Президент • 11 Маусым, 2021

Халық сенім артқан тұлға

444 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының заң аясында ауысуы, нақты айт­қанда, Конституцияда бекі­тілген қағидаттарды ұс­тана отырып өтуі әлемге – Қазақ­стан Респуб­лика­сын өркениетті дамыған, саяси мәдениеті жоғары ел ретінде танытты.

Халық сенім артқан тұлға

Тәуел­сіз Қазақстанның негі­зін қалаушы және көшбас­шысы ретінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев­қа сенім артуы ба­тыл­­­дық, ерік-жігерімен қатар көре­гендігі, парасат­ты­­лығы мен қарымды қайрат­­кер­лігінің арқасында жүзеге ас­қанын уақыт дәлелдеп отыр.

2019 жылғы сайлауалды «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» бағдарламасында Пре­зидент Қ.Тоқаев осы ұста­нымы мен принциптерін 19 ба­ғыт­тан тұратын 106 шарамен нақ­ты белгілеген болатын.

Бұл ұстаным Қ.Тоқаевтың Тұң­ғыш Президенттің саяси стра­те­­гиясын ғана емес сонымен қа­тар оның әр сала бойынша қа­был­­­­да­ған шешімдерін, тұжырымдамаларын, мемлекеттік бағдар­ла­­ма­­лары­ның орындалуын да қам­титынын көрсетеді.

Президент билік пен халық арасын жақындатты. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру қолға алынды. Әрине өткен екі жыл Пре­зиденттің жеке басы үшін де, бүкіл мемлекет билігі жүйесі үшін де, төзімділік сынағынан өту кезеңі болды.

Тарихта Қазақстан Республи­касының екінші Президенті Қ.Тоқаев қызметінің басталуы коро­навирус індетімен күрескен кезең ретінде қалады ғой деп ойлаймын. Халыққа да, мемлекетке де ауыр тиген коронавирус пандемиясы басталысымен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы шұ­ғыл шаралар қабылдады. Дер кезін­де қолданыстағы заңнамаға өзге­ріс­тер енгізіп, төтенше жағдай жа­рия­­лап, үлкен қалаларды карантин­ге жауып, алғашқы толқынның алдын алатын шаралар жасады.

Пандемия кезінде әр отбасында, әрбір әулетте, бауыр, туыстар арасында осы қасіреттің зардабынан көзжұмғандар саны, өкінішке қарай, үрейімізді алып, елдің ең­сесі түсті. Осындай ең қиын, ең ауыр күндерде, Қасым-Жомарт Кемел­­ұлы пандемиядан қайтыс бол­­ған азаматтарды еске алу үшін 13 шіл­­дені Жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялап, тағы да өзінің ха­лық­пен бірге қайғырғанын, қа­быр­­ғасы қайысқанын көрсетті. Бұл ада­ми қасиеттің кемелдігі емес пе?!

Президенттің қызметіне ауыр сын болған тек коронавирус пан­демиясы ғана емес Арыс­тағы ала­пат апаттың да ауыртпалы­ғы түс­ті. Еске салатын болсақ, 2019 жылғы 24 маусым күні та­ңер­тең Арыс қаласындағы әске­ри қой­мадан шыққан өрт жарылыс­тар­ға ұласып, бір адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті. Мем­лекет басшысы оқиға орын ал­ған жерге алғашқы сәттерден бас­тап тиісті орындарға нақты тапсыр­ма­лар берді және өзі де апат ау­ма­ғы­на арнайы ұшып барып, жағ­дайды жеке қадағалауына алды.

Жарылыстан кейін Арыс қала­сын қалпына келтіру ісін өз қада­ғалауына алғаны Мемлекет бас­шысының халықпен бірге екен­дігін тағы да көрсетті.

2020 жылдың ақпанында Жам­был облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласқан сәтте де Қазақстан Президенті оқи­­ға орнына барды. Тікелей эфир­­ге шығып, мәлімдеме жасап, қаза болғандардың отбасына кө­ңіл айтты, зардап шеккендерге кө­мек көрсетілетінін баяндады. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен Үкімет комиссиясы құрылды. Үміт пен күдік сейілді. Ауданда қоғамдық келісім нығайтылды.

Сонымен қатар еліміздің әр жерінен бой көтерген әртүрлі әлеу­мет­тік наразылықтар, эконо­ми­калық проблемалар, теңгенің құнсыздануы секілді елдің мазасын қашырған жайттардың бар­лығында да Мемлекет басшысы батыл қадамға бара білді, өз мойнына жауапкершілік алып, шеші­мін тауып отырды.

 

* * *

Қасым-Жомарт Тоқаев өзі­нің Президенттікке үміткер бағ­дарламасында Елбасының сая­сатын сабақтастықпен жүр­гізетінін мәлімдеген болатын. 2019 жылғы 12 маусымда өткен пре­зи­денттік ұлықтау рәсімі кезін­де Қасым-Жомарт Кемелұлы Қа­зақ­­стан Республикасының Тұң­­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың стратегиясын жү­зеге асыру үшін жұмыс істе­й­ті­нін айтқан еді. Президент уәде­ге берік екенін танытты. Елді да­мы­­­ту мақсатында жаңа идея­лар­­дың бастамашысы болды. Бұл рет­тегі саяси бағыт ішінде Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бастамаларының ерекше орны айқын көрініп тұр.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сін құру бастамасы билік пен ха­лық арасындағы байланысты жаңа формаға көшіру, арадағы ал­шақ­тықты жақындатуға негіз­делді. Кеңестің міндеттеріне тұжырым­да­ма­лар­дың, мемлекеттік бағ­дар­­ламалардың және құқықтық нор­мативтік актілердің жобаларын, азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып, қоғамдық сараптамадан өткізу жұмысы кіреді. Соған орай, құрамына қоғамдағы өзек­ті мәселелерді көтерумен қатар, шешімін табатын, іске асы­ра алатын, көзқарасы мен өзін­дік пікірі қалыптасқан азаматтар кірген Кеңес аясында жалпы ха­лық­ты алаңдатқан біршама мәсе­ленің түйіні тарқатылды, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Бұл бағыттағы жалпыұлт­тық диалог бүгінгі таңда тек саяси жаңғырту жүйесі ғана емес, сонымен қатар демокра­тия­­лық мемлекет құру және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жалпыұлттық консенсус арқылы жүзеге асыру құралына айналып отырғаны сөзсіз.

Қазақстандық сарапшылардың ойынша, бүгінгі таңда Президент ұсынған бірінші саяси реформа­лар толық іске асырылды. Оның ішінде ең бастысы, 2020 жылы азаматтардың бейбіт және қару­сыз жиналу, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пи­кет өткізу бойынша консти­ту­ция­­лық құқығын іске асыру мақ­сатын­­да «Қазақстан Республи­касын­да бей­біт жиналыстарды ұйым­дас­­тыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабылданды.

Заң жобасы онлайн-алаңдарда, ЕҚЫҰ, USAID, БҰҰ Адам құқық­тары жөніндегі Жоғарғы Комис­сарының кеңсесі, адам құқықтары жөніндегі үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сияқты ұйымдардың араласуымен кеңінен талқыланды.

Аталған заң қабылданғаннан кейін пандемия шектеулеріне қарамастан, 2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, несие амнистиясы, шетелдіктерге жер сатуға тыйым салу, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс­тің кейбір нормаларымен келіс­пеу, саяси қудалауды тоқ­та­ту, жануарларды қорғау, сая­си ре­фор­малар­ды талап ету сияқ­ты тақы­рыптар бо­йынша ми­тинг­тер өткен болатын. Бұл атал­ған заңның өміршең­­ді­гін, халық тілегі орындалғаны­­ның көрінісі болды. Сонымен қатар қол­даныстағы заңнамаға сайлау пар­тияларының тізімдерін­де әйел­дер мен жастардың пар­тия­лық тізім­дерде кемінде 30% ұсын­ылуы­­на міндетті квота қарас­ты­рыл­ды. Бұл өзгерістер 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Парла­мент Мәжілісі мен барлық деңгей­дегі мәслихат депутаттарын сайлау барысында толығынан жүзеге асырылды.

Саяси реформаның екінші, үшінші пакетінде биылдан бастап ауылдық жерде әкім сайлауын өткізу қарастырылған. Олардың бастысы – аудан, ауыл әкімдерін сайлау, партиялардың сайлаудан өту шекті дауысты 7-ден 5 пайызға дейін төмендету және дауыс беру бюлетеніне «бәріне қарсымын» деген тармақты енгізу. Бұл да оңтайлы шешімін тапты. Президент тиісті заңға қол қойды.

Әрине Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ең үлкен ерлігі – ұзақ жылдар бойы күн тәртібінен түс­пей келе жатқан жер мәселесіне нүкте қоюы деп есептейді саясат­танушы­лар. Сонымен заңда жер шетел­діктерге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні, шекаралық жер­лерде ешбір шетелдік компаниялар жерге қатысты қызмет ете алмайтыны нақты жазылды. Жер кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Оған Президент қол қойды.

Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деген болатын.

Мамандардың айтуынша, Пре­­зиденттің қоғамдық пікірді тыңдай білуі және қоғам­ның әр­түрлі топтарының сұраныс­тары­на тез арада жауап беруі, оның мобильді қасиетін көрсетеді. Оң нә­ти­желердің болуы билік пен ха­лық­тың біртұтастығының көрінісі ретінде жақсы қабылданып жатыр.

Биліктің халыққа жасаған ең қажетті қамқорлығы – оның әлеу­меттік жағдайына үнемі қолдау көрсетуі, назарында ұстауы. Осы ба­ғыт­та экономикалық қиын ке­зең­де, мемлекет тарапынан халық­­тың тұрғын үй мәселесі мен ден­сау­лығын түзету барысында, аза­мат­тарға 2021 жылдан бастап зей­нет­ақы қорындағы жинақтың бір бө­лігін пайдалануға мүмкіндік бер­ге­ні ұтымды шаралардың бірі болды.

Мемлекет басшысының мәлім­де­месіне сәйкес, 2021 жылы бұл құқықты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салым­шысы пайдалана алады. Бұл іс-шара халықтың әл-ауқа­тын көтеріп қана қоймай, оның Үкіметке деген сенімін де арттыра түсті. Сонымен қатар мүге­­дектер мен көпбалалы отбасы­ларды әлеу­меттік қорғау шара­ларын кү­шейту, тұрғын үй мә­селесіне арнал­ған кезекте тұрған кезде жетім балалар мен ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­ла­­­ларға, астанада, республи­ка­­лық маңызы бар қалаларда ке­мін­де үш жыл тұрақты тұруға қо­йы­ла­тын талапты алып тастау­ды көз­дейтін, мүгедектігі бар адам­­дарға қолдау шараларын ба­ғыт­талған заң жобаларының Пар­ла­ментте қаралып жатқаны қуантады.

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету қоғам­ның жетілуінің, оның консоли­дациясы мен өміршеңдігінің ма­ңызды көрсеткіші. Осыған бай­ланысты инклюзивті қоғамдық ортаны қалыптастыру Мемле­кет бас­шысы осы жылдың ақпан айын­да Кеңестің отырысында жария­­лаған негізгі бастамалардың бірі болды. Әлемде қалыптасып келе жатқан практикаға сүйенсек, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қорғау жүйесі дәстүрлі мүгедектік түсініктен өмір сапасына қатысты жеке айырмашылықтарына аса мән беріліп, сонымен қатар жал­пыға бірдей құқықтардың син­тезіне көшуді талап етіп отыр.

Биыл Қазақстан Республикасы­ның Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл тек тарихи дата емес. Бұл тәуел­сіз Қазақстанның әлем­де өзін­дік орны бар мемлекет қата­рын­да тұрғанының айғағы. Прези­дент бұл тарихи оқиғаны тек мерей­той деп қабылдамауды, тағылым­дық мәні бар шараларға баса назар аударуды ұсынды. Халық­тың әлеуметтік жағдайы жақсар­маса, елдің тұрмысы түзел­месе, же­тіс­тіктерді мақтан етуге бол­майды деп жүрекке жылы сөз айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот жү­­йесіндегі реформалардың қо­ғам­ның соттарға деген сенімін нығай­ту үшін жасалып жатқанын қадап айтып жүр. Сот жүйесінің реформасы – мемлекетімізде көп­тен бері көтеріліп жүрген мәсе­лелер­дің бірі екені белгілі. Мем­лекет бас­шы­сының Қазақстан Рес­­пуб­ликасы судьяларының VIII съезін­де айтқан мәліметі бойынша, соңғы 5 жылдың ішінде соттың 17 өкілі сыбайлас жемқорлық фактісі үшін жауапқа тартылған. Сонымен қоса осы кезеңде сот қазылар алқасының шешімімен 29 судья теріс әрекеттері үшін жұ­мысынан босатылған.

Әділ, тәуелсіз сот – кез келген мемлекеттің демократиялық, құ­қықтық жүйесінің дамуының айқын көрсеткіші. Аталған реформа негізінде сот жүйесінің сапасы мен ашықтығы, азаматтардың заңды­лыққа қол жетімділігі қамта­масыз етілуі тиіс. Президент сот жүйесінен осыны талап етіп отыр.

Ойды ой қозғайды. Президент қызметінің екінші жылы мәресіне жетті. Көп мәселелердің жауабы та­был­ды. Оған өз ойымызды біл­дір­дік. Әлемдік және ішкі эконо­ми­ка­лық қиындықтарға қарамас­тан, Пре­зидент өз саясатын іскер­лікпен, ба­тыл­дықпен жүргізіп келеді.

Халық сынынан артық сын жоқ. Сол сыннан мүдірмей өтіп келе­ді, өте беруіне тілектеспін!

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі