Аймақтар • 10 Маусым, 2021

Павлодарлық ғалымдар репрессиялар туралы жабық қорлармен жұмыс істейді

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар облысының орталығындағы Достық үйінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz  өңірлік баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодарлық ғалымдар репрессиялар туралы жабық қорлармен жұмыс істейді

ҚХА Павлодар облыстық филиалының мәліметі бойынша, өңірлік комиссия мүшелері мен оның жұмыс топтары жазықсыз құрбандарды ақтау мәселелерін талқылады. 

Өңірлік комиссия төрайымы – облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова бірінші отырыста берілген тапсырмалардың орындалуына сәйкес, тарихшы ғалымдар, мұрағатшылар және өлкетанушылар енгізілген бес бағыт бойынша жұмыс топтары құрылғанын атап өтті. 

«Басты міндет – жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін анықтап, олар туралы егжей-тегжейлі ақпарат жинау. Зерттеу жұмыстрының қорытындылары бойынша материалдар өңірлік комиссияның қарауына енгізілетін болады», деді Айзада Құрманова.

Өңірлік комиссия мүшесі, ақын, өлкетанушы, «Ақбеттау» журналының шығарушы редакторы Сайлау Байбосынның айтуынша, қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген қоғам қайраткерінің есімдері ұмытылып барады.

«Осындай саяси қайраткерлердің бірі – жерлесіміз Рахымжан Жаманқұлов. Ол Баянауыл ауданында дүниеге келген. Павлодар педтехникумын бітірген. Өткен ғасырдың 30-жылдары «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды. Тұтқынға алынып, ату жазасына кесілгенге дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы болып қызмет еткен», деді Сайлау Байбосын.

Айзада Құрманова әдіснамаға сәйкес жұмыс топтарының бірінші кезектегі міндеті ақталмаған қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін анықтау болып табылатынына назар аударды. 

«Осы мақсатта облыстың арнайы органдарының ведомстволық мұрағаттарында жұмыс жүргізу үшін жұмыс топтарының бес мүшесіне №2 нысан бойынша рұқсатнама ресімделді. Олар репрессиялар туралы істердің жабық қорларымен жұмыс істейтін болады. Зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша барлық материалдар мен жұмыс топтарының қорытындылары мемлекеттік комиссияның қарауына берілетін болады», деді өңірлік комиссия төрайымы.

Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшысының орынбасары жұмыс топтарының мүшелеріне өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргіндер мен аштыққа байланысты Павлодар облысының тарихи естеліктер орындарына кешенді экспедиция жұмысын жалғастыруды және зерттеу жұмыстарының материалдарын өңірлік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына «ERTIS» мультимедиялық мұражайында саяси қуғын-сүргінге байланысты оқиғаларды бейнелейтін экспозиция залының тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.