Білім • 10 Маусым, 2021

Ауыл мектептері жабылып жатыр

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақбауыр – қазақтың жүздеген, мүмкін, мыңдаған шағын ауылдарының бірі. Оның қызығы, үміті әрі сүйеніші – жалғыз негізгі мектебі. Жылда «жабыладымен» өмір сүріп келеді. Ертеңге сенімі жоқ ауыл жұрты қалаға көшуде: ішінде үлкені де бар, туған жеріне берері көп азаматтар бар, бала-шағасымен. Бұл бір ауылдың, біздің Ақбауырдың басындағы жағдай ма?! Мәселе – осында...

Ауыл мектептері жабылып жатыр

Жыл сайын барлық облыс­та (оңтүстік өңірлерден басқасында) ауыл мектептері жабылып, қазақ­тың кең даласы бос қалып жатыр. Өкінішке қарай, 2000 жылдардан бастап ауылға қатысты саясат түбегейлі өзгерді. Ауылдар – болашағы бар, болашағы жоқ деп екіге бөлінді. Болашағынан үміт күтуге болатындарға ке­мін­де 2 мың халқы бар аудан ор­­­талықтары, темір жол ма­ңын­­­да шоғырланған әрі өн­ді­рісі бар ауылдар енгізілді. Не­гі­­зі­­нен, осы аталғандардың ин­фра­құрылымдарын дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Мақсат – елді мекендерді ірілендіру, ха­лық­ты қалаларға тарту, қара­жатты икем­ді пайдалану. Ауыл адамы қалаға көшпесін деген ниеттен аулақпыз, бұл үрдіс қа­ланың қа­зақылануына, қазақ өр­кениетінің да­муына әсер ете­тіні белгілі.

Мәселе мынада: ту­ған ауы­лында қалып, еңбек ет­­кісі ке­ле­тін, балаларын ауыл­да оқытып, тәрбие беріп, ата­қонысқа ие болып қалғысы ке­летін жандар баршылық. Әрі бір бала­сы – қалада, бірі – ауыл­да тұ­рып, бірін бірі өмір сүру са­па­сы­мен, тіршілік жағдайымен то­лықтырып отырғандары бар, бұл – жағымды құбылыс. Бірақ шағын ауылдарға жете көңіл бө­лінбегендіктен, олардың бола­шағына балта шабылуда. Ең бас­тысы – Ұлы дала деп аталатын кеңістігіміз жалаңаштанып жатыр. Ұлы даланың көрінісі – ондаған ірі фермерлік шаруа­шылықтарда ғана емес, оның бей­несі – мыңдаған қазақы кі­шігірім ауылдарда. Бо­лашақта «бос жат­қан жер» деген ұғымның бол­майтыны – ақиқат; ал оның бола­шақ қожайыны кім болады – міне, жаныңның қиналатын жері де осы.

Ұлттың осындай қастерлі ме­­кенін қалай сақтап қалу керек? Не істеу керектігін Үкімет, жергілікті органдар бізден жақсы біледі, ол дегеніміз жол, байланыс, денсаулық пен білім беру, жалпы әлеуметтік-тұрмыстық мә­се­лелерді шешу. Маңыздысы – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен тапқан өнімдерін, алысқа сапарламай, өткізе алуы; ешкімге жалынбай, техникасының сервис­тік қызметпен қамтамасыз етілуі. Бұның бәрі қаражатқа әрі шебер ұйымдастыра білуге келіп тіреледі. Бірақ жоғарғы деңгейдегі органдар ауыр да күрделі іске басын ауыртқысы келмейтін сы­ңайлы, соның бірі – мектеп мә­селесі.

Қоғам, әрине үнсіз емес, әсі­ресе, ауыл мектебіне қатысты. Пар­­ламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ауыл шаруа­шы­­лығының ардагерлері мен қа­ра­пайым ең­бек­керлері бұқа­ралық ақпарат құралдарында айтуын айтып, шы­рылдап-ақ жатыр. Таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде Да­риға Мұштанованың мынадай сөздері басылды: «Кө­ңілді күпті қылып тұрған не мәселе? Ол – мектеп! Ең жанды жер. Ауылды оба жасағың келсе, мектебін құрт. Бітті! Қалғаны өзі­нен өзі бытырап кетеді». («ЕQ», 21.04.2021). Бұл – көп­тің жанай­қайы.

Шындап келгенде, балалары аз, шағын комплектілі ауыл мек­тептерін сақтап қалуда жергілікті билік органдарының, білім беру мекемелерінің қолын байлайтын бір нәрсе бар. Ол – осыдан бі­раз жыл бұрын министрлер ка­бинетінің заңнамалық құжаты, мәні: негізгі мектеп үшін – 41, жал­пы орта мектеп үшін – 81 ба­ланың болуы.

Заман өзгерісте. Ауыл жағдайы басқаша. Оқушылар саны кемуде. Адамы азайса да, жердің қасиеті, оған деген мұқтаждық арта түседі. Ауыл жұрты да өзінің қолынан келгенін істеуде. Кейбір қабілетті әкімдердің, іскер азаматтардың арқасында сырттан көпбалалы от­басыларды көшіріп әкеліп, олар­ға жағдай жасап, мектебін сақ­тап қалғандар бар. Бірақ бә­рінің қолынан бұндай шаруа келе бермейді.

Мектепті айғай-шусыз шешу­дің, халықты әбігерге салмаудың жолы – аталған заңнамаға өз­геріс енгізу. Бірінші – негізгі және жал­пы орта мектептердің қыз­мет істеуі үшін қажетті балалар санын азайту. Екінші – өзгеріс ен­гізу әлі ертерек десе, аталған заң­наманың орындалуына тоқтау қою, яғни он-он бес жылға мораторий жариялау. Осы кезеңде ха­­лықтың да, үкіметтің де көзі же­тіп, түпкілікті бір шешімге келер еді.

Сонымен, сөзімнің басында атаған ауылыма келейін. Ол – Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Ақбауыр деген кәдімгі қазақы ауыл.

Ақбауыр – 1915 жылы Омбы генерал-губернаторлығының ше­­шімімен ауыл мәртебесін ал­ған елді мекен; мектебі 92 жыл бойы өмір сүріп келе жатқан ауыл. Аш­тық жылдары бірде-бір адамын қуғынға ұшыратпаған, керісінше, сырттан келген адам­дарға пана болған ауыл. Әрине, ұлтымыз тра­гедиялы өмір­ді басынан ке­шіп жатқан ке­зеңде бұны мақ­танышпен айта алмаймыз, бұл – бүкіл орманды өрт жалыны орап жатқанда, бір тал ағаштың ба­сында тағдырдың жазуымен аман қалған құстың ұясы іспетті. Бірақ деректің аты дерек. Есесіне, бір ауылдан Екінші дүниежүзілік соғыста 20-дан астам адамы боз­дақ атанса, 20-дан астамы жаралы, мүгедек бо­лып оралды. 15 жа­сында А.Байтұрсынұлының шығар­ма­ларын дәріптегені үшін, Алаш ардақтыларымен бір­ге түр­меге жабылған Асылбек Сүлей­менұлының, 300 жылдық ұс­­таздық династия құрған (келін, жиендерін қоспағанда) Нығ­­мановтар, академик Яхия Әубә­кіров оқыған, мектеп дирек­торы болған, қарапайым адамдардың адал еңбек еткен жері. Бұл ша­ғын тізімге жас та болса, бас болып жүрген, осы ауылдың тума­сы ай­тыс­кер ақын Дидар Қа­ми­ды да қосуға болады.

Биыл өзімнің қалауым әрі ауылымның тілегі бойынша, облыстық білім басқармасы бас­шы­сы­ның қабылдауында болып, мән-жайды түсіндіріп, негізгі мек­­­­тептің тұрақтануына жәр­дем сұрадым. Мекеме басшы­сының пікірі бойынша – ауыл бала­ла­рының білімі өте таяз. Бұлай деп кесіп айту, қазіргі оқыту тех­­но­логиялары дамыған заманда білім басқару органдарының әлсіздігі деп ойлаймын.

Сонымен, қыс айында рес­ми жауап берді, үзінді: «Ақ­ба­уыр негізгі мектебі бастауыш білім беру ұйы­мы ретінде... қа­рас­ты­ры­латын болады», «...лауазым­ды тұлғаларға немесе сотқа ша­ғым­дануыңызға құқығыңыз бар». «Түйе сұрап едім, бие бер­генінің» тәсілі. Сонда бас­қа жер­лердегі осы секілді мек­теп­терді жабуға шамасы келе ме? Жа­қын­да онлайн бойынша ше­шімін қайталады.

Мектепті жабу – бір сәттік ша­руа, ал оны қайта қалпына кел­тіру – өлген адамды тірілтумен пара-пар.

Ұлы даланың белгісі – оның сәулетті қалалары ғана емес, дә­уірлеп тұрған он шақты шаруа­шы­лығы ғана емес, сонымен қатар, оның мал-жанға толы сай-са­ла­сында, есік алдында қа­раң-құраң жүрген ойын баласында; оның болашағы – қара балада, қара жерде әрі қара сөзде. Үшеуі­нің бастарын қосатын, Абайша айтсаң – ілім, ілім негізі – ауылда, оның мектебінде.

 

Марат ТҮСІПОВ,

зейнеткер

Қарағанды облысы