Қазақстан • 09 Маусым, 2021

Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы ҚР заңы

159 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

  1. Осы Заң кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың, сондай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (бұдан әрі – квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері) жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жарғылық қызметін орындау үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарды реттейді.
  2. Осы Заң:

1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша не кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойын­ша көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде жекеше нота­риустар, адвокаттар мен сот орындаушылары көр­сететін қызметтерді сатып алу;

2) мүшелік жарналарды (салымдарды), оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;

3) заңды тұлғалардың акциялары пакеттерін, жарғылық капиталға қатысу үлестерін (бұдан әрі – қатысу үлестері) сатып алу;

4) басқару органы мен байқау кеңесінің мүшелеріне сыйақы төлеу, басқару органы мен байқау кеңесі мүше­лерінің міндеттерді орындауына байланысты шығыс­тарды (жол жүру және тұру, тәуліктік) өтеу не төлеу;

5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржы­ландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыс­тарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

6) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар негізінде банк операциялары­ның жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жү­зеге асыратын банк операцияларын жүргізуге бай­ланысты қаржылық көрсетілетін қызметтерді және ба­ғалы қағаздар нарығында өзге де қатысушылардың көр­сетілетін қызметтерін, брокерлік және (немесе) ди­лер­лік көрсетілетін қызметтерді, кастодиандық қыз­­мет көрсетуді сатып алу, ақпарат тасымалының ав­то­маттандырылған қаржы жүйесіне қосу, оған қыз­мет көрсету және оны пайдалану жөніндегі көрсе­тілетін қызметтерді, ақпарат берудің және төлемдер жа­сау­дың халықаралық банкаралық жүйесінің көр­сетілетін қызметтерін, оның ішінде банктік үзінді кө­шірмелерді және Қазақстан Республикасының аума­ғында қызметін жүзеге асыратын қор биржасы көрсететін ақпараттық көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты көрсетілетін қызметтерді, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің және (немесе) халықаралық (шетелдік) банктердің, қолайлы хаттарды шығару бойынша заң консультанттарының, қаржы консультанттарының, сыртқы аудиторлық ұйымдардың және (немесе) бағалау ұйымдарының, сенімгерлік басқарушы инвестордың, төлемдік трансфер-агенттердің, тіркеушілердің көрсетілетін қызметтерін, процестік, төрелік және тапсырыс берушінің қарыз алуды ұйымдастыруына, оның ішінде бағалы қағаздар шығаруға және оларды сатып алуға, борышты және инвестициялық (қазынашылық) портфельді басқаруға қажетті өзге де көрсетілетін қызметтерді, жетекші халықара­лық қар­жылық ақпарат берушілердің ақпарат­тық-талдау жүйелері көрсететін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ «Жобалық қаржыландыру және секьюри­тилендіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оригинатор және (немесе) кредитор ретінде секьюри­тилендіру мәмілелерін жүзеге асыру кезінде жоғарыда көрсетілген қызметтерді сатып алу;

7) теңіз портында алынатын алымдар мен төлемдерді төлеу;

8) өкілдік шығыстарды, іссапар шығыстарын төлеу және іссапар шығыстарына байланысты көрсетілетін қыз­меттерді сатып алу;

9) ұлттық басқарушы холдингтің экспорттық кредиттерді сақтандыруға маманданған халықаралық сақтандыру компаниясының көрсетілетін қызметтерін сатып алуы;

10) бағалы қағаздарды бірыңғай тіркеушінің көр­сетілетін қызметтерін және бағалы қағаздармен жаса­латын операциялар бойынша көрсетілетін қызметтерді са­тып алу;

11) уақытша бос ақшаны орналастыруға байланысты қазы­нашылық операцияларды жүзеге асыру кезінде қар­жы құралдарын, оның ішінде бағалы қағаздарды са­тып алу;

12) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік кепілдік беру, мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда бөлінген республикалық бюджет қаражатын қайтару жөніндегі құқықтық қатынастар шеңберінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

13) агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық ком­панияның ауыл шаруашылығы өнімін және оны қайта өңдеу өнімдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, оларды сақ­тау, қайта өңдеу, тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қыз­меттерді сатып алуы;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақ­тандыру қорларына сатып алу жағдайларына қолда­нылмайды.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) алдын ала біліктілікті іріктеу – әлеуетті өнім беру­шілерді сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көз­дел­ген біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан ба­ға­лау процесі;

2) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің тендер, аукцион, бір көзден алу және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алуға қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты құжаттардың шынайы мазмұнын бұрмалайтын және әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің ұсынылған өтініміне сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

3) әлеуетті өнім беруші – сатып алу туралы шарт жасасуға үмітті, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заң­­дарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік меке­мелерді қоспағанда), консорциум;

4) біртекті тауарлардың түрлері – бірін-бірі алмастырмайтын біртекті тауарлар;

5) біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қыз­мет­тер – бірдей болып табылмаса да, ұқсас сипат­тама­лары бар және нақ сол бір функцияларды орындауға мүм­кіндік беретін ұқсас құрауыштардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

6) жұмыстар – заттық нәтижесі бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

7) келісу комиссиясы – шарт жасасудан жалтарған және сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне немесе Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесіне енгізілген әлеуетті өнім беру­шілердің жолданымдарын қарайтын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган. Келісу комиссиясының құра­мы, жұмыс істеу және шешім қабылдау тәртібі сатып алу­ды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады. Бұл рет­те келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақ­стан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіп­керлер палатасында аккредиттелген салалық қауым­дастықтардың (одақтардың) өкілдері кіреді;

8) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажет­­тіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәти­жесі жоқ қызмет;

9) Қордың ұйымдары – дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Қорға тікелей немесе жанама тиесілі заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (қа­тысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы әрбір келесі заңды тұлғаға меншік немесе сенімгерлік басқару құқы­ғымен тиесілі болатынын білдіреді;

10) офтейк-келісімшарт – құны, саны (көлемі) және беру мерзімдері бойынша алдын ала келісілген талаптармен өнім беруші болашақта өндіруді және оны беруді қамтамасыз етуді жоспарлап отырған тауарды беруге тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында жасалған шарт;

11) сатып алу – тапсырыс берушілердің осы Заңда, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәр­тіп­пен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қыз­меттерді ақылы негізде сатып алуы;

12) сатып алу веб-порталы – осы Заңға және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуды электрондық форматта өткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

13) сатып алуға қатысушы – тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші, өнім бе­руші және электрондық сатып алу ақпараттық жүйе­сінің операторы;

14) сатып алуды бақылау жөніндегі орталық­танды­рылған қызмет – акционері ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компа­нияны қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның қызметі, сон­дай-ақ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі;

15) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары – ретте­летін қатынастар саласына қарай:

Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган бекітетін, Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт;

Қор және Қордың ұйымдары үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қордың директорлар кеңесінің шешімімен бекітілетін Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын жүзеге асыру тәртібі (бұдан әрі – Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібі);

16) сатып алуды ұйымдастырушы – тапсырыс беру­шінің лауазымды адамы немесе құрылымдық бөлімшесі не сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін орын­дауға жауапты болып айқындалған заңды тұлға;

17) сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы – сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып құратын алқалы орган;

18) сатып алу жөніндегі сарапшы – өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнаулы және (немесе) тиісті техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар, сатып алуды ұйым­дастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін тар­татын жеке тұлға;

19) сатып алу саласындағы уәкілетті орган – ква­зимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің са­тып алуы саласында басшылықты, сондай-ақ сала­ара­лық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

20) сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заң­намасына және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жасалған азаматтық-құқықтық шарт;

21) тапсырыс берушілер – квазимемлекеттік сектор­дың жекелеген субъектілері;

22) тауарлар – нәрселер (заттар), оның ішінде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәріз­дес күйдегі шикізат, электр және жылу энергиясы, зият­керлік меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақ­стан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу-сату мәмілелерін жасасуға болатын заттық құқықтар;

23) тендерлік комиссия (аукциондық комиссия) – сатып алуды тендер (аукцион) тәсілімен өткізу рәсімін орындау үшін сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

24) Ұлттық әл-ауқат қоры (бұдан әрі – Қор) – ұлттық бас­қарушы холдинг;

25) электрондық дүкен – сатып алу веб-порталымен интеграцияланған, сатып алуды жүзеге асыру қағи­даларында айқындалған тәртіппен сатып алуды өткізуді қам­тамасыз ететін ақпараттық жүйе;

26) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы – қарым-қатынас саласына қарай:

Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квази­мемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін – сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, өкілеттіктері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқын­далатын заңды тұлға (заңды тұлғалар);

Қор және Қордың ұйымдары үшін – Қор айқындаған, өкілеттіктері Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәрті­бінде айқындалатын заңды тұлға.

3-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы

  1. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің, осы Заңның нормаларынан және Қазақстан Рес­публикасының өзге де нормативтік құқықтық акті­лерінен тұрады.
  2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары

Сатып алу:

1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

2) өнім берушілердің коммерциялық құпияға құқық­тарын және (немесе) заңды мүдделерін сақтай отырып (тендер қорытындылары шығарылғанға дейін) сатып алу проце­сінің ашықтығы мен бүкпесіздігі;

3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсеке­лес­тік, сатып алуға қатысушылар арасында сөз байласуға жол бермеу;

4) сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі;

5) сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу;

6) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақ­стан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт­тарға қайшы келмейтіндей шамада қолдау көрсету;

7) инновациялық және жоғары технологиялық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

8) осы Заңда көзделген жағдайлардан басқа, әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

9) сатып алынатын тауарлардағы зияткерлік меншік объек­тілеріне құқықтарды сақтау қағидаттарына негізде­леді.

5-бап. Сатып алу процесі

  1. Сатып алу процесі мыналарды қамтиды:

1) сатып алу жоспарын (алдын ала, жылдық, ұзақ мер­зімді) әзірлеу және бекіту;

2) өнім берушіні таңдау және онымен шарт жасасу;

3) шартты орындау.

  1. Сатып алу процесі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алу санаттарын басқару және қорларды басқару рәсімдерін де қамтуы мүмкін.
  2. Сатып алу, осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатып алу веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

6-бап. Сатып алуды жоспарлау

1.Сатып алуды жоспарлау тиісті бизнес-жоспарлар және (немесе) бюджеттер және (немесе) даму жоспар­лары және (немесе) жөндеу жүргізу жоспарлары және (немесе) өндірістік бағдарламалар және (немесе) инвес­тициялық бағдарламалар және (немесе) мемлекеттік тап­сыр­маны орындауға арналған шарттар негізінде жүзеге асырылады.

2.Сатып алу жоспары (алдын ала, жыл­­дық, ұзақ мерзімді) сатып алу веб-порталын­да жарияланады.

3.Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көз­делген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы біртекті емес тауарларды, жұ­мыстар мен көрсетілетін қызметтерді – біртектілігі бойынша, біртекті тауарларды – біртекті тауарлардың түрлері бойынша және беру орындары бойынша, бір­текті жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді олардың орындалған, көрсетілген орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

  1. Бірдей тауарлар тізбесі бойынша бағаларды жос­пар­лау:

1) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес – Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квази­мемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін;

2) Қор айқындаған тәртіппен – Қор және Қордың ұйымдары үшін айқындалатын бағалардың жол берілетін ауытқуы шегінде жүзеге асырылады.

Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін бірдей тауарлардың тізбесін сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Қор және Қордың ұйымдары үшін бірдей тауарлардың тізбесін Қор айқындайды.

  1. Сатып алу жоспарын әзірлеу және бекіту, оған өзге­рістер енгізу тәртібі мен мерзімдері сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

7-бап. Сатып алуға қатысуға байланысты шек­теу­лер

  1. Әлеуетті өнім беруші, егер:

1) әлеуетті өнім беруші немесе оның қосалқы мердігері (бірлесіп орындаушысы) не консорциумға қатысушы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысу­шылардың тізілімінде және (немесе) сатып алуға жосы­қсыз қатысушылардың тізілімінде және (немесе) Қордың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілердің) тізбесінде және (немесе) өздеріне қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген борышкерлер тізімінде тұрса;

2) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдас­тыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) және (немесе) олардың басшысы және (немесе) құрылтайшылары (акционерлері) терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне немесе жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген болса;

3) әлеуетті өнім беруші тіркелген жері салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкі­летті мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттердің тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлға болып табылса, өткізі­летін сатып алуға қатысуға құқылы емес.

  1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген әлеуетті өнім берушілермен шарт жасасуға жол берілмейді.

8-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

  1. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талап­тары сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ай­қындалады.
  2. Әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптарына өзі­нің сәйкестігін растау үшін сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.
  3. Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім беруші сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында бел­гіленген біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсы­натын нақ сондай құжаттарды не Қазақстан Респуб­ликасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушінің білік­тілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсы­нады.

9-бап. Әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің

анық емес ақпарат беруінің салдарлары

  1. Сатып алу процесінде анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер сатып алу­ды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіп­пен сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне, Қор­дың сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім беру­шілерінің) тізбесіне енгізіледі.
  2. Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші беретін ақпараттың анықтығын тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, сатып алу саласындағы уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында анықтауы мүмкін.
  3. Әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің анық емес ақпарат беру фактісін анықтаған сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет, сатып алу саласындағы уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы:

1) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шы­ғарылғаннан кейін анықталса, тапсырыс берушіні;

2) егер мұндай факт сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін анықталса, тапсырыс берушіні, сатып алуды ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

10-бап. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізі­­лімі

  1. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілі­мі элек­трондық сатып алу ақпараттық жүйесінде қалыптас­тырылады.
  2. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

1) жеңімпаз деп айқындалған, бірақ шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

2) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

3) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндет­темелерін орындамаған не тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің шарт жасасудан жалтарған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде осындай әлеуетті өнім беруші туралы мәліметтерді сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметке жіберуге міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы бұзушылық фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, сотқа осындай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің шарт­ты бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, өнім беруші тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеген және ол шарттық міндеттемелерді толық орындаған жағдайларды қоспағанда, сотқа осындай өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге міндетті.

  1. Келісу комиссиясы әлеуетті өнім берушінің жол­данымын қарайды және әлеуетті өнім берушіні сатып алу­ға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару немесе мерзімінен бұрын шығарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
  2. Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) тар­мақшасында көзделген жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешімі;

осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қалыптастырылады.

  1. Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің

1) тармақ­шасында көзделген негіз бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер оларды сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

Осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осындай әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

Сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен шығару үшін мыналар негіздер болып табылады:

1) осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзімнің өтуі;

2) әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;

3) келісу комиссиясының әлеуетті өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мерзімінен бұрын шығару туралы шешімі.

  1. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.

11-бап. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері

  1. Сатып алу:

1) тендер;

2) аукцион;

3) баға ұсыныстарын сұрату;

4) бір көзден алу тәсілдерімен;

5) тауар биржалары арқылы;

6) электрондық дүкен арқылы;

7) холдингішілік кооперация шеңберінде жүзеге асырылады.

  1. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәсілдермен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
  2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақша­ларында көзделген тәсілдермен сатып алу сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес алдын ала біліктілікті ірік­теу қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
  3. Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген тәсілмен сатып алу Қор және Қордың ұйымдары сатып алуды жүзеге асырған кезде қолданылмайды.
  4. Осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көз­делген сатып алу тәсілі сауда қызметін реттеу сала­сындағы уәкілетті орган бекіткен биржалық тауарлар тіз­бесіне қолданылады.
  5. Осы баптың 1-тармағының 7) тармақшасында көзделген сатып алу тәсілі Қордың және Қор ұйым­дарының сатып алуына ғана қолданылады.
  6. Сатып алуды жүзеге асыру тәсілін тапсырыс беруші осы Заңға, сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындайды.
  7. Сатып алуды жүзеге асыру кезінде:

1) мынадай:

негізгі (орнатылған) жабдықты қосымша жинақтау, қосымша жарақтау, біріздендіру немесе оның қолда

бар тауарлармен, жұмыстармен және көрсетілетін қызметтермен үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ одан әрі техникалық қолдап отыру, оған сервистік қызмет көрсету және жөндеу, оның ішінде жоспарлы жөндеу (қажет болған кезде) үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

егер Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібіне сәйкес әзірленген және бекітілген сатып алу санаттық стратегиясында өзгеше көзделуі;

тапсырыс берушінің өнім беруші ретінде Қазақстан Республикасының бейрезидентімен өзі жасасқан шарт бойынша міндеттемелерді орындауы үшін тауар­ларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу және осы шартта тауар белгілеріне, қызмет көр­сету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пай­далы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шыға­рылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сон­дай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көр­сетілетін қызметтердің жекелеген әлеуетті өнім беру­шіге не өндірушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де мәліметтерге және (немесе) құжаттарға тиісті нұсқау­лардың болуы жағдайларын қоспағанда, тендерлік құжат­тамада (аукциондық құжаттамада) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге не тендер­лік құжаттамада (аукциондық құжаттамада) немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта сатып алынатын тауар­лардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жеке­леген әлеуетті өнім берушілерге тиесілілігін айқын­дайтын сипаттамаларға нұсқау жасауға;

2) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көздел­меген жағдайларда сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға;

3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көздел­меген негіздер бойынша әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстарды орындау бойынша қосал­қы мердігерлерді не қызметтерді көрсету бойынша бір­лесіп орындаушыларды біліктілік талаптарына және (немесе) тендерлік құжаттаманың (аукциондық құжат­таманың) талаптарына сәйкес келмейді деп тануға;

4) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көздел­ген жағдайларды қоспағанда, сатып алуды жүзеге асы­ру кезінде біртекті емес тауарларды, жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтерді – біртектілігі бойынша, біртекті тауар­ларды – біртекті тауарлардың түрлері бойынша және беру орындары бойынша, біртекті жұмыстарды, көр­сетілетін қызметтерді олардың орындалған, көрсетіл­ген орны бойынша лоттарға бөлмеуге;

5) сатып алу бойынша сараптама комиссиясының не сатып алу жөніндегі сарапшының тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның) заңсыз шешім қабылдауына негіз болатын көрінеу жалған сараптамалық қорытынды дайындауына;

6) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көздел­меген жағдайларда бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға;

7) әлеуетті өнім берушіден тендерлік құжаттамада көздел­меген құжаттарды ұсынуды талап етуге жол берілмейді.

12-бап. Шартты жасасу және орындау

  1. Шартты жасасу және орындау осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сатып алуды жү­зеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
  2. Шарттың тараптарына қатысты тепе-теңдік негізде шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісін­ше орындамағаны үшін жауаптылық көзделуге тиіс.

Шартта тауарлардың берілгені, жұмыстардың орындалғаны не қызметтердің көрсетілгені үшін осы шарт­ бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде толық ақы төлеу тура­лы талаптар қамтылуға тиіс.

  1. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көздел­ген жағдайларда тараптардың өзара келісуі бойынша шарт­­тың жобасына не жасалған шартқа өзгерістер ен­гізуге жол беріледі.
  2. Шарттың жобасына не жасалған шартқа өткізілетін (өткізілген) сатып алу талаптарының мазмұнын өзгертуі мүмкін өзгерістерді енгізуге жол берілмейді.

5.Офтейк-келісімшарттарды Қорды және Қордың ұйым­дарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жасайды.

Офтейк-келісімшарттарды Қор және Қордың ұйымда­ры Қор айқындаған тәртіппен жасайды.

Жасалған офтейк-келісімшартқа сатып алу көлемін азайту және келісімшарттың бағасын төмендету бойынша өзгерістерді біржақты тәртіппен енгізуге жол берілмейді.

13-бап. Сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті

Сатып алу саласындағы уәкілетті орган:

1) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квази­мемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарын айқындайды;

2) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квази­мемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу веб-порталдарының жұмыс істеу, оның ішінде веб-пор­талдар жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;

3) сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес сатып алуға қатысушылардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратады;

4) сараптамалар және консультациялар жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың мамандарын тартады;

5) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін сатып алу мәселелері бойынша, оның ішінде тиісті сала­лардың уәкілетті органдарымен келісу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;

6) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы саласында тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;

7) Қордың сатып алуын бақылау жөніндегі орталық­тандырылған қызметті қоспағанда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет жүзеге асыратын бақылау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

8) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъек­тілерінің сатып алуды жүргізуі кезінде әкімшілік құқық бұзу­шылықтар туралы істерді қозғайды және қарайды және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жазалар қолданады;

9) Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін офтейк-келісімшартты жасасу және орындау тәртібін бекітеді;

10) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісім­шартты жасасу және орындау тәртібін келіседі;

11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң­дарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

14-бап. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъек­тілерінің сатып алу саласындағы құзыреті

  1. Қор Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу мәселелері бойынша бақылауды және әдістемелік бас­шылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
  2. Қор мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталын айқындайды;

2) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу веб-порталының жұмыс істеу, оның ішінде веб-портал жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда жұмыс істеу қағидаларын бекітеді;

3) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алу сала­сындағы тізілімдерді, тізбелерді қалыптастыру және жүр­гізу қағидаларын бекітеді;

4) Қордың және Қор ұйымдарының офтейк-келісім­шартты жасасу және орындау тәртібін бекітеді;

5) Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақы­лау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің функ­цияларын жүзеге асыратын Қордың құрылымдық бөлім­шесін айқындайды;

6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қордың жарғысында және Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібінде белгіленген өзге де өкі­леттіктерді жүзеге асырады.

  1. Қордың Директорлар кеңесі:

1) Қордың сатып алуын жүзеге асыру тәртібін бекі­теді;

2) Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларын бекітеді.

  1. Тапсырыс берушінің не сатып алуды ұйымдас­тырушының бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары немесе өзге де басшысы сатып алу жөніндегі комис­сияның төрағасы болып тағайындалады.

15-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау

  1. Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъекті­лерінің осы Заңның талаптарын және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын сақтауын бақылауды сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет және сатып алу саласындағы уәкілетті орган жүргізеді.
  2. Қорды және Қордың ұйымдарын қоспағанда, ква­зимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет өз жұмысында квазимемлекеттік сектор субъек­тісінің директорлар кеңесіне есеп береді, ол са­тып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қыз­меттің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін, жұмыс тәр­тібін айқындайды, оның басшысын тағайындайды және өкілеттігін тоқтатады, оның жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен өзге де шарттарын айқындайды.

Қордың және Қор ұйымдарының сатып алуын бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет тікелей Қордың басқармасына бағынады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі Қордың сатып алуын жүзеге асыруына бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.

  1. Мыналар бақылау объектілері болып табылады:

1) тапсырыс беруші, сатып алуды ұйымдастырушы, тен­дерлік комиссия (аукциондық комиссия), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы, сатып алу жөніндегі сарапшы;

2) өткізілетін сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орын­дау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтерді көр­сету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тар­татын тұлғалар;

3) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы.

  1. Сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақ­талуына бақылау жүргізуге мыналар негіз болып табылады:

1) тендерге не аукционға қатысатын (қатысқан) әлеует­ті өнім берушінің немесе өнім берушінің не оның уәкілетті өкілінің тапсырыс берушінің, сатып алуд­ы ұйымдастырушының не тендерлік комиссияның (аук­циондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, сатып алу жөніндегі сарапшының, элек­трондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әре­кеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жазбаша жолданымы не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымы;

2) құқық қорғау органдарының келіп түскен қау­лылары;

3) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің тексеру жүргізу жоспары.

  1. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталық­тан­дырылған қызмет бақылау нәтижелері бойынша сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзушылықтарды анық­таған кезде бақылау объектісіне:

1) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, бұзушылықтарды жою тура­лы орындалуы міндетті хабарламаны;

2) анықталған бұзушылықтарды және олардың туындау себептерін жою жөніндегі ұсынымдарды қамтитын, орындалуы міндетті жоспарлы тексеру актісін жібереді.

  1. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау объектісінің қылмыс­тық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар әрекетті (әрекетсіздікті) жасау фактісі анықталған кезде сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.
  2. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтан­ды­рылған қызмет бұзушылықтарды жою туралы хабар­ламаны жіберген жағдайда, бақылау объектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтарды осындай хабарлама табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жоюға міндетті.
  3. Бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзу­шы­лықтарды жою туралы хабарлама осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда, сатып алуды бақылау жөніндегі орталық­тан­дырылған қызмет материалдарды сатып алу саласындағы уәкілетті органға береді.

16-бап. Тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдас­тырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне, сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің шешіміне шағым жасау

  1. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйым­дастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комис­сияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші, өнім беруші олардың әре­кеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
  2. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдас­тырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші өтінімдер, баға ұсыныстары ашылған күнге дейін олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
  3. Егер тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдас­тырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйесі операторының әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім берушінің құқықтарын және (немесе) заңды мүдделерін бұзса, сатып алуға қатысқан әлеуетті өнім беруші сатып алу қорытындылары туралы хаттама жарияланған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде олар­дың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасауға құқылы.
  4. Тендерлік комиссия тендер нәтижелерімен келіс­пеген әлеуетті өнім берушінің жолданымына уәжді шешім ұсынуға міндетті.
  5. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағ­дайларда, шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
  6. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдер өткен соң тапсырыс берушінің, сатып алуды ұйымдастырушының, тендерлік комиссияның (аукциондық комиссияның), сатып алу жөніндегі сарапшының, сатып алу жөніндегі сараптама комис­сиясының, электрондық сатып алу ақпараттық жүйе­сі операторының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), ше­шім­деріне сатып алуды бақылау жөніндегі орта­лықтандырылған қызметке шағым жасау Қазақстан Респуб­ликасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
  7. Әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес сатып алу веб-порталы арқылы берілуі мүмкін.
  8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгі­лен­ген мерзімдерде келіп түскен шағымды қарау нәти­желері бойынша сатып алуды бақылау жөнін­дегі орталықтандырылған қызмет сатып алу қорытын­дыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау не олардың күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Сатып алу қорытындыларының күшін жою және (немесе) оларды қайта қарау қажеттілігінің жоқты­ғы туралы тұжырымдарды қамтитын, сатып алу қорытын­дыларының күшін жоюдан және (немесе) оларды қайта қараудан бас тарту туралы уәжді негіздемесі бар шешім осындай шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде өтініш берушіге жіберіледі.

  1. Сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтанды­рылған қызметтің осы баптың 8-тармағына сәйкес қабылданған шешімімен келіспеген жағдайда, әлеуетті өнім беруші оған сотқа шағым жасауға құқылы.

17-бап. Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасының талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

18-бап. Сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі

  1. Мәліметтері мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқын­даған, таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қор­ғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда және сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу жүзеге асырылады.
  2. Ерекше тәртіп сатып алуды жүзеге асыру қағида­ларында айқындалады.
  3. Ерекше тәртіп қолданылатын сатып алу сатып алу веб-порталы пайдаланылмай жүзеге асырылады.

 

19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

 

Осы Заң, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 4-тармағын қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті

Қ. ТОҚАЕВ

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 8 маусым  

№ 47-VІI  ҚРЗ