Жиынға Семей қаласы мен Абай ауданының зиялы қауымөкілдері, ғалымдар мен ардагер-ақсақалдар қатысты. Келелі кездесуде сөз алған профессор, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, профессор Зейнолла Тоқаев, Абай ауданының құрметті азаматы Жақсыбек Екібаев және Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай Кәмен Оразалиннің өмірі мен шығармашылық жолына кеңінен тоқталып өтті.
– Кәмен Оразалин Абай ауданындағы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында дүниеге келген, -деді профессор, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, -кейінірек білімін жетілдіре түсу үшін Семей қаласына ауысып, 1936 жылы Жаңа Семейден 7 жылдық мектепті аяқтайды, одан кейін 1939 жылы Семей қаласындағы № 11 мектептің 10-шы сыныбын тәмәмдап, орта білім алып шығады. Кәмен аға мектепте оқып жүргенде-ақ, баспа беттерінде өлеңдері шыға бастайды. Семей облыстық «Екпінді» газетінде 1938 жылы «Күзетте» деген алғашқы өлеңі, 1939 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 35 жыл толуына орай ұлы ақынға арнаған «Данышпан ақын» атты өлеңі басылады. 1939 жылы Кәмен Оразалин әскер қатарына шақырылып, Красноярск қаласындағы нөмірі 345-ші атқыштар полкінін жауынгері қатарына алынады. Арығарай 1941 жылы соғыс басталып, қан майданға аттанады. Жастайынан Абай өлеңдерің жаттап өсіп, оның өсиеттерінен үлгі-өнеге, тәлім алған Кәмен Оразалиннің негізгі басты еңбегі - заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың ғұмырнамасына, жазушылық жолына арнаған эпикалық шығармасы- «Абайдан соң» атты ІV томдық романдар (1972, 1987, 1989, 1995ж.) тетрологиясы және 1976 жылы шыққан «Абай ауылына саяхат» атты кітабы шықты.
– Мұхтар Әуезовке «Абай жолы» тарихи роман-эпопеясын жазуы барысында көптеген деректерді Абай елінен арнайы жинақтап берген да еңбегі бар, -деді жиынды ұйымдастырушы журналист, тарихшы-ғалым Раушан Нұғманбекова,-ал «Абайдан соңғы арыстар» кітабында Шәкәріммен кездесуі жайлы терең баяндалған. Ұлылардың көзін көрген Кәмен Оразалиннің өмірі Семей қаласымен тығыз байланысты болғандықтан, мерейтой аясында біз Семей қаласынан Абай ауданына шыға беріс жолдағы Селевин көшесін Кәмен Оразалиннің есіміне беру туралы ұсынысымызды айтып, қала басшылығына хат жолдадық.
«Абай дәстүріне адалдық» жиынына келген зиялы қауым мен музей ұжымы аталған ұсынысты бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді.