Қазақстан • 07 Маусым, 2021

«Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді»

931 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың мерейтойынан кейінгі толғамды ойларын республикалық «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспанов Мемлекет басшысының атына жолдаған екен. Президент Әкімшілігінен «Egemen Qazaqstan» газетіне келіп түскен мақаламен оқырмандарымызды таныстырғанды жөн көрдік.   

«Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді»

Жұмыр жерді шарлаған індеттен дем тарылып, «Алдын ала межеленген мерейтойды қалай өткізеді екенбіз?» деп дегбір қашып тұрған шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің рухын көтеріп, еңсесін тіктеудің орайлы жолын тапты. Бұған Қазақ елі, Абай елі бек разы. Көңіл толқытар сәттер аз емес. Қазақ деген жұрттың бар екенін айдай әлемге сезіндірген баба тойын індеттің іргесіне тығылып, өз деңгейінде ұлықтай алмасақ, елдігімізге сын болар еді. Ең маңыздысы – дақпырт пен даңғазадан алыс, ысырапқа жол бермеген, жаңа ұрпаққа білім, рахым мен қанағатты, терең ойды тәбәрік еткен тағылымды іс-шара болды. Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тұғырнамалық мақаласын – қалам ұшымен емес, жүрек көзімен жазылған, бүгінгі ұлттық саясаттың алдына қойылған кешенді бағдар деп қабылдадық. Биіктік те, тереңдік те, кемелдік те, кемеңгерлік те бір басына тоқайласқан дана Абайды Мемлекет басшысы тереңнен танып, қалың елі қазағына жаңаша қайыра бір қауыштырды.

Ас ішілер, аяқ босатылар. Жаһандану дәуіріне мидай жұтылып бара жатқан жаңа ұрпағымызға заманауи білім, тағылым, тәлім керек еді. Жасыратыны жоқ, қанымызға сіңген әдет қой, «той десе қу бас домалайды»... Ретті-ретсіз арнамыздан асып, ағылып-төгіліп жатамыз. Бәйге, қаздай тізілген ақбоз үй, аста-төк дастарқан, қып-қызыл ысырап... Ал той тарқаған соң киіз үйлер жиналып, құлазыған қу дала жұрты көшкен елдей сол баяғы көне қалпына түседі. Президент бұл соқпаққа түспей, тыңнан түрен салды. Қалың елді адамзаттың ақыл-ой орбитасына көтеріліп кеткен Абайдың жүрегіне, ішкі жан дүниесіне үңілуге үндеді, ұлы ақынды мүлде жаңа сипатта тануды, бағалауды үлгі етті. Абайдың Отыз жетінші сөзіндегі «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деген бір ауыз сөзін Мемлекет басшысына қарата айтқым келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақынның таным-талғамына тереңнен мән беріп, мемлекет ісінің мүддесі деңгейіне көтергені ұлттық рухқа қанат бітірді. Абай – бүгінгі ұлттық идеологияның қайнар көзі екенін жанымызбен сезіндік.

Хакім Отыз тоғызыншы қара сөзінде былай деп жазады: «Рас, бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық», деп дәл қазіргі өмірімізді айнадан қарағандай көрсетеді. Ол қандай мінез еді? Біріншісі – «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қыл», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», дей келе парасаты мол, көпке сыйлы, мәселенің ақ-қарасын айырып, бәтуалы әділ шешімін шығаратын ел ағаларының сөзіне ілгеріден құлақ асқан, тоқтаған жұртының жұтаған ауызбіршілігіне қынжылады. Екінші мінезі – намысқойлық. Екеуі де ар, намыс және табандылықтан келеді екен. Қай ұлтты болсын ұлы мұратқа жетелейтін бірлік, намыс, талмай еңбек ету екеніне хакім Абайдың сол заманда-ақ көзі жеткен. Данышпаннан қалған осындай асыл сөздерді жаңа ұрпақ тағы бір мәрте қайталап оқысын, санасына тоқысын, талдасын. Көмескі тартып бара жатқан басқа да ұлттық болмыс мінездерді өздері тапсын... ойлансын... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары етек-жеңімізді жинай алмай отырған шақта ашық-шашық қалған есік-тереземізден рухани діңгегіміз бен ділімізге қатысты «ақылгөйлер» ауламызға аз келген жоқ. Бір жағынан ғаламдық өркениет талаптарына тән құбылыс шығар десек те, қадым замандардан қанымызға сіңген, сүйегімізден өткен әлгі Абай атамыз меңзеген, одан да басқа құндылықтарымыздың жоғалыңқырап бара жатқаны жанға батады.

 

* * *

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы әділетті қоғам идеясының бағдаршамындай әсер етіп, есті қауымды елең еткізгенін ерекше атап айтқым келеді. Президент бастамашыл болған мемлекет басқарудағы жаңа саяси реформалар ел ішінде қолдау тауып отыр. Талайға мәлім, бәлкім беймәлім, билік пен халық арасында көзге көрінбейтін, тілмен айтып жеткізе алмайтын бөгеттер болды. Әсіресе бюрократиялық кеселдер. Соңғы кездері сол «тасқамалдар» алына бастағандай. Жоғары лауазымды шенеуніктер қызмет орнынан табылып, емен есіктер ашылып, қарапайым халықтың талап-тілектеріне құлақ асылып, жауапкершілік жүгі еселеніп келеді. Бұл – жақсылықтың нышаны, елдіктің үлгісі. Меритократия, яғни лайықтылар билігі дегенді дана Абай кесіп айтқан: «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» деген ақынның тағылымы – бүгінгі биліктің ұстанымына айналатын аксиома. Білімнің ғасыры билік құрған уақытта жас ұрпақты оқытудың озық үлгілерін таңдау қажеттігі айқын сезіліп отыр. Осы жерде өз көзім жеткен бір ақиқатты айтсам артық болмас.

Мектептердегі жоғары сынып оқушыларының республикалық «Абай-Шәкәрім оқуларының» он жылдай қазылар алқасының төрағасы ретінде байқағаным – Абайды жатқа оқыған, оқып қана қоймай, зердесіне тоқыған жас толқын жаманшылық жолға түспейді екен. Сол кезде жүлде алған үміткерлер қазір бір-бір азамат болып, елінің ертеңі үшін тынбай еңбек етіп жатыр. Ләйлім дейтін бүлдіршіннің жыр оқу эстафетасын Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ғана емес, өзгелермен қатар қабыл алып, үлгі, қолдау көрсетті. Бұл Президенттің ұрпақтың ертеңіне деген алаң көңілін айқын сезіндірді. Кезекті бір науқаншылдық емес, Абай есімі шығармалары арқылы айдай әлемге тағы бір мәшһүр болды. Ақын өнегесі буыннан-буынға жалғасып, өлмейтіндігін паш етті.

Ғасыр өтті, қаншама ғұлама ғалымдар мен классик қаламгерлеріміз, ғылыми орталықтар мен институттар Абай жазып қалдырған «толық адамның» құпиясын зерттеп біте алар емес. Шындығында, Абайтану ғылымында күні бүгінге дейін асу бермей келе жатқан отыз сегізінші қара сөздің мән-мағынасы, рас, тым тереңде. Бәлкім «жұмбақ жанның» өзімен бірге ала кеткен жұмбағы шығар деген ойға еріксіз табан тірейсіз. Бірақ қазіргідей ғылымның сан алуан тылсымдары ашылып жатқан кезеңде мұның да сырына қанығатынымызға шүбә жоқ. Тек адал ниет, ілкі ізденіс қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Абай феноменін ХХІ ғасырдағы ұрпақтарының санасына елеп-екшеп қайта ұсынған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында соған жол сілтеді. «Толық адам» тұжырымының ғылыми шешімін ұрпаққа ұғындыра алсақ, руханият саясатының мақсат-мұраттар көкжиегі ептеп болса да көрінер еді... Қасиетті Құран аяттарымен үндесіп, Әл-Фарабилер іліміндегі қағидалармен шендесіп жатқан Абай мұраларында жаңа дәуірдің талап-тілектері жаңғырып тұр. Ұлтты тәрбиелейтін өлеңдері мен қара сөздерінде қатар өрілген парасат мектебі әлі ұзақ жалғасатыны даусыз.

«Толық адам» тұжырымын әйгілі Мұхтар Әуезовтің төл шәкірті Мекемтас Мырзахметов көптен бері зерттеп келеді. Бар ғұмырын Абайтануға арнаған Мекемтас ақсақал да «Толық адам» ілімін зерттей-зерттей жұқарды. 10 том ғылыми еңбек жазды. Тарихи дүние жүйелі тасқа басылмай, жарыққа шығар сәтін күтіп, үміт пен күдіктің арпалысында келгені жасырын емес... Қолдан келгені – ретін тауып «Абай» журналының бетінде тұрақты жариялаумен ғана шектелгенімізді несіне жасырайын?.. Алаш жұртына Абай әлемін мүлде жаңа сипатта бағалауға жол ашылғалы Абайтану да жаңа сапаға көтерілгендей болды. Ғылымның құдіреттілігі – бір күннің, бір жылдың жемісі емес. Ұзақ уақытты қажет етеді. Өткен жылдан бастап, Абай әлемі мейлінше қайыра талданып, талқыланып, таразыға түсу үстінде. Сондықтан халық түсінігінде ғылымға басым бағыт беруі осындай тылсым тұңғиықтардың кілтін табуға жол ашады. Президент айтқандай, Абай болмысын тану кезекті бір науқаншылдық немесе мерейтойлық бір жылдың ғана деңгейінде емес, мәңгілік мәселе екенін ұғынғанымыз абзал.

Ол барлық сыры тереңде жатқан Отыз сегізінші сөзінде адам баласының басқа жан иелерінен артықшылығын түсіндіре келіп, оған ерекше ақыл-ес пен ерік берілгенін жазады. Бұл артықшылықтар рухани кемелдену арқылы түпкі мақсатына жетпек. Сол себепті қазіргі рухани жаңғырып жатқан тұсымызда шетін мәселенің бұрынғыдан да өзекті, бұрынғыдан да маңызды болуы – заман талабы. Мемлекет басшысының қоғамға жолдаған мақаласының астарынан біз осыны аңғардық. Түйсіндік те сүйсіндік.

Енді бірде Абай ғұлама кемел басшының қоғамдағы рөлін өлең тілінде былай бағалайтыны бар:

Единица – жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Бір басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?..

Яғни көпшілік қауым кемел басшыға ереді, үлгі тұтып, теңелуге ұмтылады. Басшы өзіне де, өзгеге де қатал талап қоятын әрі әділ, ең бастысы – жаны таза, абзал адам болуы қажет. Мақсаты – алға ұмтылып, елді соңына ерту.

Уинстон Черчилльдің: «Мемлекеттік қайраткердің саясаткерден айырмасы: саясаткер – келесі сайлауды ойласа, мемлекетшіл тұлға болашақ ұрпақтың қамын ойлайды», деген әйгілі тәмсілі бар. 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанның болашағы, ұрпағымыздың ертеңі үшін сайлауға толқып барғанымызды жасырмаймын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында баса мән берілген, халыққа ең әуелі әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асқаны керек болды. Ұл-қызымыздың миын ойланбай жасалған шала «реформалармен» ойран-ботқа қылған білім саласына, баламыздың бетіне тіктеп қарай алмаған баспанасыздыққа, есігінен аттасаң қолыңа қарайтын мемлекеттік мекемелердің парақор «мәдениетіне», шіренген шенеунік пен түнерген әкімдерге, қос қолына бір күрек таба алмаған жұмыссызға, жәрдемақыға жарымаған анаға, босағада жатқан тілге, көңілі күпті елге алаңдап бардық сайлауға. Құдайға шүкір, үміттер ақталып келеді. Аз уақыттың ішінде уәделі бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асуда. Сезініп отырмыз.

 

* * *

Президенттің той қарсаңында Абай туған топыраққа бір емес, бірнеше мәрте келіп, жергілікті басшыларға бірқатар маңызды тапсырма беріп кеткені қызығы тараңқырап тұрған қырдағы елді бір сертпілтті. Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген талай өткір мәселелерді тыңдап, ел ішіндегі жағдайды өз көзімен көрді. Көңіліне түйді. Келелі шешім қабылдады. «Мың естігеннен бір көрген артық» дейді мұндайда қазақ.

Осы тұста сәл шегініс жасасам. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы кезінде ЮНЕСКО көлемінде дүркіреп өткені мәлім. Тәуелсіздігін енді алған мемлекетіміз үшін үлкен сын еді. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, өзі баяндама жасап, тағылымды тойды тап-тұйнақтай етіп тарих тақтасына алтын әріптерімен жазып қалдырды. Жидебайдағы қос кесене де соның айқын айғағы.

Араға жиырма бес жыл салып келген Абайдың 175 жылдық мерейтойы тағылым мен парасат биігінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, даңғаза мен ысыраптан барынша ада, ұрпаққа үлгі боларлықтай аталып өтті. Әрине әлемді дендеген індеттің де салдары болған шығар. Соған қарамастан, түрлі нысандарға қайта жаңару жұмыстары жүргізіліп, жидіп тұрған Жидебай жері толық абаттандырылды. Тыңнан тұрғызылған барлық нысан сол қалпында халықтың игілігі үшін ұлы даланың сәні болып тұр.

Ұлы ақынның кіндік қаны тамған «Сырт Қасқабұлақ» тіпті түрленіп кетті. Кім де болса туған жерінің келбетін алдымен ойлайды ғой. Менің де дүниеге келген мекенім сол Қасқабұлақ еді. Қазір Абай рухына тағзым етіп келушілерге ұялмай көрсететін дәрежеге жеттік. Арнайы мәрмәр тасқа ақынның қара сөздерінен үзінділер қашап жазылып, болашағыңа бағдар сілтеп тұрғандай.

Жасырып-жауып қайтейік, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы да көңіл құлазытар тұсымыздың бірі еді. Ақ патшаның жұмырығында жүріп-ақ үлкен бір қауым жұрттың көшін бастаған аға сұлтанға лайық құрмет жасалды деп білеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көне тарихтағы бабалар қабіріне тағзым етіп, тамырына қан жүгіртті, Тәңір қолдасын! Қазір онда сол замандағы жәдігерлерге толы дала-мұражайы бой көтерді. Мұны тектіні текті ғана таниды деп бағалаудан басқа байлам жоқ.

Аудан орталығы – Қарауылда да қыруар шаруа атқарылды. Жаңа мектеп ғимараты бой көтерді. Заманауи электронды қондырғылармен жабдықталған оқу ордасы білім теңізіне салынған көпір сынды.

Қазақ елінің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласында да жаңғыру, жаңару жұмыстары сәтті жүрді. Абай музейінің іші мүлде жаңа кейіпке енді. Президент ашқан «Ұлы Абай ұлдарымен» атты еңселі ескерткіш көпшіліктің көзайымына айналды. Нағыз бүгінгі сәулет өнерінің туындысы екенін сол саланың мамандары айтып жүр. Семей шаһарындағы Мұхтар Әуезов даңғылының бойында орналасқан, кезінде «Жоғалған парк» деп өзіміз сан сынаған жер мүлде адам танымастай өзгерді. Кешкілік қала халқы серуендейтін жайлы орынға айналды.

Мемлекет басшысы Семейге келген сапарында қошеметпен қарсы алған қалың қауымның арасындағы ең жасы үлкені, тоқсанға таяған Әбдеш Имаханов ақсақалдың: «Кезінде Президенттің әкесі Кемел жазған шытырманға толы шығармаларын көп оқып едім. Қоғамның тазалығын ойлаған, әділеттілікті көксеген жазушы еңбектері ерекше ұнайтын. Бүгінгі ел тұтқасын ұстап отырған ұлының жүзінен де Абай айтқан кемелділіктің ұшқыны төгіліп тұр екен», деген сөзін сол қалпы жеткізгенді жөн көрдім.

 

* * *

Енді өзім басқарып отырған басылым туралы аз-кем сөз қозғайын. Отыз жылға жуық Семей топырағында шығып келе жатқан республикалық «Абай» журналы – ақын мұрасын әр қырынан танытуға бағытталған басылым. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары шығарған журнал сол кездегі солақай саясаттың салдарынан жабылып қалған болатын. Тек тәуелсіздік жылдары ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Келер жылы қайта жалғасып шыққанына отыз жыл толады. Яғни тәуелсіздіктің төлтумасы деп айта аламыз. Әйтсе де жолымыз үнемі тақтайдай тегіс болған жоқ. Әсіресе қаржы жағынан қиналған кездеріміз болғанын жасырмаймыз.

Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы «1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек» деген бір ауыз сөз біздің басылымның тамырына қан жүгіртті. Менің ойымша, ақын мұрасын ұрпаққа ұғындыру – бір ғана жылмен шектелмейтін жауапкершілігі зор жұмыс. Сондықтан да Абай атындағы республикалық жалғыз басылымның ендігі ғұмыры ұзақ, шаруасы мығым, мерейі үстем боларына сеніміміз артып отыр.

Мемлекет басшысы Абайға жаңа көзқарас, заман лебіне сай жаңа баға қалыптастыру қажеттігін қадап айтты. Осыған орай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» атты жаңа айдар ашып, хакімнің «Толық адам» тұжырымын жаңа сипатта ғылыми тұрғыдан талдауды қолға алдық. Бір сөзбен айтқанда, алыптар аманатын адал атқаруға тырысып келеміз.

 

* * *

Қоғамдық саяси өміріміздегі елдің көкейіндегі өзекті мәселелердің бірі –Алаш арыстарын ардақтау жайы. Әрине көріп, сезіп отырмыз, соңғы бір-екі жыл көлемінде Алаш идеясына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған арыстардың ісіне лайықты тарихи саяси баға беріп ұлықтау бағытында үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Бұл – аса маңызды, әділ және құптарлық шешім.

Баршаға мәлім, Семей қаласы – Алаштың да алтын ордасы болған. Осы шаһарда Арыстар бас біріктіріп, ұлт жолындағы ірі қоғамдық-саяси бағыттарын айқындаған. Елдің иықты тұлғаларын күреске үндеген.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргіннің зардабы тимеген шаңырақ кемде-кем. Атылды, асылды, айдалды, қолдан жасалған аштыққа ұрынды, үркінге ұшырады. Ұлттың сапасы да, саны да кеміді. Адамзат тарихында дәл осындай нәубетті бастан өткерген халық некен-саяқ.

Алыптарға бесік болған көне Семейде «Полковник аралы» атанып кеткен, бұрынғы атауы «Түйемойнақ» деген Ертістің ортасына орналасқан шағын арал бар. Қаншама жазықсыз жандар сонда қойдай тоғытылып, шыбындай қырылды. Жаназалары шығарылмаған қалпы топырақ астында жатыр... Олардың көбінен осынау жұмыр жерде не бала, не мола қалмады...

Биыл Семей полигонының жабылғанына отыз жыл. «Өлімнен де күшті» атты полигон құрбандарына арналған монумент қойылды. Алайда репрессиядан жапа шеккендерге әлі бір белгі жоқ. Тіпті еліміздің бас қаласында саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарына үлкен монумент ашылса да артық етпес еді.

Президенттің жуырда ғана қазақтың киелі жеріне қатысты қабылдаған сарабдал шешімін халық демін ішіне тартып күткенін жасырмаймын. Мемлекет басшысының: «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді», деген мәлімдемесі баршамыздың көңілімізді толқытты. Президенттің осы ұстанымын басшылыққа алған Парламент жуырда ауылшаруашылық жерлерін пайдалану жөніндегі заң нормаларына тиісті өзгерістер енгізіп, заң қабылдады.

Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталуына байланысты Жер жөніндегі комиссияға нақты міндеттер жүктелді. Үкіметке, Парламентке Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізіп, жер қатынастары мәселелері жөніндегі заңға Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша маңызды өзгерістер енгізіліп қабылданбақ. Жақында бұл заң да қабылданады. Халық жеріміздің ел игілігіне тиімді пайдаланылуын күтіп отыр.

Басшысы қарашаның қамын ойласа, өткен төл тарихына араша түсіп, болашағына алаңдаса, елі үшін құрбан болған арыстары мен тарихи тұлғаларына лайықты құрмет көрсетіп ұлықтаса, халқының сенімі артады. Ал сенім – береке-бірлікке, игі істерге бастайтын құдіретті күш.

 

СЕМЕЙ