Алайда өз ортамызда да айтулы ғалымдар аз емес. Тіпті тұқым шарушылығы саласы бойынша ашқан жаңалығымен әлем ғалымдарының аузын аштырып, қасын кергізген жерлестеріміз жетерлік. Олардың өндіріске енгізген жаңа сұрыптары әлі күнге дейін сұраныста. Яғни отандық ғылымның дүниежүзілік талапқа сай өнім түрін ұсына алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Өкініштісі, білікті ғалымдардың нағыз дер шағында ортамыздан кетіп жатқаны. Жақында өмірден өткеніне жыл толатын Бақытжан Қалыбаев сондай жан еді.
Бақытжан Сақбайұлы 1956 жылы 21 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген болатын. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына 1972 жылы түсіп, 16 жасында студент атанды. 1977 жылы институтты үздік бітіріп шыққан соң, сол жылы Қазақ мал азығы өндірісі және жайылым шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында қызметтік жолын бастады. 1978 жылы Красноводопад мемлекеттік селекциялық стансасына кіші ғылыми қызметкер болып орналасып, тәжірибесі толыққан соң 1981 жылы Қазақтың Вильямс атындағы егіншілік институтына қызметін ауыстырды.
– Бұрынғыша айтқанда, КИЗ – ғалымдардың қайнап жатқан ордасы еді ғой. Бақытжан Сақбайұлы аты аңызға айналған ғалым Рақым Алмабекұлы сияқты қазақтың ірі тұлғасымен бірігіп, бірнеше сортты шығаруға атсалысты. Тегі, Бақытжанның ғылымға қосқан үлесі айтарлықтай. Ол – бүгінде өндірісте егіліп жүрген күздік бидайдың «Наз», «Сапалы», «Юбилейный 60», «Алмалы», тритикаленің «Таза», қант қызылшасының «Тараз және Шекер» сорттарының халықаралық деңгейде паттентелуіне еңбек еткен әрі авторының бірі. 2013 жылы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талдықорған филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Ол 2018 жылға дейін өзіне тапсырылған жауапты қызметті жоғары деңгейде атқарды. Әріптестері ғалымның осы еңбегін ескеріп, Бақытжанның құрметіне бидайдың жаңадан шыққан жоғары өнімді бір сортына «Память Бақытжана» деген атау беріп, ол сорт бүгінде мемлекеттік сынау комиссиясына тапсырылды, – дейді ғалымның әріптесі, биология ғылымдарының докторы, академик Мұхтар Құдайбергенов.
Бүкіл саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы ісіне арнап, халық үшін адал қызмет атқарып, азаматтық биіктен көрінген, қоғамға адал еңбегі сіңген ғалым Бақытжан Сақбайұлының азаматтық, әкелік қамқорлығы да оның әріптестері мен достары үшін үнемі үлгі бола білген екен.
– Досымыз отбасында төрт бала тәрбиелеп, оларды қатардағы азамат деңгейіне көтерді. Барлығы жоғары білімді, елге танымал, үлгілі отбасы болды. Бақытжан жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаратын. Жиын-терімнің қайнап жүріп жатқан кезі. Сол кездегі басшылардың Бақытжанға бір емес, үш жұмысты тапсыруына байланысты, сол жұмыстарды тиянақты атқарып жүрді. Біресе егістік басына шапқылап, орып жатқан комбайнның соңынан өзі жүрді. Бидай сұрыптарының араласып кетпеуін бақылап, қоймада қай жерге төгілуін қадағалады. Бидай сорттарының өз аттарымен сақталып қалуына ықпал жасады. Бұл қаншама ғылым докторы болған ағаларының, апаларының және де қаншама ғалымдардың ұзақ жыл бойы маңдай терімен шығарылған сұрыптары еді. Жылдар бойы көз майын тауысып жасаған еңбектерін бағалау деген – адамдықтың белгісі. Мұндай еңбектің қадірін осы жолмен өткен адам ғана түсінеді, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Әйіп Ысқақов.