаған жеделхатында: «Ресейге қайтқандар және ол жақтағы қырғыздар көрген, Ресей қазақтарынан 700-ден астам адам еліне қайтып бара жатып, Қаракөлдегі бір аялдамаға жеткенде орыс әскерлері олардың барлығын бір сайдың ішіне айдап апарып, мылтықтан оқ жаудырып қырып салған. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі Ресей елші­лігімен осы оқиға бойынша қатаң сөй­лесуге тиісті», делінген.

Қашқар аймағының әкімі мен Ақсу аймағының әкімі бірлесіп жолдаған жеделхатында: «Ресейден Қытайға қашып келгендер өлсек те кері қайтпаймыз дегенде, біз оларды насихаттап, Ресей сендерге кеңшілік жасайды деп жүріп, оларды қайтуға әрең көндірген едік. Келген мәліметке қарағанда, олар өте аянышты жағдайға тап келіп, қырылған. Бұл – адамгершілікке жат әрекет. Қытайдан алғаш қайтқандардың бастары кесіліп жатса, мұндағылары қалай қайтады?! Ресей үкіметінің оларға кешірім жасадық деп, соңынан бұйрық беріп оларды аттырып тастағаны несі? Олардың мақсаты не сонда? Олардың бұл әрекеті Ресей үкі­метіне сенімсіздік тудырып қана қой­мастан, Қытай шенеуніктерінің айт­қандарының бәрі өтірік деген пікір қа­лыптастырады. Қазір Ресейден қа­шып келгендер аштықтан ширығып тұр, олар­дың жанжал тудырмасына кім кепіл? Сондықтан Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінен осы оқиға туралы жа­уап алуға тиісті», делінген.

Сонымен Қытай мен Ресейдің кеңес үкіметі арасында күрделі дипломатия­лық келіссөз жүрді. Ақыры, тараптар келі­сімге келіп, екі жақ өкілдерінен құрыл­ған ко­миссияның бақылауында бос­қын қазақтар 1918 жылы өз еліне қай­тып оралды. Бірақ олар туралы нақты сандық мәлімет жоқ. 250 мыңнан астам босқынның қаншасы өлді, қаншасы сонда қалды, нақ басып айту қиын. Бірақ бір нәрсе анық, олардың ішінен біраз адам сондағы қазақтардың арасында қалып қойды. Олар, негізінен, сауатты адамдар болғандықтан, қытай қазақ­тарының білім беру және мәдениет саласында оқу-ағартумен шұғылданып, қытай қазақ­тарының әлеуметтік мәдени дамуы­на зор үлес қосқаны – дәлелденген ақиқат.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан Ресейде болған дағдарыстың себе­бінен қазақ халқы арандап, босып кетіп, азып-тозып, қансырады. Бірақ түбегейлі жойылып кеткен жоқ, тек «бір өліп тірілді».

 

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

Күлғазира БАЛТАБАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры