Тарих • 08 Маусым, 2021

Диктатордың достығы

699 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Жазушы мен тиран. Біреуі қалам құдіретіне сиынып, әлемге ізгіліктің шуа­ғын шашса, екіншісі әлі күнге дейін қолындағы өктем билігінің арқа­сын­да халықтың көзін қасіреттен ашқызбай жүр. Көне тарихты ойша шолып өтсеңіз, жазушы мен тиранның тіл табысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрген заманы болмағанына кезекті рет көзіңіз жете түседі. Дәурені өткенде алдамшы сағымдай көзден бұл-бұл ұшатын билігіне ғана сенетін диктатор­лар ұлттың жанайқайы болып табылатын әдебиеттен өлердей қор­қып, репрессиялық цензураны енгізіп, азат ойлы жазушыларды көздерінен таса қалдырмай, үнемі оларды қырағы бақылауда ұстап келеді.

Диктатордың достығы

Өйткені нағыз әдебиет құлдықтың пер­десін жұлып тастап, өтірік идеоло­гия­ның күлін көкке ұшырады, пенде бала­сы­ның надандығы туғызған кедер­гілерді бұзып-жарып, адамға азат­тық­тың рухын сыйлайды.

Қолдан ашаршылық ұйымдастырып, жұртты қынадай қырып, айуандықтан да асып түсетін жазалаулардың сорақы түр­лерін ойлап тапқан қатыгез Сталин де ха­лықты құлдықта ұстаған кеңестік идео­логияға төнетін қауіптің әдебиет жақ­­тан келерінен қатты күдіктенді. На­ғыз сөздің өзегінде тоталитарлық жү­йеге қарсы атылатын оқтың жататы­нын сез­ген тиран ақын­дық мінезі, азамат­тық ұс­танымы, ең бастысы таланты бар қалам­герлерді құрметтейтін түр та­ны­­тып, олардың көзіне өнерді түсіне ала­тын жақсы басшы болып көрінуге ты­рысты. Ең қызығы, диктатор алдына тү­­сіп, құрақ ұшатын жағымпаздарды, же­ке басына табынып, сөзден сарай соқ­қан жал­пақшешейлерді емес, ақылды ойын батыл жеткізуден қаймықпайтын, жүре­­гінде қайраты бар шығармашылық адам­дарын өзінің жағына қаратып алуға зор мән берді.

Жазушы Булгаков пен тиран Сталиннің арасындағы «достық» қарым-қатынас­тың алғашқы кірпіші өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында қалана бастағаны тарихтан мәлім. Екеуінің бір-бірімен жақынырақ танысуына 1926 жылы ОГПУ қызметкерлерінің қалам­гер пәтерінің астан-кестеңін шығарып тін­ту жүргізіп, «Иттің жүрегі» повесі­нің қол­жазбасы мен күнделігін тәркі­леуі себеп болды. «Іштен шыққан шұ­бар жылан» болғандықтан, қандай қалам­гер ұзақ жылдар бойы толғатып туғыз­ған туындысынан тірідей айырылғысы келеді дейсің. Басқа біреу болса, кеңестік билікті аяусыз масқаралаған шығарма­сын қайтарып алуға әрекет етпек түгіл, адасқанын мойын­дап, ант-су ішіп, аман қалғаны үшін қаһа­рынан қар жауған қызыл империяның аяғына жығылып, кешірім сұрар еді-ау. Бул­гаков болса кү­нәсін мойындамақ түгіл, кері­сінше жо­ғары жаққа қайта-қайта ша­ғым­данып, ақыр соңында ресми билік повес­тің қол­жазбасын да, күнделігін де оған қай­тарып беруге мәжбүр болды. Иә, бұл ке­ңестік билікпен текетіреске түскен су­реткердің алғашқы және ең ақырғы же­ңісі еді. Бірақ байғұс Булгаков осыдан ке­йінгі «айқастардың» бәрінде де рухы­ның қорланып, үнемі биліктің ма­за­ғына ұшырап, Сталиннің қолындағы қуыршаққа айналатынын қайдан білсін.

Биліктің, әсіресе жендетке айналған зор­лықшыл тиранияның айдаған жағына жүргісі келмей, азуын көрсетіп, айбат шеккен жазушыны аяғанын қашан көріп едіңіз, қымбатты оқушым. Жазушы­ға деген қандай ұйып қалған өшпенділігін жүрегінде сақтап жүрген Сталин 1928 жылдың ақ­панында «Красная звезда» газетінің редакторы Феликс Яковле­вич Конға жазған хатында Булгаковтың «Қашу» пьесасына «антикеңестік құбы­лыс» деген баға береді. Диктатордың аузы­нан шыққан әр сөзге мән беріп, оны бас­шылыққа алып отырған ресми билік осыдан кейін жазушының театр сахнасында қойылып жатқан пьесаларының бәрін репертуардан алып тастап, туындыларын басуға қатаң тыйым салды. «Байтал тұрмақ бас қайғы» болып, күнін көре алмай қалған қаламгерге бұдан өткен қандай азап пен қорлық болуы мүмкін? Айтыңызшы қандай? Ти­ранның шығарған қорқынышты үкі­мі құлақтарына жеткенде, дос түгіл дұш­пандары да Булгаковтан теріс айналып кетті. Кімге мұңын шаға­рын білмеген жа­зушыға бұралқы иттей қыңсылап, аштан өлуден басқа амал қалмады.

Мейлі ғой, егер ойыңа алған ісіңді та­­бысты аяқтап, қиялыңның бесігін тербеген шығармаларыңды жазып үлгерсең, өлім де соншалықты қорқынышты құбы­жықтай көрінбес еді-ау. Бәрінен бұрын, жазатайым көз жұмса, махаббат үшін бұ­рынғы күйеуі сыйлаған жақсы өмірін ман­сұқ етіп, жазушының құшағына құла­ған және оның бойындағы талантына кәміл сеніп, барлық әйелдің арманы болып табылатын барақат тіршілігінен бас тартқан жұбайы Елена Сергеевнаның жағдайының нешік болатынын ойласа, екі дүниеден де безіп кеткісі келеді. Қайтпек керек? Тығырықтан шығудың бір-ақ амалы қалды, ол – нағыз жазу­шы болу жолында көрген бейнетін тәптіш­теп баяндап, ақындық тағдыры ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр­­ған Сталинге хат жазу. Дегенмен мил­­лион­дардың өмірін отқа тастайтын ағаштай пешке лақтырған жауыз жазушының жанай­қайына құлақ аса қояр ма екен? Тәуе­кел! Басын жоғалтқан пенде шашын жоқтап жыламайды.

Жан дүниесі күйзеліп, қаламын қанды жасына малып отырып жазған, көрген қорлығы, шеккен азабы сипатталған аянышты хат Сталинге жолданды. «Шет­елге қуып жіберуге ықпал етуіңізді сұрай­мын» деген жалынышты тілекті айтуға дейін барған Булгаковтың қандай күйге ұшырағанын көз алдыңа елестетудің өзі аянышты. Мұндай тілекті, тіпті тілектен гөрі кекесінге ұқсайтын сөздерді, анау-мынау емес, тиранның бетіне басып айтып салу өмірін өлім бәйгесіне тіккенмен пара-пар ақымақтық емей немене.

Сынаптай сырғып күн артынан күн өтті. Жоғары жақтан жауап болма­ды. Әлде, Сталин жазушының хатын оқып шығуға уақыт таба алмады ма? Жо-жоқ. Мүмкін емес. «Турбиндердің күн­де­рі» пьесасын он алты рет көру үшін театр­ға баруға уақыт тапқан залымның жазу­­шы­ның бір жапырақ арызымен та­ны­­сып шығуға мұршасы болмағанына кім сенеді? Ендеше, ұзаққа созылған үн­сіз­діктің артында бір үлкен гәп бар. Ол не гәп?

Жарты жылға созылып, жанын қа­жа­­ған үнсіздіктің бітпейтін сыңайына көзі жеткен Булгаков енді 1930 жыл­дың нау­­рызында үкіметке хат жазды.
11 бө­­лім­­нен тұратын кезекті хатты то­лық аудар­­май-ақ, мазмұнын ғана баяндап, әңгі­­ме­мізге қатысты кей тұста­рын ғана тәржі­малап берейік (хаттың толық мә­­ті­німен танысқысы келгендер оны ­мы­на сіл­темеден оқи алады: http://www.kulichki.com/inkwell/text/hudlit/ruslit/bulg/bulgakov.htm).

Үкіметке жолдаған хатында да Бул­га­ков жазған туындыларын баспайтын, пьеса­ларын қоймайтын, ешбір мекеме жұмыс­қа да алмайтын елде өмір сү­ру­дің мүмкін емес еке­нін тілге тиек ете­ді. Хатының со­ңын та­ғы да «Шұғыл түрде КСРО-дан ке­тіп қа­лу­ға рұқсат беру­леріңізді сұраймын» деп аяқтайды.

Булгаковтың батылдығы таңғалды­рады. Ол ештеңені жасырмай, ойын ашық айтты. Тіпті өзін коммунистерге бүйрегі бұрып тұрған жазушы ретінде көрсету­ге тырыспайды да. Күлбілтелемей немесе түлкібұлаңға да салмай кеңестік режім­ді қолдамайтынын да анық жет­кізеді. Коммунистік пьеса жаза алмайтынын да жасырмайды. Булгаковтың бойындағы зиялылық қасиет оған осының бәрін істеуге кедергісін келтіріп тұр. Ол би­лік­тің құлақкесті құлы болудан бас тартып, тәуелсіздігін сақтап қалғысы келеді.

Екінші хат та жолданды. Сынаптай сырғыған көңілсіз күндер де жылжып өтіп жатты. Жауап болмағанына қапаланған Булгаковтың өміріндегі ең азапты күндер басталды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды, ішкені ірің, жегені желім болды. Уайымнан жаны жүдеп, қайғыдан жүрегі қарайып кетті. Мүмкін, қабағынан қар жауған, қаһарлы билікке айбат ше­гіп, мінез көрсетудің керегі жоқ па еді? Жеке адам түгіл, тұтас қоғамның қабыр­ға­сын қақыратып жіберген зұлым билік­ке сес көрсететіндей кім еді ол соншама? Жо, жоқ, біз қателесіппіз, адам төзгісіз қорлық пен азапқа шыдаған жазушының әлі де мына жалғаннан көретін жарығы бар екен. Бірнеше айдан соң, шайтан үміт­тің соңғы тірегі сынғандай бол­ған­да күт­пеген жерден Булгаковтың пәте­рін­дегі телефон таяқ жеген баладай шы­рыл­дап қоя берді. Хабарласып тұрған анау-мынау емес, пролетариат көсемі Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі екен. Төбе­сінен жай түскендей болып, есең­гіреп қа­ла жаздаған Булгаков мұн­дайды мүлде күт­пеген. Сенерін де, сенбе­сін де білмеген ол әлі де көңіліндегі тар­қай қой­маған күдік­тен арыла алмай теле­фон тұтқасына желім­­дей жабыса түсті. Жо-жо-жоқ, жалғыз ол ғана емес, мил­лиондаған адамның барлығы­на да жақсы мәлім – тиранның дауысын жазушы жазбай таныды. Сталин алған беттен бас­тырмалатып, Булгаковты та­қым­дай ала жөнелді. «Сіздің елден кет­кі­­ңіз келіп жүр ме? Немене, біз сізді қат­­ты шаршатып жібердік пе?» деген сауал­ды төтесінен қойып, оны әбден сасқалақта­тып тастады. Не айтарын біл­­­мей абдырап қал­ған Булгаков орыс жа­зу­шысының Ресейде тұруы керек еке­ні туралы ойын жеткізіп, Көркем театрда істегісі келгенімен, ешкім де оны жұмысқа алмай жатқанын хабарлап, мұңын шақты. Сталин болса: «Сіз тағы да оларға өтініш беріп көріңіз. Олар келісе­ді деген ойдамын. Бізге кездесіп, сөйлесу керек еді», деп жауап береді. Булгаков та «Иә, иә, Иосиф Виссарионович! Менің сізбен міндетті түрде әңгімелесуім керек» деп алғысын жаудырады. «Дұрыс айтасыз. Уақыт тауып әңгімелессек жақсы болар еді», деп Сталин әңгімесін түйіндеп, телефон тұтқасын қоя салады.

Ертеңіне таң атпастан Булгаковқа Мәс­кеудің Көркем академиялық театры­нан хабарласып, оны жұмысқа ша­қы­рады. Бірақ шын мәнісінде диктатор Сталиннің бұл әрекетінің артында танымал қаламгерді қорлап, оған өмірлік «тағылым» болатындай сабақ беруді көздеген жымысқы саясат жатты. Диктатор бір жағынан Булгаковқа шығармашылық адамымен мәдениетті диалог жүргізіп, суреткерді түсіне алатын тұлға екенін көрсеткісі келетін түр танытқан­дай болады.

Жалпы, Булгаковтың ресми билікке деген көзқарасын жасырмай, оны ашық білдірген санаулы қаламгердің бірі бол­ғанын айта кеткеніміз абзал. Мысалы, ол үкіметке жазған хатында өзін коммунистерге жаны ашитын жазушы ретін­де көрсетуге тырыспайды. Тіпті хатта өзінің ырыққа көнгісі келмейтін қиқар мінезі үшін ақталғысы келген бір ауыз сөз жоқ. Коммунистік шығарма жаза ал­майтын жазушы екенін де ашық мойын­дайды. Міне, осындай турашылдығы үшін оны Сталин ұнатқан болуы керек. Айталық, Булгаковтың «Турбиндердің күндері» пьесасын диктатор он алты рет тамашалап, социалистік реализмнің талабына жауап бермейтін туынды болғанына қарамас­тан жоғары бағалады. Диктатор кеңестік шы­ғарма жаздыртуға Булгаковты көндіре алмайтынын сезіп, енді қандай жолмен болса да оның рухын қорлап, сағын сындырудың амалын қарастыра бастады. Қанішер тиранның әйгілі қаламгерге телефон шалып, оны үміттендіріп қоюы көзбояушылық әре­кет қана болатын. Әйтпесе, осы оқиға­дан кейін Сталиннің ниет танытып Бул­гаковпен кездесіп әңгімелеспек тү­гіл, бір рет те жазушыға телефон шал­май қойғанын қалай түсінеміз? Ал Бул­гаков диктатордың көмегімен бол­са да жұмысқа тұрғанымен, бірде-бір шы­ғар­масын газет-журналдар бас­пай қойды. Өзіне байланысты орын алып жатқан жағдайлардың бәріне де Ста­лин­нің қатысы жоқ екеніне сенімді бол­ған қаламгер өмірінің соңына дейін Ста­лин­мен кездесіп, шерін тарқатып әңгі­ме­лесу­ді армандап өтті. Шарасы таусыл­ған Бул­гаков 1931 жылы пролетариат кө­семіне тағы да хат жазды. «Сіздің менің бірінші оқыр­маным болғаныңызды қалар едім», деп жа­лынады осы жолғы жазған хатында Булгаков.

Жалпы, Ресей тарихында патшаның ықылас танытып, ақынның бірінші оқыр­маны болуы соншалықты шетін оқи­ға емес. Мысалы, 1826 жылдан кейін Ресей патшасы І Николайдың орыс­тың ұлы ақы­ны Пушкиннің бірінші оқыр­маны әрі цен­зоры болғаны мәлім. Бул­гаков жазған хатында патша мен ақын арасында болған осындай жүйені қал­пына келтіріп, оны қайта енгізуді ұсы­нады. Сталин өзіне көрсетілген «мәр­тебелі» құрметтен бас тартады. Жазу­шының зұлым билікпен қалай асқақ сөй­лескенін көрсету үшін осы хат­тың әңгімемізге тікелей қатысы бар тұ­сын аударып бергенді артық көрмедік. «Ре­сейлік сөз өнерінің алып алаңында мен жалғыз қалған әдеби қасқырға айналдым. Маған жүнімді бояп тастауға кеңес берілді. Мағынасыз кеңес. Боялған қас­қыр ма, жүні қырқылған қасқыр ма, ол бә­рі­бір қанден бола алмайды. Ма­ған қас­қырға қарағандай көзқарас қалыптасып отыр. Бірнеше жыл бойы мені әдеби жаба­йылықтың ережесі бо­йынша сынап, сырты қоршалған аулада қудалап келеді. Менің ешкімге деген өшпенділігім жоқ, бірақ мен қатты шаршадым. Аң да шаршайды емес пе. Енді, міне, сол аң өзінің қасқыр емес, әдебиетші екенін мәлімдеді. Өзінің қызметінен бас тартты. Үндемей қойды. Бұл дегеніміз турасын айтқан­да рухсыздық. Үндемей қоятын жазушы болмайды. Егер үндемей қойса, ол нағыз жазушы емес. Нағыз жазушының үндемей қойғаны – өлгені» (хаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады: http://www.famhist.ru/famhist/sarn_st_po/001f5941.htm).

Өкінішке қарай, мінез көрсетіп, аза­маттық ұстанымын білдіріп, батылдық танытқан қаламгер хатының соңында мүләйімсіп «Иосиф Виссарионович, менің жазушы ретіндегі ұлы арма­ным – сіздің қабылдауыңызға кіру. 1930 жыл­дың сәуіріндегі телефон арқылы бол­ған әңгімеңіз менің есімде қайталанбас ізін қалдырды» деп, диктатордың қолын сүй­гендей кейіпке түседі. Ресми жауап бе­рілмесе де бұл хат Сталиннің қолына тиген болуы ықтимал. Себебі осыдан ке­йін Булгаков пьесаларының қайтадан театр сахнасында қойылуына жол ашылды. Солай бола тұрғанымен, Сталин мен Булгаковтың арасындағы жақсы қа­рым-қатынас кейін­нен қайтадан нашарлап кеткені аян. Деген­мен тиран мен жазу­шының бір-бірімен қарым-қатынасы о бас­тан жақсы болды деп айту қиын. Олар­дың бір-біріне деген «ілтипатын» мысық пен тышқанның ойынына ұқсатуға болады. Әрине, қалыптас­қан жағдайда кімнің мысық, кімнің тыш­қан екені айтпаса да түсінікті. Өзінің кім екенін жақсы білетін Булгаковқа ақылды тышқан болуы керек еді. Ол болса әпенделік танытып, Ста­линнің ресми жауабын күтпей жатып, шетелге кетудің қамын ойласты­рып, құ­жаттарын реттеуге кірісе жөнелді. Бул­­гаковқа талай «жақсылық» жасаған Ста­­лин жазушының кезекті «еркелігін» ке­шіре алмады.

Сталиннің шетелге кетуіне рұқсат бе­ре­тініне сенімді болған жазушы ең ал­ды­мен тиранға арнап жазған «Шебер мен Маргарита» романының алғашқы нұсқасын өртеп жібереді. Зұлым тиранды ақтап алуға тырысқан мұндай туындыны ол өзімен бірге шетелге әкеткісі келмеді. Алайда тиранның сеніміне кірдім деп ойлаған Булгаков оңбай қателесті.

1934 жылы шетелге қоныс аударғысы келген жазушы жұртқа күлкі болып, ма­­заққа ұшырады. Ең алдымен әкімші­лік­­тен ресми шенеунік телефон шалып, шет­елге кетуі үшін олардың Москеңеске ке­ліп, тиесілі құжаттарды толтыруын өті­неді. Бақыттан бастары айналған Бул­гаков пен жұбайы Москеңеске қарай құс­тай ұшады. Бір-бірімен әзілдесіп, анке­таны толтырып болғанда шенеунік жұмыс күнінің аяқ­талғанын хабарлап, ертең келулерін сұрайды. Ертеңіне де, арғы күні, одан кейін де бірнеше мәр­­те осы оқиға қайталанады. Жүні жы­ғы­лып, әбден үміті үзілген кезде ғана олар­дың шетелге шығуына рұқ­сат беріл­мегені туралы ресми жауап ке­леді. Әлі де Сталиннің мейірімінен дә­ме­ленген Булгаков болған жағдайдың барлы­ғын тәптіштеп түсіндіріп, қайтадан тиран­ға хат жазады. Сталин ол хатқа жауап бер­мейді. Содан бері жазушы мен тиранның арасында болған «жақсы» қарым-қаты­нас алты жыл бойы үзіліп қалды.

1939 жылдың көктемінде «Иван Су­санин» қойылымының ашылу салтана­тын тамашалауға келген Сталинді жазу­шының көзі алыстан шалады. Қа­ламгерді қайта­дан сайтан иектей бастады. Енді Булгаков тиранның көңілі­нен шығу үшін ол туралы «Батум» деген пье­са жаз­баққа бел буды. Жағымды жа­ңа­лық­ты естіген барлық театр атақты про­заиктің пьесасын қоюға ниет білдіріп, қатты құлшыныс танытты. Ресейдің ірі қа­лаларындағы театрлардың бәрі ұмы­тып кеткен жазушысын қайтадан есте­ріне түсіріп, оған үсті-үстіне телефон шалып, пьесаны сахналауға ниет таны­тып, «Батумды» репертуарға да енгізіп, бірнеше келісім де жасалып қо­йылады. 1939 жыл – пролетариат көсемі Сталиннің алпыс жылдығы. Әрине, ел­де­гі театрлардың бәрі де Булгаковтың ­пьесасын қойып, жақсы жағынан тиран­­ға көрініп қалуды көздейді.

Қош, сонымен тамызда қойылым­­ды сахналайтын режиссерлер мен актер­лер­дің шығармашылық тобы пьесадағы оқиғалар орын алатын жерлерді көзде­рімен көріп қайту үшін Грузияға аттанады. Серпухова стансасына жеткенде олардың купесіне пошташы әйел кіріп, пьесаны қоюдың қажеттілігі тумай қал­ғаны туралы жоғары жақтан жі­беріл­ген телеграмманы жазушыға табыс ете­ді. «Құмырсқа, әліңді біл» дегендей бол­ған Сталин жазушыдан өшін алып, оны дос­тарының алдында мазақ етті. Шара­сыздықтан не істерін білмей, жыларман бола жаздаған Булгаков: «Люся, ол мені өлім жазасына кесті», дейді әйеліне қарап.

Атақты жазушы пьесасының қойы­луына Сталиннің неге құлық таныт­па­ғаны туралы мәліметтерді іздес­тіргені­міз­бен, осыған байланысты қандай да бір нақты деректерді таба алмадық. Тек бел­гілі режиссер Немирович-Данчен­ко­мен әңгі­мелескенде пролетариат көсемі «пьеса жақ­сы жазылған, бірақ қоюдың қажеті жоқ» деген көрінеді. Менің ойым­ша, бастапқыда мінез көрсеткен қа­лам­гердің кейіннен жүні жығылып, қа­лай сағының сынғанын көргенде тиран одан түңіліп кеткен сияқты. Бәлкім, жазушы Сталинге қайта-қайта жалынып-жалпайып хат жазбағанда, мазақ болып, қорлануға дейін бармағанда, ол оны көбірек құрметтер ме еді? Кім білсін? Шындығында да бұрын жазушы әдебиеттің нағыз қасқыры болды. Зұлым заман мен тағдыр тауқыметі оның рухын сындырып, қанденге айналдырды. Ал Сталин еш уақытта да құлдық ұруға дайын тұратын қан­дендерді жақсы көрген жоқ. Өйткені оның өзі де айдаһар уақыттың қанды ауыз қасқыры болатын.

Соңғы демі таусылғанға дейін тираннан жақсылық дәметкен Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романын мил­лиондаған адамдардың қанын судай ағыз­ған қанішер тиранға арнап жазғанына менің еш күмәнім жоқ. Жазушы бұл туын­дыны 18 жылдан астам уақыт жазды деген сөздер шындыққа сәйкес келмейді. Романның жаңа нұсқасын ол өмірінің соңғы жылында жылдам жазып шықты. Өз басым атақты шығарманың өте талантты жазылғанын мойындағаныммен, идеялық тұжырымдамасын үзілді-кесілді қабылдай алмаймын. «Шебер мен Мар­гарита» туындысының жазушы өртеп жі­берген алғашқы нұсқасының қандай бол­ғанынан әрине біз бейхабармыз. Бірақ екін­ші нұсқасының тез жазылғанына қара­ғанда, оның біз оқып жүрген романнан айыр­машылығы шамалы болды деген ойдамын.

Дей тұрсақ та, кезекті тақырыптың шы­­мылдығын ашпас бұрын, Сталинге өлер­дей сеніп, қамқорлығынан үміттенген Булгаков өмірінің ақыры қалай болғаны­на қысқаша тоқтала кетейін. Соңғы оқиға­дан кейін жазушының жүйкесі сыр беріп, күйзеліске ұшырап, қатты сырқатта­­нып қалады. Алайда соңғы романын жазу үшін жазушы барлық күш-жігерін салады. Бірақ жоқшылықтан қиналып, ­уайым жа­нын кемірген Булгаковтың ден­­­сау­лығы күннен-күнге нашарлай бер­ді. Мәскеу Көркем академиялық теат­­ры­ның актерлері Булгаковтың емделуі үшін Италияға баруына рұқсат беруін сұрап, жоғары жаққа хат та жазды. Бірақ билік Булгаковқа аяушы­лық жаса­май қойды. Қайтыс боларының алдын­да оған Жазушылар одағының хат­шы­сы Алек­сандр Фадеев келіп кетеді. Сыр­­қаты қатты титықтатып, жүдеп-жадап шар­­­­шаған, көзі де көрмей зағип болып қал­­ған жазушының бөлмесінен Одақ хат­­шысы шыққаннан кейін Булгаков әйе­лін шақырып алып: «Екінші рет келсе, бұл адамды үйге кіргізуші болма», деп бұйы­рады. Орыстың талантты қаламгері Михаил Афанасьевич Булгаков 1940 жыл­дың 10 наурызында дүние салды. Сол күні олардың үйіне белгісіз біреу Сталиннің қабылдау бөлмесінен телефон шалып, жазушының қайтыс болғанын анықтағаннан кейін кім екенін де айтпастан телефон тұтқасын қоя салыпты.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ