Үкімет • 10 Маусым, 2021

Ералы Тоғжанов: Бизнес нысандарын Ashyq жобасына тартуды күшейту керек

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бизнес нысандарын Ashyq жобасына тартуды күшейту керектігін баса айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Ералы Тоғжанов: Бизнес нысандарын Ashyq жобасына тартуды күшейту керек

«Жалпы елдегі эпидемиялық жағдай тұрақты. Бұған қабылданып жатқан кешенді шаралар, оның ішінде халықты вакциналау оң ықпал етуде. Бүгінде өңірлер вакцинамен толықтай қамтамасыз етілген. Республика бойынша күн сайын 68 мыңнан аса адам вакцина алып жатыр, оның ішінде бірінші компонент 44 мың», деді Е. Тоғажанов.

Осы орайда ол өңір әкімдіктеріне тиісті тапсырмаларды беру керектігін атап өтті.

«Біріншіден, өңірлер халықты вакциналау қарқынын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Бұл бағыттағы жұмысты әкімдер жеке бақылауына алуы тиіс. Екіншіден, бизнес субъектілерін Ashyq жобасына тартуды күшейту керек. Үшіншіден, «Атамекен» ҰКП-мен бірге Ashyq жобасына қосылған кәсіпкерлер арасында қабылданған талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлік субъектілер тарапынан қызметін заңсыз жүргізуді болдырмау мақсатында да мониторинг топтарының жұмысын күшейтудің маңызын айтты.

Алдыңғы ақпараттарымызда хабарлағандай, Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайтуы қажет екенін, әсіресе, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудің маңызын айтты. Барлық деңгейдегі әкімдерге вакцинация мәселесін жеке бақылауға алуы тапсырыды.