Әлем • 10 Маусым, 2021

Албания президентіне импичмент жарияланды

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Албанияның парламенті мемлекет басшысы Илир Метаны қызметінен босатып, оған импичмент жариялады. Импичментті 104 депутат қолдап, жетеуі қарсы тарапта болған. Ал қалған үшеуі дауыс бермеді, деп хабарлайды Egemen.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Албания президентіне импичмент жарияланды

Импичмент мәселесі парламенттік тексеріс нәтижесінде Мета биыл сәуірде өткен парламенттік сайлау кезінде басқарушы ​​Социалистік партияға «біржақты көзқараспен» қарап, конституцияны бұзғанын анықтағаннан кейін басталды.

Бір топ социалистік парламентші ел президентіне қатысты тергеу жүргізуді талап етіп, көптеген жыл бұрын осы партиядан шығып кеткен Метаны елдегі тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықты үдетіп, сондай-ақ оппозициямен жақын қарым-қатынас орнатты деп айыптап отыр.

Енді алдағы үш ай аралығында оны қызметінен босату туралы шешімді Албанияның Конституциялық соты мақұлдауы тиіс. Десе де, президенттің өзі тергеу мен импичмент процесін сынға алып, оларды заңсыз деп баса айтты. Албаниядағы президент негізінен салтанатты функцияларды орындағынымен, тек сот жүйесінде және әскери салада ғана кейбір өкілеттігі бар.